ТРАНЗИТТІК ТАСЫМАЛ ДАМИДЫ | «Айқын» газеті
Атырау облысындағы Махамбет ауданында Тұңғыш Президент күніне орай жаңа көпір ашылды.
Қазақстандағы жаңа технологиямен салынған бірегей темірбетонды тірексіз алғашқы автокөлік көпірі – Жайық өзені арқылы өтетін транзиттік тасымалдауды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асқан облыстағы жетінші көпір. Аймақ халқы ғана емес, көршілес аймақтар мен халықаралық қатынастағы елдер көптен күткен жаңа көпір «Атырау – Ақтөбе – Астрахан» және «Атырау – Орал» бағыттары бойынша қозғалысты және жүк тасымалын жеңілдетеді.
Атырау аймағы үшін елеулі оқиғаның салтанатты лента қию рәсімі Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Нәсіпқали Саменовке табысталды. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыс үшін маңызы бар нысанның ел игілігі үшін салынғанын атап өтті.
– Бүгін барлық атыраулықтар мен көрші облыстар көптен күткен Жайықтың қос жағасын жалғастыратын көпір іске қосылды. Елімізде осындай үлкен нысандар салуға қаржылық, әкімшілік жағдайлар жасалған. Осы игі істер еліміздегі саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім мен этнос, дінаралық татулықтың арқасында болып жатыр. Бұл – Елбасымыз Н.Назарбаевтың дамуға, жасампаздыққа, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге және әлемдегі қауымдастықта Қазақстанның өз орнын алуға бағытталған ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал істерінің нәтижесі. Ел дамуы тұрақты қамтамасыз етілді. Жаңа технология мен жаңа техникалар келіп, халықтың игілігі үшін қысқа уақытта сапалы нысандар салу мәселесі шешілуде. Осы көпір құрылысын салуға атсалысқан барлық азаматтарға, соның ішінде мердігер «АтырауИнжстрой» мекемесіне зор алғысымды білдіремін. Жаңа нысан ел игілігіне, облыс қажеттілігіне жарасын, – деді аймақ басшысы.
Автокөлік көпірінің ұзындығы –
860 метр, ені – 13 метр. Көпір құрылысы 2014 жылы Атырау облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының тапсырысымен басталған. Көпір 180 тонна жүкті көтере алады, кірме жолдарының жалпы ұзындығы – 8,5 шақырым.
Бұл көпірдің тағы бір артықшылығы – өзеннің екі жағалауын мекен еткен 40 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауылдық округті біріктіріп, қатынасты жеңілдеді. Тұрғындар бұрын өзеннің келесі жағалауына паром немесе айналма жол арқылы жетіп, өзенде мұз қатқан кезде қауіпті болса да мұз үстімен жүріп өмірлеріне қауіп төңдіретін. Аудандық ауруханаға қабылдауға бару үшін де шамамен 60 шақырым жерде орналасқан облыс орталығы арқылы қатынайтын. Енді бұл мәселе оң шешімін тапқанына облыс халқы дән риза.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы