Алматы облысында бұған дейін сотты болған тұлғалардан құрылған қылмыстық топ ұсталды

0

Тіркелген деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 188 (Ұрлық) және 192 (Қарақшылық) баптары бойынша жалғасуда.

Алматы облысының полицейлері бұған дейін соты болған үш азаматты бірқатар ұрлық жасап, жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен ұстады деп хабарлайды zakon.kz.

Қылмыстық топ қараша айында өздерінің жымысқы әрекеттерін Қаратал ауданында іске асырған. Дегенмен, жергілікті тәртіп сақшылары оларды құрықтады.

«Топ құрамында 46-55 жас аралығындағы үш азамат болған. Барлығы да –бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар. Қазіргі таңда олар негізінен Үштөбе қаласында орын алған өзгенің мүлкін ұрлаудың 10 дерегіне және аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың біріндегі қарақшылыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.

Күдіктілерді еліміздің әр өңірінен ұстағаны анықталды. Олардың бірі – Үштөбе қаласында ұсталса, қалғандары Алматы және Шымкент қалаларында қолға түскен.

«Ұсталған күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы әлі күнге тексерілуде. Дәлелденген деректер бойынша келтірілген материалдық шығын 2 миллионға жуықтады. Оның 1 миллион 300 мың теңгеден астамы – 26 қарашада жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылдың материалдық шығыны. Қарақшылар егде жастағы кейуананы пышақпен қорқытып, скотчпен байлап тастаған. Оның үйінен зейнетақы жинағын, киімдері мен зергерлік бұйымдарын алып кеткен»,- деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.

Тіркелген деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 188 (Ұрлық) және 192 (Қарақшылық) баптары бойынша жалғасуда.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!