Марқұм Сымбат Құлжағарованың күйеуі: Мен оны ұрған жоқпын. Бұл таза жала

0

Өзін өлімге қиған келіншектің оқиғасынан соң желіде президент атына жазылған онлайн-петиция жүріп жатыр. Онда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатып, көз жұмған Сымбат Құлжағарованың ісіне қатысты тергеу шарасын әділетті жүргізуді талап еткен. Алайда бұл оқиғаға қатысты Сымбат Құлжағарованың күйеуінің өз айтары бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

29 жастағы Сымбат Құлжағарова 10 желтоқсан күні елордадағы көпқабатты үйлердің бірінен секіріп көз жұмды.

«Біз нақты дерекке қараймыз. Ол психдиспансерде есепте тұрмаған. Есінен ауысқан деген анықтама жоқ. Полицияда соққыға жығылған деген дерек бар. Күйеуінің ұрғанын айтып шағымданғанын жазған. Ажырасқысы келетінін айтқан. Біз осы дерекке сенеміз», — деді «НеМолчи» ұйымының жетекшісі Дина Смайылова.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, екі баланың анасы, марқұм келіншектің қазасынан кейін орнын жоқтаушылардың пікірі екіге бөлінген.

Бірінші тарап онлайн-петиция ұйымдастырып, қазір 67 мың адамның қолын жинап үлгеріпті. Қоғамдық ұйым ұйымдастырған онлайн-петиция елдегі отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңды қайта қарау керек деген мәселені көтереді. Ал марқұм келіншектің жағдайын соның ішіне бір дерек ретінде ғана келтірген.

Алайда КТК тілшісіне Сымбаттың күйеуі де, анасы да оның психикалық ауытқуы болғанын айтқан. Олардың сөздерінше, осыған дейін де марқұм үш рет суицид жасамақ болыпты. Айтуларынша, ол жазда бір ай диспансерде жатып шыққан екен. Ал денесіндегі көгерген жерлері мен жарақат іздерін күйеуі былай түсіндірді.

«Анасына қоңырау шалып, аяғы мен денесі неге көгерген деп сұрағанмын. Сөйтсем, ол бір емшіге барып жүрген екен. Онысы тергеу барысында анықталды. Сол емші массаж жасаған. Бірақ оны ұрғам жоқ, қол көтермегем. Бұл таза жала. Енді жарымды, отбасымды жоғалтып жатырмын. Жағдайға ешкім бейтарап қарамады. Барлығы біржақты ғана тыңдады», — деді Сымбаттың күйеуі Абай Әбдіғаниев.