«Сіздер үшін ұяттан кірерге тесік таппай отырмыз»: Қазақстандағы орыс Дума депутаттарына жауап берді

0

Өскемен тұрғыны Игорь Шацкий өзінің Facebook парақшасында жуырда ресейлік саясаткерлер жасаған мәлімдемеге қатысты пікір білдірді.

«Достар, барлығыңыз Дума депутаттары Вячеслав Никоновтың айтқан сөзін естідіңіздер. Мәскеуде адам аузына келгенін айта салды, ал Шығыс Қазақстандағы мен өзімді қоярға жер таппай отырмын. Осы орайда, Никонов, Федеров және Жириновскийге және оларды қолдаушыларға Қазақстандағы орыстардың сіздерге бола ұялып отырғанын айтқым келеді. Сіздердің негізсіз мәлімдемелеріңіздің біз үшін пайдасынан зияны артық болды. Отандастарым мұны талап етпесе де, сіздер үшін әр кездесуде кешірім сұрап жүрмін. Бізді жайымызға қалдырыңыздар, Қазақстанда біздің жағдайымыз жақсы. Тіпті, қиындық туындап жатса, оны өзіміз шешеміз. Шешуді үйрендік», — деп жазды ол.

Шацкий Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдерінің жас ұрпағы көбейіп келе жатқанын және олардың бейбітшілікті қолдайтынын алға тартты. Осы орайда, ол Дума депутаттарына өз елінің проблемасымен айналысуға кеңес берді.

«Жекелеген тұлғалардың сөзін қабылдау мен үшін ауыр, бірақ оларға назар аударудың еш қажеті жоқ. Қазақстандағы орыс азаматтар сөзсіз бүгін елде бар ұлтаралық бірлік пен келісімді қолдайды. Әлбетте олар арада орнаған бауырмалдылықты ешнәрсеге де айырбастамайды. Менің қазақ достарым өте көп және олардан айырылып қалудан қорқамын, сондай-ақ, бұл қарым-қатынастың мен үшін орны бөлек. Мемлекетте халық пен экономика игілігі үшін жұмыс істейтін орыс азаматтар көп. Біз бұл достықты бағалаймыз және Тәуелсіз Қазақстанның мүддесін қорғаймыз», — деп жазды Игорь Шацкий өзінің постында.