Ыдыс-аяқтың түрлері — Салт-дәстүр

0

Саба

Ертеде қымыз, шұбат ашыту үшін, іркіт пісу үшін мал терісінен тігілетін ыдыс — саба пайдаланылған. Иленген теріні су сеуіп жібітіп, өңін ішіне қаратып, сабаға лайықтап пішеді. Саба пирамида пішінді, яғни түп жағы төрт бұрышты, кең, мойын жағы тар, жіңішкерек етіп жасалады. Оның мойнының кеңдігі піспек емін-еркін сыярлықтай етіп алынады да, саба мойнының бір бүйірінен үш бұрышты баулық шығарылады. Баулыққа жіптен ескен бау тағылып, ол керегенің басына байланады. Жақсы күтіліп, ысталған сабаның қымызы өте дәмді және жұғымды болады. Сабаның тігістері түйенің шуда жүнінен иірілген, мықты жіппен сырт жағынан жөрмеп тігіледі. Саба тігіліп болғаннан кейін оның ішіне құм не болмаса топырақ толтырып кереді. Әбден қалыпқа түсіп, кепкеннен кейін сабаның ішіндегі құмды не топырақты төгіп тастап, ішін тазартып жуады да, тағы бір дүркін түтінге ұстап ыстайды. Одан соң сумен тазартып шайқап тастап, сырты мен ішін қойдың құйрық майымен не болмаса жылқының майымен жақсылап майлайды. Күннің көзіне қойып майын сіңіреді. Сабаны пайдаланар алдында сиыр сүтімен тағы бір дүркін шайқайды. Сабаны пісерде оның бауын көтере байлайды да, пісіліп болған соң бауын босатып, мойнын байлаған жібін шешіп қояды. Сабаның ішіндегі астың дәмі бұзылмауы және саба шіріп кетпеуі үшін оны айына кемінде бір рет босатып, ішін жылы сумен шайқап жуып, күнге кептіріп отырады.

Торсық

Торсық — қымыз, шұбат, іркіт сияқты сүт тағамдарын құюға арналған, мал терісінен тігілетін ыдыс. Торсықтың түрлері көп. Олар шимайторсық, өркешторсық, жанторсық, мүйізторсық, т.б. Торсық тігілетін терінің шел майы мен көк етін тазартып, түгін тықырлап қырады. Иленген теріні белгілі пішінге келтіріп пішеді де, шуда жіппен жөрмеп тігеді. Торсықтың бүйірі дөңгелек, мойны жіңішке әрі ұзын болып келеді. Оның аузына ағаш тығын тығады. Тығыны жоғалып қалмау үшін қайыстан бау өткізіп, оның бір ұшын торсықтың мойнына бекітіп қояды.

Торсықтың ішіндегі ең сәндісі — шимайторсық пен мүйізторсық. Бұл торсықтарды ірі қараның қалың терісінен тігеді. Шимайторсықтың бетіне өрнек салады. Шимайторсықтың бүйірі табақ сияқты дөп-дөңгелек болады.

Мұйізторсықтың да беті шимайторсық секілді шауып өрнектеледі, күміс шытыралармен әшекейленеді. Мүйізторсықтың түп жағы дөңгелек болғанымен, екі иіні «қошқармүйіз» ою секілді сәндеп шығарылады. Сондықтан мұндай торсықты «мүйізторсық» деп атаған.

Өркешторсық түйенің өркеш терісінен тігіледі. Терінің жалпақ жағы торсықтың түбіне, жіңішке жағы аузына сәйкес келеді. Оның пішіні де өркештің пішіні тәрізді сопақша болады. Өркешторсық сәнді болмағандықтан, оған көбінесе айран, іркіт құйылады.

Торсықтың тағы бір қарапайым түрі — жанторсық. Оның сыртында ою-өрнегі болмайды. Бұл малшылар мен жолаушылар сусын құйып қанжығасына байлап жүруге арналған. Мұндай торсыққа сүт тағамдарымен қатар сусын көже құюға да болады. Жанторсықтың терісі шимайторсық пен мүйізторсықтың сірісі сияқты қатты болмайды.

Шимайторсық пен мүйізторсықты да қымыз құйып, қанжығаға байлайды. Бірақ бұл торсықтар аса сәнді және оңайлықпен жасалмайтын болғандықтан, оларды көшіп-қонғанда не болмаса той-жиында ғана пайдаланады. Торсықтың осы екі түрі жай ыдыс қана емес, үйдің сәнді жиһазының бірі есебінде саналады.

Мес

Мес — қымыз, шұбат, айран, іркіт сияқты сүт тағамдарын құюға арналған ыдыс. Оны көбінесе ешкінің, бұзаудың бітеудей сойылған терісінен жасайды. Мес тігетін терінің көк еті мен шел майы тазартылып, жүні тықырлап қырылады. Одан соң іші-сырты түтінге ысталып, өңін ішіне қаратып, пұшпақтарын шуда жіппен жөрмеп тігеді. Терінің мойны местің мойны болып саналады. Меске піспек салып піспейді, ол тек ақ тағамдарын көлікке артып алып жүру үшін, сондай-ақ суы тапшы жерлерде су тасу үшін де пайдаланылады.

Көнек

Көнек — түйенің терісінен жасалатын ыдыс. Әдетте, көнекке геометриялық, зооморфтық, мүйіз, өсімдік тәріздес, т.б. ірі оюлар түсіріледі. Теріні көнек пішініне келтіріп тігіп, ішін сабанмен кептеп қойып, кепкен соң сабанды алып, тезек шоғының түтініне ыстайды. Көнек — бие саууға қолданылатын ыдыс. Көнектің кейбір түрлері бие сүтін сақтау үшін де қолданылады.

Сүйретпе

Сүйретпе — қымыз, шұбат, айран, іркіт сияқты сүт тағамдарын құюға арналған, мал терісінен тігілетін ыдыс. Сүйретпе ірі қараның терісінен де, ешкінің терісінен де тігіледі. Оны тігетін терінің көк еті мен шел майын тазалап, түгін қырады. Содан кейін түтінге ұстап ыстайды. Ыс әбден сіңген соң су бүркіп жібітіп, белгілі бір пішінге келтіріп пішеді. Сүйретпенің пішіні саба және дөңгелек торсық тәрізді болып келеді. Оны шуда жіппен сыртынан жөрмеп тігеді. Тігілген сүйретпенің ішіне құм не құрғақ топырақ салып кереді. Ол әбден қалыпқа түсіп, кепкеннен кейін ішін тазалап жуады да, қайта ыстайды. Одан соң ішін тағы бір рет тазалап жуып, іші-сыртын қойдың кұйрық майымен не жылқының майымен майлайды. Ол әрі местің, әрі сабаның міндетін атқара алады.

Бұлқыншақ

Бұлқыншақ — жылқы терісінен жасалатын ыдыс. Бұлқыншақты жасау үшін жылқы сойғанда артқы санының терісін шашасына дейін мес қылып бітеу сойып алады. Содан соң терінің көк еті мен шелін тазартып, сан жағын арасына шүберек салып тарамыспен немесе жылқынын құйрық қылымен тігеді. Тігіс бұлқыншақтың түп жағына келеді. Терінің сирақ тұсына келетін тар жағына лайық ағаштан тығын жасайды да, ішіне күл толтырып, тығындап, көлеңкеге кептіреді. Әбден кепкен тері қатайып көнге айналады. Содан соң күлін төгіп тастап, ыдысты ыстайды. Әрі қарай шаймен жуып, ішіне бірнеше күн ашыған айран құйып қояды. Оны «шикі дәмін алу» деп атайды. Одан кейін пештің ысын (күйесін) жинап алып, оны суға шылап, теріні біраз уақыт соған салып қояды. Оны «құрымдау» дейді. Содан соң ыдыстың ішіне қайнаған сұйық май құйып шайқап алып, әрі қарай пайдалана беруге болады. Бұлқыншақты керегенің басына бауынан іліп қояды. Салт атпен жүргенде ердің алдыңғы қасына іледі немесе қанжығаға байлайды. Жаяу адам иығына асып жүреді. Бұл ыдыс малшы қауымның ыстық күндерде айран, шалап, қойыртпақ құюына мейлінше қолайлы.

Піспек

Піспек — қымыз, іркіт пісу үшін пайдаланылатын үй құралы. Піспек кепкен ағаштан жасалады. Піспек негізгі екі бөліктен құралады. Олар — піспектің басы және сабы. Піспектің басы көбінесе дөңгелек және төртбұрыш (айқыш) пішінді болып келеді.

Дөңгелек басты піспекті жасағанда қалыңдығы шамамен екі-үш елідей болатын кепкен тақтайды дөңгелектеп жонып алып, оның бір бетін ыңғырумен кеулеп шұңқырлап ояды, шетін сәл жұқартады. Дөңгелектің дәл ортасын тесіп, оған сап орнатады. Піспек басының ойық беті сабаның не күбінің түбіне қарап тұратындай етіп сапталады. Піспек басының бүйірінен айналдыра тар тесіктер тесіледі. Ол піспектің қозғалысы кезіндегі кедергісін кемітеді. Төрт бұрышты піспек көбінесе екі жұқа тақтайдан айқастырылып жасалады. Оның сабы екі тақтайшаның айқасқан бөлігіне орнатылады.

Піспектің сабы әрі түзу, әрі ұзын ағаштан жасалады. Қымыз бен іркіт пісетін піспектің саптары сабаның не күбінің аузынан кемінде 20 сантиметрдей шығып тұруға тиіс. Іркіт пісетін піспек жеңіл болғаны, қымыз пісетін піспек неғұрлым ауыр болғаны жақсы. Салмақты піспек түйіп піскенде қымыздың іртігін тез жазады. Қазақ халқы қымыз сабаның піспегін жай тұтыну құралы деп қана есептемейді, оны кәдімгі сән беретін үй жиһазы қатарына қояды. Оның сыртын кейде әр түрлі ою-өрнек салып сырлайды, кейде терімен қаптап, күміспен әшекейлейді.

Саптыаяқ

Саптыаяқ — қазақтың ұлттық ыдысы. Қатты ағаштан жасалады. Саптыаяқтың өзінен өрнектеліп ойылып шығарылған (ұзындығы — 15-18 см, ені — 5-6см-дей) тұтқасы болады. Саптыаяқтың сабына (тұтқасына) күміспен торлап, ақық тастар орнатылған түрлері де болған.

Кесеқап

Көшіп-қонып жүргенде шыны кеселер қирап қалмас үшін халық шеберлері кесеқаптар жасап, ыдыстарды солардың ішінде сақтап, тасымалдайтын болған. Кесеқаптардың «сыңар емшек», «қос емшек», «үш емшек» деген түрлері болады. Сонымен қатар теріден, киізден, қайыңның тозынан (қабығы) жасалатын қалпақты түрлері де болады. Оларға бір-біріне кигізіп, он шақты кесе салып қоюға болады. Кесеқаптарды теріден жасағанда байырғы шеберлер оны төрт немесе бес қиықтан пішіп, құрап тігетін. Оның бетін күміс сымдармен зерлеп, асыл тастан көз орнатып, күміс шытыралармен безендіретін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: