Канадалық профессор: Қазақтардың қарияларын ешқашан жалғызсыратпайтынына риза болдым

0

Қазақстанға Канада елінен келген Назарбаев университетінің профессоры Жан-Франсуа Карон қазақстандықтардан көп нәрсе үйренуге болатынын айтады.

«Қазақ қоғамындағы маған ұнайтын басты нәрсе отбасы құндылығы. Бастапқыда көптеген адамның қартайған ата-анасымен бірге тұратыны және оларға қамқорлық танытатыны қатты таңғалдырды. Өкінішке орай, Канадада бұлай емес. Бұл — ұят нәрсе! Солтүстік Америкадағы адамдар қартайған шағында жалғыз өмір сүреді. Ал сіздер ешқашан ата-аналарыңызды жалғыздықта қалдырмайсыздар».

Шетелдік Қазақстанда өзінің сүйіктісін жолықтырған. Болашақ жарымен ол дәмханада танысқан. Бүгінде олар екі бала тәрбиелеп отыр. Канадалықтың әйелі оның қазақ салт-дәстүрімен қалай танысқанын айтты.

«Анам дәстүрлі бешбармақ әзірледі. Ол менен қазақша қалай алғыс айтуға болатынын сұрады. Біз оған «Ас болсын, рахмет, ас болсын» дедік. Араға бірнеше күн салып ол әріптесіне лифтінің есігін ұстап беріп тұрған екен. Екінші адам оған «Рахмет» десе, Жан-Франсуа «Ас болсын!» деп жауап қайырған», — деп күлдірді келіншек.