Министр қымбатшылықтың импортпен ілесіп келетінін мойындады

0

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің неге қымбаттай беретінін түсіндірді?!

Министр алға тартып отырғандай, өткен аптада азық-түліктің бағасы 0,2 пайызға өскен. Ал жылдың басынан бері азық-түлік бағаларының қымбаттауы 1,9 пайызды құраған. Халыққа ең қажетті азық-түліктердің бағасының арта беру себебін министр сырттан келетін импорт өнімдердің көптігімен салыстырды. Сондай-ақ Сүлейменов мырза тек Қазақстанда ғана емес,  Еуразиялық Экономикалық одақ нарығында қымбатшылықтың өршіп тұрғанын алға тартты.

«Азық-түлік бағасының негізгі өсу себептері Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өнімдердің қымбаттауы мен тауарлардың өзіндік құны құрамында үстеме шығыстардың өсуіне байланысты. Жалпы, біз бірқатар өнімдерді сырттан импорттаймыз. Қанттың басым бөлігі импортталады. Тауық етінің 50 пайызы АҚШ-тан импортталады. Күріш  пен қырыққабаттың да  бағасы да айтарлықтай өсім берген. Сол тәрізді әлеуметтік маңызы бар өзге де өнімдердің бағалары өскен. Бұлардың дені импортталатын өнімдер. Бұған қоса жанар-жағармай бағасы мен өзге де коммуналдық шығыстар төлемі өскендіктен де өнімдердің бағасы қымбаттап отыр»,-деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Жалпы, біздің атқарушы билік бұған дейін елдегі инфляцияны ауыздықтау мақсатында түрлі әрекеттерді қолға алды. Тіпті Үкімет «қай облыста баға аспандаса, сол аймақтың әкімі жауапқа тартылады» деп бар салмақты әкімдерге салған кездері де болды. Осыдан кейін әр аймақтың әкімдері  қымбатшылықпен бел шеше күресіп «бағаны өсіргендердің басы кетеді» деп жергілікті кәсіпкерлерге шүйлікті. Әкімдер базар аралады. Әкім келгенде  арзан бағаны қойып, әкім кеткен соң демде тауарының бағасын өзгерте қойып, саудагерлер әкімді алдады. Міне, біздегі инфляциямен күрестің сықпыты осылай қалыптасты.

Біз қымбатшылықпен осылай күресіп жатқан тұста Орта Азия елдеріндегі біраз мемлекеттер инфляцияға қарсы нақты-нақты шараларды қолға алды. Мысалы, Түркия елі қымбатшылыққа орай елде бағалары арзандатылған әлеуметтік мемлекеттік дүкендер желісін ашты. Арменияның аймақ басшылары өнімінің бағаларын өсірмеуі үшін жергілікті кәсіпкерлеріне салықтық жеңілдіктер қарастырып келісімге келді. Әзірбайжан үкіметі отандық бизнесін қолдайтын қаржыларын еселеп көбейтті. Грузия аграрийлеріне агро-өнім егетін жерді арзандатын бере бастады. Рас, мұндай әрекеттер бізде де бар. Бірақ біздегі бағдарламалардың басы жап-жақсы басталып келеді де, арты сиырқұйымшақтанып кетеді.

Бұған қатысты экономист-сарапшы Дәурен Арын болашақта импорт өнім бізді құтқармайтынын ашып айтты.

«Біз бір ғана Алматыны мысал етелік. Алматыны Қазақстанның қаржы орталығы дейміз. Бірақ қала өзін-өзі әлі толық отандық өніммен қамти алмай отыр. Облыстардан келетіні бар, қалада кәсіпорындардың шығаратыны бар қала тұрғындары тұтынатын өнімнің 40 пайызы ғана отандық өнім (!). Ал қалған 60 пайызын сырттан әкелеміз. Отандық өнімнің өзі нарыққа өз бағасына шығарылмайды. Бізде делдалдар көп. Мысалы, құс фабрикаларында отандық жұмыртқаның бір данасы 10 теңге болса, оны арадағы делдалдар сатып алады да үстінен пайда көру үшін дүкенге 15 теңгеден өткізеді. Дүкендер пайда көру үшін бір дана жұмыртқаны 20-25-30 теңгеден сатады. Міне, бізге осы делдалдар мәселесін шешіп алу керек. Импорт өнімдерді де қымбаттататын арадағы делдалдар. Мысалы, Қытайда бір ананас 80 теңге. Дегенмен кедендік баж салығы бар. Жол тасымалы бар. Кеден аумағында тауарды әкелу кезінде қосылатын қосымша құн салығы бар. Делдалдардың қосатыны бар. Соның барлығы қосылғанда сол ананас Қазақстан нарығына енгенде 500-600-800 теңгеге сатылады. Осы мәселелерді шешпей біздегі жағдай реттелмейді. Сондықтан үкімет мұндай жайттарға мән беруі керек»,-дейді сарапшы Дәурен Арын.

Ал экономика ғылымының докторы, Марал Төртенованың айтуынша, біз үшін азық-түлік қауіпсіздігін орындаудағы талапты күшейту керек.

«Қымбатшылықтан құтылу үшін азық-түлік қауіпсіздігін күшейту керек. Ол үшін бірінші кезекте сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдеріне белгілі бір мөлшермен шектеу қойып, отандық азық-түлік өндірушілердің жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Жалпы, бізде отандық өндірісті бақылау жағы кемшін. Себебі, бізде субсидия жүрген жерде коррупция қоса жүреді. Қандайда бір кәсіпорын субсидия алғысы келсе, тамыр-танысын іздейді. Сол арқылы қолына қаржы алады. Артынан ол қаржыны нақты қай салаға жұмсады, оны да бақылау жағы аз. Субсидия алып алып, оны қандай да бір өнім өндіруге отандық тауар шығаруға жұмсамай, керісінше, көлік мініп алған адамдарды да көріп жүрміз. Осының барлығы бақылаудың кемшіндігі, жауапкершіліктің жоқтығы. Үкімет субсидия, дотация берді ме, қатаң бақылау керек. Өнім алды ма, көрсеткіші қандай, жетістігі не?! Осы жағы зерттелуі қажет. Біздің импорт тасқынынан құтыла алмай, импортқа басылып жыл сайын инфляцияны өршітіп отырған себебіміздің бірі осы. Ал импортқа байланған елдің экономикасының қанат жаюы қиын»,-деді экономист-ғалым Марал Төртенова.

Маман Марал Төртенованың пайымдауынша, біздегі бағаның негізсіз өсуіне жол беретін мына факторлар:

  • Жергілікті әкімдер кәсіпкерлерге қызықты механизмдер ұсына алмайды. Бағаны өсірмесең, мынадай жеңілдіктер қарастырылады, салықтық жеңілдіктер болады, -деген тәрізді.
  • Мұнай өнімдері нарығы қатты монополияланып кетті. Мұнай өңдейтін зауыттардың жекелеген қолға өтуі, олардың бәсекелестерін нарыққа өткізбеуі, өнім бағасын өсіре қоюы, жанармай бағасын өсірді. Осыдан барып кәсіпкерлер тасымал шығыны өскеннен кейін өнім бағасын өсіре қояды.
  • Тарифтердің жекелеген монополистердің қолында болуы. Жылу, жарық, су шығынының қымбаттауы да өнім бағасына тікелей әсер етеді.
  • Мемлекеттік сатып алу кезіндегі қаржының дұрыс бөлінбеуі. Қаржының тамыр-танысқа берілуі.

«Міне, ең негізгі осы мәселелерді министрлік шешу тиіс. Өздеріңіз байқағандай, мәселенің барлығы техникалық сипаттағы қателіктер. Осыған орай, әрекет етіп аталған жайттардың түйінін тарқатқанда отандық өнім бәсекеге қабілетті болады да, импортты ығыстырып шығаруға мүмкіндік ашылар еді» дейді Марал Төртенова.

Қарлығаш Зарыққанқызы

«Қамшы» сілтейді