«Қазақтар сияқты төсекке сүйремейді». Кәріспен көңіл қосқан қыздың әңгімесі
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында білім алып жүрген алматылық Жазира есімді бойжеткен (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілді &ndash ред.) кәріс жігіттерінің негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. Кореялық азаматпен бірнеше ай жақын қарым-қатынаста жүрген бойжеткен KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, екі елдің жігіттері арасындағы айырмашылықтарды тізбектеді.
Жазира қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленген. Халықаралық оқу бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяға уақытша білім алуға барған ол сұлулығымен бірден жігіттердің көзіне түседі. Бүгінге дейін оған бірнеше кәріс жігіті сүйіктісі болуға ұсыныс жасап үлгеріпті.
«Әрине, шетелде жүрген соң, алғашында жігіттермен жақын араласуға жүрексіндім. Өзіме көп ешкімді жақындатпай, ара қашықтықты сақтағаным рас. Уақыт өте келе, кәріс жігіттерінің тәрбиесіне таң қалдым. Олардың интеллектісі, білім деңгейі мен өз-өзін ұстауы өте жоғары деңгейде. Бұл жағынан олар еліміздің бірталай жігіттерін шаң қаптырып кетеді. Шынын айту керек, қыз баланы, өзінің көңілі құлаған сүйіктісін олар алақанында ұстайды. Мұндай қарым-қатынас кез келген бойжеткенге ұнайтыны анық», — дейді ол.
Бүгінде Жазираның шетелдегі оқуы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда ол ғылым саласында қызмет ететін кәріс жігітімен кездесіп жүргенін айтады.
Алайда, ол кореялық азаматқа тұрмысқа шығу туралы нақты шешімді әлі қабылдамаған.
«Оңтүстік Кореяда еркектер қауымы білімімен, тәрбиесімен ерекшеленеді. Өте тәртіпті халық. Біздегі жігіттер сияқты, кездескен бойда төсекке сүйремейді. Олар ең бірінші кезекте «Қарның ашып қалмады ма? Тамақ іштің бе?» деп сұрайды. Сүйіктілеріне бағалы сыйлықтар жасап, оларды қыдыртуды, жақсы киім әперуді, жақсы мейрамханаларда тамақтандыруды әдетке айналдырған.
Егер Қазақстанда қыздар қалталы жігіттерді іздейтін болса, көпшілік бай жігіт іздейді деп жазғырып шығады. Ал Кореяда бәрі керісінше. Мұнда жігіттердің ақшасы болмаса, олар қызбен кездесе алмайды. Яғни, қызбен жүріп, отбасын құру үшін олар ақшалы болуы керек. Бұл сол елдегі жазылмаған заңдылық. Оның үстіне, тек ақшама қызықты деп қыздарды да кінәламайды. Осы тұста біздің жігіттердің кәрістерден үйренері көп», — дейді Жазира.
Бүгінде Жазираның сүйіктісі оған үйлену туралы ұсыныс жасаған екен. Тіпті, қазақ қызына үйлену үшін ислам дінін қабылдауға дайын екенін де айтыпты.
«Тұрмысқа шығу туралы мәселенің басы әлі ашық тұр. Өйткені, әлі жаспын. Білім алып, мамандығым бойынша жұмыс істеп, ата-анамның еңбегін ақтағым келеді. Әрине, туған-туыстарым алғашында кәріс жігітімен жүргенімді қаламады. Бірақ маған деген жылы көзқарасын, ілтипатын көрген соң ата-анамның да ойы өзгеріп келеді. Тіпті, ол маған үйлену үшін ислам дінін қабылдап, мұсылмандық шарттарды орындауға да дайын екенін айтты. Бірақ мен соңғы шешімді әлі қабылдаған жоқпын», — дейді ол.