Алтын жұлдызды ұстаз
Әйел тағдыры, қоғамдағы орны туралы көп айтылады. Әйелдер бұрын естіп-білмеген мамандықтарды меңгеруде. Алайда әйелге тәрбиеші, ұстаз болу табиғатынан бұйырған сияқты. Әр ана нәрестесінің алғашқы ұстазы. Білім ұясы – мектебімізді ұлтымыздың алтын бесігі десек, оның бапты болуына саналы ғұмырын арнайтын негізінен әйелдер қауымы. Сондықтан 2008 жылы ең жоғары «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тағайындалғанда, алғашқы иегері әйел әрі ұстаз болуы бекер емес. Ұлағатты ұстаз Аягүл Миразованың Елбасы қолынан Алтын Жұлдыз алуын білім саласындағы әйелдер қауымына көрсетілген құрмет деп қабылдадым. Қуанышты сәтте «Аягүлдің кеудесінде «Алтын жұлдыз» жарқыраған күн – бүкіл ұстаздардың жұлдызы жанған күн» дегенім есімде. Шынында, Нұрсұлтан Әбішұлының: «Аягүл Миразоваға берілген бұл жоғары награданы еліміздің барша ұстаздар қауымының қызметіне мемлекеттің көрсетіп отырған құрметі деп білесіздер» деген сөзі елдегі ұстаздардың еңсесін көтерді. Елбасының қазақ мектебінің абыройын асқақтатқан, «қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген қара бағаның жалғандығын дәлелдеп, бала санасына тіл, тарих, туған жер сияқты баға жетпес рухани құндылықтарды, ғасырлар бойы ұлттық тәрбиенің қағидалары болып қалыптасқан кісілік, адамгершілік, үлкенді сыйлау, әдептен аттамау, ата жолы, ана тәрбиесі деген бекзат қазынамызды бере білуінде екенін іс жүзінде көрсете алған, яғни қазақ мектебінің қоғамда әділ бағасын алуына бүкіл өмірін арнаған Аягүл Миразованың елдегі ең жоғары марапатқа ие болуы – ұлттық мақтаныш әрі мәртебе.
Аягүл Төреқызы Жамбыл облысының Жуалы ауданының Берікқара ауылында 1948 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келді. Бұл әр қазақтың көңілінің төрінде тұратын Б.Момышұлы мен Ш.Мұртаза сынды ұлыларды берген киелі мекен. Аягүл олардың өмірі мен өсиетін естіп-біліп, оқып өсті. Өзі сол өңірге белгілі текті әулеттің ұрпағы. Түп атасы Әулиеата өңіріне белгілі Балта ақын. Бергі аталары Билікөл өңіріне сөзі жүрген, отаршылардан халқының мүддесін қорғаудағы қайсар мінезіне сүйсінген жұрты «көкжал болыс» атап кеткен Толымбек би, ал оның баласы Мираз атасы ел арасында өте сыйлы болыпты. Сол кездің өзінде мүмкіндігінше сауатын ашуға әрекеттенген. Ақын атасының өлеңдерін және халықтың ауыз әдебиетін жақсы білген екен. Өз ортасында бұл кісіні «ауа-райының есепшісі» деп атап кеткен. Ол кісі қазақы пайыммен табиғат сырын түсініп, жорамал жасайтын жұлдызшы болыпты. Отырғызған ағаштары мен бау-бақшасы «Мираз атаның емені» деп кейінге дейін сақталыпты. Аягүлдің ата-анасы туралы да замандастарынан жақсы естеліктер қалды. Олардың айтуынша, берекелі, қонақжай, бір-біріне сыйластығы жоғары адамдар екен. Қазақ тектілік деген ұғымға өте мән берген ғой. Қазақта «Отбасына қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» деген сөз бар. Бұл халықтық педагогиканың қорына ұлттық ұстанымы болып кірген. Ата мен әженің, әке мен шешенің отбасындағы өнегесі балалары үшін өмірлік тағылым болып қалыптасатыны Аягүл Төреқызының бүкіл болмысынан байқалады. Осындай бақ қонып, ырыс дарыған отбасында тәрбиеленген жеті баланың бәрі ата-бабасынан келе жатқан дәстүрді сақтап, елінің әлеуетін жақсартуға, қуатын арттыру мақсатында еңбек етуде. Олар туған мекенінен қол үзбеген. Оның дәлелі – әке ақылымен мешіт салуы, өздері білім алған мектебін күрделі жөндеуден өткізуі, бабалар рухына арнап монумент тұрғызуы, Ұлы Отан соғысының ардагері, оқ пен оттың астында жүріп жеңісті жақындатуға үлес қосқан әке рухына мереке қарсаңында футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен дәстүрлі турнир өткізіп, ауыл жастарымен кездесіп тұруы. Осы дәстүрді кейін балалары да жалғастыруы мүмкін.
Аягүл барлық пәнді үздік бағамен оқыды. Дәрігер болуды армандаған екен. Алайда әкесінің және сүйікті ұстазы Сайлаухан Сләмханұлының кеңесімен Тараз пединститутына түсіп, математика пәнінің мұғалімі болып шығады. Бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнаған Сләмхан мырза Аягүлдің бойындағы жақсы қасиеттерін, әсіресе оның оқушылар комитетін басқарып, тіпті бастауыш сыныптарда мұғалімге көмекші болып жүретінін байқап, жас қыздың көңілін адамзат тарихындағы ең қасиетті, ең қажетті мамандыққа сәтімен бұрыпты. Бір кездегі шәкірті еңбек жолын өз мектебінен бастаған кезде бала жанын түсінетін ұстаз: «Балаларға кешірімшіл, мейрімі күн көзіндей, балалар айнала үйіріліп қасынан шықпайтын», дейді. Аягүл ұстаз болуға жаралғандай. Қоғамдағы ең киелі мекеме – мектеп есігін ашқан сәттен өмірлік ұстанымын: «Ұстаз бақыты – шәкіртіңмен бірге қуана білу» деп белгіледі.
Бүгінде Аягүл Төреқызы «Қазақстанның Еңбек Ері», «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, «ҚазКСР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ы.Алтынсарин атындағы және «Дарын» медальдерінің иегері. Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының және Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының мүшесі. Семей қаласы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің құрметті профессоры, Жамбыл облысының, Жуалы ауданының және Алматы қаласының «Құрметті азаматы». Ұлағатты ұстаз 7, 8, 9 сыныптарға арналған геометрия оқулықтары мен есептер жинақтарының және көптеген дидактикалық материалдардың, 300-ге жуық публицистикалық-педагогикалық мақалалардың авторы, өнертапқыштық патент иесі. Ол осы жетістіктерге қалай келді?
Аягүл Төреқызы 1977-1990 жылдары Алматыдағы №86 және №136 мектептерде математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. 1991 жылдың тамыз айында жаңадан құрылған №159 қазақ мектебіне директор болып келді. Бұл Желтоқсан оқиғасынан кейін халық санасындағы үлкен серпілістің әсерінен қазақ тілінде білім беретін мектепке сұраныстың өте жоғары кезі еді. Мектеп Алматыдағы ең алғашқы қазақ мектебі, кейін орыстілді мектеп-интернат болған ескі ғимаратта, оның өзінде ел арасында танымал азаматтардың араласуымен еш дайындықсыз ашылды. Үлкен бастаманың қиыншылығы бөлек әңгіме. Бүгінде мұнда оқу-тәрбие жұмысын сапалы ұйымдастыру үшін барлық жағдай бар. Жанынан қосымша жаңа оқу ғимараты және спорт кешені салынды, арнайы техникалық құралдармен жабдықталған пәндік кабинеттер, кітапхана, спорт залы, бассейн, акт залы, асхана бар, жоғары талғаммен безендірілген. Осының бәрі Аягүл Төреқызының ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенін көрсетеді.
Біз осы мектептің тыныс-тіршілігін көріп жүрдік. Оқу министрлігі және Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясы көрші ғимаратта орналасқан болатын. Аягүл Төреқызы бірінші күннен өз міндетін орындауға үлкен жігермен кірісті. Жаңа құрылған мектептің алдына қойған мақсаты: «Білімнің біліктілігін, тәрбиенің тәлімін бере отырып, ұлттық үлгіден әлемдік білім кеңістігіне шығу». Мектеп ұжымы толағай табысқа жетті. Мемлекетіміздің басты мерекесінің және мектептің 10 жылдығында «Республикалық таңдаулы мектеп» байқауының бас жүлдесін, одан кейін бірнеше рет «Республикалық ең үздік білім ұясы», «Ең үздік педагогикалық ұжым» болды. Ал 2018 жылы қала бойынша өткен «Ең үздік педагогикалық ұжым» байқауында тағы да бас жүлдеге ие болып, қала әкімі тағайындаған 22 млн 600 мың теңгенің грантын жеңіп алды. Ширек ғасыр тарихында 171 «Алтын белгі», 178 «Ерекше аттестат» иегері шықты. 123 түлегі «Болашақ» бағдарламасымен оқыды. 173 халықаралық ғылыми жоба жеңімпазы, 49 халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы болды. Бітірушілердің бәрі дерлік жоғары оқу орындарына түсті. 2014-2016 жылдары республикада ең жоғары 125 балл жинаған Әсия Марат, Аружан Мейірханова, Рәмзия Оспанова осы мектептің түлектері.
Аягүл Төреқызының табыстарының бірі – білікті, ізденімпаз, еңбекқор, педагогикалық мәдениеті жоғары ұстаздар ұжымын қалыптастыруы. Бұл мектептің ұстаздары жыл бойы түрлі конкурстарға қатысады. Негізгі бапкер – Аягүл Төреқызы, кәсіби дайындықты ерекше назарда ұстайды. Сондықтан мектепте 2 – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2 – «Ерен еңбегі» медалінің иегері, 10 – Алтынсарин медалінің иегері, 12 – Білім беру ісінің қайраткері, 26 – Білім беру үздігі, 3 – жыл мұғалімі, 3 үздік педагог еңбек етуде. Ұстаздардың көбі жоғары санатты, әр бесіншісі – бірінші санатты, 11 ұстаз – екінші санатты, республикада озат тәжірибесі таратылғандар – 43, ғылым магистрлері – 5, қазір магистратурада оқитындар – 6. Мұндағы ұстаздар шәкірттерді білім нәрімен сусындатып қоймай, ұлттық педагогикалық ғылым мен білімнің дамуына іргелі үлес қосты. Көп жылдар Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының тәжірибелік-эксперименттік алаңы болды. Естеріңізде болса, 1996 жылы Үкімет қаулысымен алғашқы төл оқулықтар шығаруды қолға алдық. Оған дейін қазақ тілі мен әдебиетінен басқасы орталықта шыққан оқулықтардың аудармасы болатын. Алғашқы оқу стандарты мен оқу жоспарларын сол кезде жасадық та, осы мектептің базасында тексердік. Белгілі ғалымдармен бірге осы мектептің тәжірибелі ұстаздары авторлық топтарда оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға белсенді түрде араласты. Сол үрдіс әлі жалғасуда. Жүзге жуық мамандардың әр үшіншісі оқулық, оқу бағдарламалары, дидактикалық, әдістемелік, электронды құралдардың авторы. Осының өзі Аягүл Төреқызының тәлімгерлік қырының көрсеткіші!
Аягүл Төреқызы күн сайын оқушыларын қарсы алып, көңілсіздеу келген баланың жағдайын сұрап, басынан сипап сөзге тартады. Үлкендер сезе бермес, бірақ бала үшін ата-ананың, ұстаздың мейірімін сезіну өте маңызды. Бала қиналғанда өзінің көңіл күйін осындай кісілермен бөліседі. Яғни, баламен бірге қуану, қиын сәтте көмектесе білудің жөні бөлек. Бірде 1-сынып оқытушысының әңгімесін естігенім бар. Сабақ үстінде оқушысы басқаларға маза бермеген соң ұстазы: «Ерсайын, құрбыларыңа тиісе берсең, Аягүл апайға айтамын» деген ғой. Сонда оқушы: «Иә, Аягүл апай – менің досым» депті. Әттең, әр оқытушы бала сеніміне осылай ие болса ғой.
Аягүл Төреқызының ұзақ жылдар мектеп директоры қызметінде алдынан өткен шәкірттері бүгінде әртүрлі мамандық иелері. Бәрі де ел Тәуелсіздігінің нығаюына еңбек етуде. Мектебінің, ұстаздарының мақтанышына айналған азаматтар қаншама! Мәселен, 10 жасынан симфониялық оркестрге музыка жазған, бүгінде «Қазақтың Моцарты» атанған, дүние жүзінің жоғары деңгейдегі музыка мамандары ерекше дарын иесі деп таныған, ірі байқаулардың жеңімпазы, Елбасының «Ең дарынды өнерпаз» кубогының иесі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Дарын» сыйлығының лауреаты, 13 жасында консерватория студенті, 17 жасында магистрант, 18 жасында магистрлік диссертация қорғап, Италияның Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясының докторантурасына қабылданған, бірнеше тілді еркін меңгерген Рахат-би Төлегенұлы Әбдісағин – Аягүлдің шәкірті. Алмат Игенбаев мектепті 15 жасында «Алтын белгіге» бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсіп, халықаралық құқық мамандығын меңгерді, мемлекеттік қызметте тәжірибе жинақтап, «Болашақ» бағдарламасымен Лондон университетінде магистратураны бітірген. Қазір Халықаралық Астана қаржы орталығының сотында заңгер. Ал балалар жазушысы Зәуре Төреханова былтыр «Ең үздік балалар әдебиеті» номинациясының жеңімпазы атанды. Ұлыбританияның Лондон қаласындағы экономика және саясат ғылымдары мектебінің студенті Рүстем Кенжебеков сүйікті ұстазы туралы: «Біздер үшін апайымыздың жиі айтатын «Айналайын» сөзі ұстаздық мейірімнің ажырамас бөлігі сияқты. Аягүл Төреқызының жүрегінде шәкірттері мен №159 гимназия ерекше орын алады. Халқымызда кие деген қасиетті ұғым бар емес пе?! Сөзсіз, бүгінде Аягүл Төреқызы гимназия қарашаңырағының киесі де, иесі де болып отыр» депті.
Ерекше қасиеттерінің бірі, адамға жанашырлық білдіріп, көмектесуге дайын тұратыны. Мәселен, ата-анасынан ерте айрылып, өмірдің қиыншылығын көрген, кішкентай ұлын жетектеп Алматыға келген жас маман Шолпан Қисымбетованың тағдыры. Қол үшін берер ешкімі жоқ. Бар байлығы – қыздар педагогикалық институтында музыка мамандығын меңгерген. Сонымен бір кісілердің кеңесімен Аягүлге барады. Аягүл әңгімесін мұқият тыңдап: «Домбыра аспабында ойнай аласың ба?» деп сұрайды. Шолпан төрде тұрған домбыраны алып, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап береді. Риза болған Аягүл ханым: «Айналайын-ай, ән айтсаң, өзің бір жайнап кетеді екенсің», деп бірден жұмысқа қабылдапты. Бүгінде Шолпан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, композитор, музыка пәнінің мұғалімі. Кейін Аягүлдің ұсынысымен, сол кездегі қалалық оқу басқармасының басшысы Гүлмира Естайбекқызының қолдауымен Шолпан баспаналы болды. Айтпақшы, қазір әр сыныпта домбырашылар ансамблі, ал мектептің ұлт аспаптар оркестрі бар.
Білім саласында ең күрделі буын – мектеп. Аягүл Төреқызы дүниежүзілік тәжірибеде бар дәстүрлі басқарудан көшбасшылық деңгейге көтерілген тұлға. Яғни, мұндай басшының шығармашылық зертханасымен танысу жас мамандарға қажет-ақ. Кейіпкеріміз Алматы қаласы мектеп директорлары кеңесінің төрағасы ретінде де бұл міндетін абыроймен атқарып жүр. «Еңбек Ері» атағын алып, «Алтын жұлдызды» кеудесіне таққанына да он жыл болыпты. Содан бері еш өзгеріп, тоқмейілсіп көрген емес. Керісінше, жылдан-жылға қайраткерлік қыры айқындала түсті. Ол қоғамда болып жатқан оқиғаларға, елдің, әсіресе, Алматы қаласының саяси-әлеуметтік өміріне араласып, үн қосып отырады. Адамдық қасиеті, тазалығы, әділдігі, қарапайымдылығы, баладай мәз болып қуанып, дана қарттай ақылын айтып, қамыққанды жұбатып жүретін елгезектігі оның мінезге бай екенін көрсетеді. Ол республиканың күллі мұғалімдер қауымына өнегесімен үлгі, тәжірибесімен тәлім, терең білімімен тағылым көрсетіп келеді. Сонау мектеп қабырғасында балалық шағын бірге өткізген Жеңіскүл құрбысымен қарым-қатынасына кішкентай да кірбің түспеген. Жеңіскүл де математика пәнінің мұғалімі, ақын. Өзінің 120 өлеңін тек Аягүлге арнап, «Біз Аягүл екеуміз» деген кітап шығарған. «Аягүл Төреқызы мен үшін бітпес жыр, сарқылмас асыл қазына», дейді. Жуырда:
«Айтамын сені ән қылып,
Санамда бейнең жаңғырып,
Жырыма қосып жазамын,
Достығымызды мәңгілік», деп, «Мен сені сағынуға жаралғанмын» деген кітабын да Аягүлге арнапты. Қазақтың «Дос есебі көңілде» деген сөзі екеуіне арналғандай.
Аягүл Төреқызының ұстаздық өмірінің өте мазмұнды, жемісті болуына қашанда үлкен қолдау жасап жүрген отағасы Жұмабай Байнатов мырза. Өзі де осы уақытқа дейін жоғары оқу орындарында қаншама студент жастардың белгілі бір мамандық иесі болуына аянбай еңбек еткен техника ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы», «Құрмет» орденінің иегері. Бүгінде балалары Өркен, Айнұр мен Балнұрдан немере сүйіп отырған бақытты ата-ана. Аягүл Төреқызын мерейлі жасымен құттықтай отырып, ізгілікті еңбегінің игілікті қайтарымы өзі айтқандай шәкірттерінің қуанышы, ата-аналардың алғысы болсын деп тілеймін.
Шәмша БЕРКІМБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері