Жүрсін Ерман митингіге шығатын қазақтар туралы: Әшейін көрініп кетейін деген ой

0

Ақын Жүрсін Ерман қит етсе митингке шығушылар туралы ойын білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі.

«Жақында Алматыда Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің алдында митинг болды. Мен үйде отырып тікелей эфирден бастан-аяқ көрдім. Митингке шығу мәдениеті де жоқ бізде. Митингке барған қазақ азаматтары талаптарын дұрыс айта алмайды. Жігерленіп айта алмайды. Әшейін көрініп кетейін деген ой. Біз жалпы самарқау халықпыз ғой. Қанымызда бар өзі. Бір жөні болар деп жүре береміз. Қашанғы жөні бола береді?» — деді Жүрсін Ерман. 

Ақын қырғыз халқының митингісіне таң қалатынын айтып, олардың белсенді екендерін айтты.

«Қырғыздар қандай белсенді халық. Мәселе олардың Президенттерін қуып жіберген емес. Саяси белсенділіктеріне риза боласың. Төңкеріс, көтеріліс аңсап отырғаным жоқ. Халық самарқау болғаннан кейін билік ойына келгенін істейді», — деп биліктің кей істеріне көңілі толмайтынын жеткізді.

Дегенмен ақын қит етсе айқайлап, даурыға жөнелетін бүлікшілдерді қолдамайтынын айтты. Ол кезінде Қазақстаннан шетелге қашып кеткен, қазақстандықтарды митингке шақырғыш Мұхтар Әблязовқа деген ашуын білдірді:

«Мұхиттың арғы жағында отырып кеше өзі басына саңғып кеткен мемлекеттің абыройын айрандай төккісі келеді. Билікке келгісі келеді. Бүлікке бастайтындардың ниеттері бұзық адамдар. Дендері сау емес. Әблязов деген кім ол? Кеше сотталған жерінен қайтып әкеліп министрлік қызмет беріп еді. Тағы ұрлығын жасап кетіп қалды. Қаншама ақшаны қымқырып.

Шетелде отырып елді бүлікке бастағысы келеді. Ешкім оның соңынан ермейді. Оның ұры, қары екенін бәрі біледі. Жалпы халық тұрмысқа риза ғой. Біз де сол халықтың біріміз. Мемлекеттің ішінде отырып күнімізді көріп отырмыз. «Осыған Тоба» деп отырмыз. Тәуелсіздіктің қадірін білейік. Ол баға жетпейтін байлығымыз. Басымызда тұрған қадірін білмей жүрміз. Бір күні басымыздан бал-бұл ұшып кетуі мүмкін», — деді ақын.