Өнімді жұмыс өрге бастар | «Айқын» газеті

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бері халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Жаңа жұмыс орындарын құру, халықты нәтижелі өнімді жұмысқа тарту, әрбір азаматқа табыс табуға және өзінің отбасын қолдауға мүмкіндік беру мақсаттар бойынша жұмыспен қамту бағдарламаларын Үкімет жыл сайын жүзеге асырады. 

2009-2017 жылдарға арналған бюд­жет­тен жұмыспен қамтудың бағдар­ламаларына шамамен 900 млрд теңге бөлінді. Бірақ бірқатар проблемалар әлі де бар: тұрақты жұмыс орнын табу, жастар­дың жұмыссыздығы және өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған азаматтардың үлесі шешіл­мей қалуда.
Бюджет қаражатының көпшілігі уа­қыт­ша жұмыс орындарына жіберіледі.
Қазіргі уақытта көптеген шара қо­ғам­дық жұмыстар мен әлеуметтік жұмыс орын­дары сияқты құралдарды пайда­ланумен шектелген.
Былтыр 573 мың бағдарламаға қа­тысушыдан тек 139 мың адам ғана уа­қытша жұмыс орындарына орналасты.
2018 жылы жұмыспен қамту бағдар­ла­ма­сында 110,5 мың адамға немесе қатысу­шылардың 26 пайызына уақытша жұмыс­пен қамту шаралары көзделген.
Жастар практикасының немесе қо­ғам­­­­дық жұмыстардың маңыздылығы­на еш күмән келтірместен, осы шаралардың көп­шілігі уақытша екенін атап айтқымыз келеді.
2017 жылы жұмыспен қамту орталық­тарына өтініш білдіргендер қатарынан тұрақты жұмыс орындарында жұмыс іс­тей­тіндердің үлесі жоспардағы 75 пайыз­дан тек қана 62,8 пайызды құрады. Соны­мен қатар тұрақты жұмыс орындарында қатысушыларды тіркеу туралы деректер жоқ, сондықтан қабылданған шаралар тиімділігінің де растауы жоқ.
2017 жылы танымал мамандықтар бойын­ша қысқамерзімді курсты аяқтаған 68,4 мың адамның тек 39 мың адамы ғана жұмыс істейді (58%). Биыл оқуды аяқ­та­ған 21,2 мың адамның тек 49 пайызы жұ­мыс­қа орналастырылды (10,5 мың адам, ал 10,7 адам жұмысқа орналас­тырыл­мады).
Осылайша, бір жарым жыл ішінде бі­лім алған 39 мың адам жұмысқа орналас­тырыл­маған, яғни оларды оқытуға бөлін­ген қаражат босқа шығарылды.
Сондықтан бағдарламаның құрал­дары мен бюджет қаражаттары, ең алды­мен, тұрақты жұмыс орындарын құруға бағыт­талуы керек.
Бағдарламаның бағыттарын іске асыруы да көптеген мәселелерді туды­рады. Осы жазда Бас прокуратура жұ­мыспен қамту бағдарламасының орын­далуын тексеру туралы мәліметтерді жа­риялады, оған сәйкес 1 млрд теңгеге жуық қаржы ұрлауы, 10,5 млрд теңгенің тиімсіз пайда­ла­нуы, 553 млн теңге сомасында кредит­тер­дің мақсатты пай­даланбауы анықталды.
Бұл бөлінген қаражаттың жөнді игеріл­­меуінен және жұмыс пен тиім­діліктің соңғы көрсеткіш­терінің бол­мауынан болды. Сондықтан бәріміз үшін жұмыспен қамту бағдарламаларының нақты бюджет қаржысын игеру маңызды. Яғни, басты міндет – азаматтарды өнімді жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл қыз­мет адамдардың табысты болуына, олардың лайықты өмір сүру жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Қазіргі таңда жұмыспен қамту сала­сы­ның дамуына – білім беру жүйесі мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне теңесе алмайтынығы кедергі келтіреді.
Бұл кадрдағы экономика­ның қажет­тіліктерін болжау жүйесіне тікелей қа­тысты. Қазір мұндай толыққанды жүйе жоқ. Білім берудің мемлекеттік тапсыры­сын қалыптастыру процесі кадрға деген нақты сұраныстан қашық.
Жұмыс берушілер тарапынан жұмыс күшінің құзыретіне қойылатын талаптар мамандарды дайындау үшін оқыту дең­гейі мен бағыттарына сәйкес келмейді. 2017 жылы жұмыс берушілер жариялаған 26 мыңнан астам бос жұмыс орны талап­керлердің мамандығы немесе біліктілігі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмеуінен толтырылмаған.
Мамандарды дайындау кадр нары­ғының қажеттілігі ескерілмей, жүзеге асы­рылады. Көп жағдайда болашақ ма­мандықты таңдау еңбек нарығындағы соңғы үрдістерге сәйкес келмейді. Нәти­жесінде, бүгінгі таңда кәсіптік білімі бар 73% немесе 323 мың адам жұмыс таба алмайды.
Сондықтан болашақ еңбек қажет­тілік­терін үнемі зерттеу керек.
Еңбек нарығында тағы да бір жа­һандық үрдіс бар – ол «дәстүрлі түрде» жұмыспен қамтылудан стандартты емес жұмысқа көшу, яғни қашықтан жұмыс­пен қамту және бос жұмыс орындарын құру.
Дамыған елдерде көптеген ма­ман­дықтар үшін қашықтан жұмыспен қамту және бос жұмыс орындарын құру нор­­маға айналды және олардың үлесі өсуде.
Ұлыбританияда 62% компаниялардың қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлері бар, ал қызмет­керлердің 34 пайызы кеңседен тыс жұмыс істейді. Ресейде мұндай қызметкерлердің саны шамамен 2,5 млн адам­ды құрайды.
Қазақстанда бұл жұмыс түрі кең тарал­маған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 5 пайыздан кем жұмысшы мерзімдік келі­сім­шарт негізінде жалданған, ал жал­дама жұмыс­шының тек 2,7 пайызы ғана апта­сына 30 сағаттан кем жұмыс істейді.
Бұл тұрақты келісімшарттарға қа­тысты жұмыспен қамту туралы қатаң заңнамаға және керісінше, мерзімді келісімшарттар бойынша заңнаманың жетілмегендігіне байланысты. Әрине, қашықтан жұмыс істеу, аутсорсинг, краудворкинг (шын мәнінде, қарызға алынған еңбек) тек қана кеңейе түсе­тініне күмән жоқ.
Жақында Мәжіліс жұмыспен қамту саласының біраз мәселелерін шешетін заң жобасын қолдады. Бұл заң Мемлекет басшысының са­палы жұмыспен қам­туды және әлеу­меттік қам­сыздан­дырудың әділ жүйесін қамта­ма­сыз етуге, өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтыған тұр­ғын­дардың зейнет­ақымен қамсыз­дандыру әлеумет­тік және медициналық сақтан­дыру жүйе­леріне қатысуы жөнінде мәселелерді іс жүзінде пысықтауға қа­тыс­ты тапсыр­маларын орындау үшін әзір­ленген. Формальды емес жұмыспен қам­тылған жеке тұлға­лардың қызметін арттыру көзделген.
Бірыңғай әлеуметтік төлем – үлкен міндеттің шешімі. Ең бастысы – эконо­миканың көлеңкелі секторының азаюы. Бұл төлем жеке табыс салығын (ЖТС), зейнетақы қорына жарналарды және әлеу­меттік сақтандыру қорына жарна­ларды біріктіреді. Бұл ретте, бейресми жұ­мыспен қамтылған адамдар зей­нета­қылық жүйе мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің то­лыққанды қатысу­шылары саналады.
Әрине, осы арнаулы салық режиміне қатысушылардың жергілікті бюджеттерге (ЖТС дәл сонда аудары­лады), Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қоры мен Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорына аударатын жарна­лары мүлдем жеткіліксіз және тым бол­мағанда шотқа қызмет көр­сету шы­ғындарын ақтайтыны анық. Алай­да бұл адамдардың ресми түрде тіркелгені және салық төлеуге дағды­лан­ғаны маңыз­ды. Сонымен бірге, өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандарды көлеңкелі істен шығару үшін Бірыңғай жиынтық төлемнің болуы жеткіліксіз.
Ынталандыру шараларын жеке кәсіп­керлер Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу­шілер қатарына өтпейтін етіп әзір­леу қажет, керісінше, Бірыңғай жиынтық тө­лемді төлеушілер кәсіпкер мәртебесіне ауысуын ынталандыру керек.
Бүгінгі күні еліміз әлемдік эконо­мика­ға интеграцияланған және жаңа даму ке­зеңін­де әлемде болып жатқан түбегейлі өз­геріс­терге жедел ден қоюға дайын болуы тиіс.
Жаһандық трендтер, демографиялық сын-қатерлер, төртінші өнеркәсіптік революция және жұмыспен қамту сала­сындағы проблемалар Қа­зақстанның еңбек нарығының болашақ­тағы даму бағытына тікелей әсер етеді.
Өндірістің технологиялық күрде­лі­лігінің өсуіне қарай көрсетілетін қыз­мет­тер саласы үлкен рөл атқарады. Бұл сек­тор­да жұмыспен қамтудың өсуі мен жаңа кәсіп­тердің пайда болуы үшін негізгі әлеует қалыптасу керек.

Айзада ҚҰРМАНОВА,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы
фракциясының мүшесі