Тоқаевтың қазақша сөйлемейтіні қанымды қарайтады: Жүрсін Ерман президентке шүйлікті (видео)

0

Ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман айтыс пен тіл төңірегіндегі мәселелерді айтып сұхбат берді. «Шоу-Айтысқа» күйінетінін, оның халық өнерін мазаққа айналдырғанын айтты.

Бұл туралы Жүрсін Ерман You tube арнасының «Азаматтық пікір» бағдарламасында айтты.  Жүрсін Ерман халықтың төл өнері, құндылығы болған айтыс өнерінің қадірі қашқанына наразы. Қазіргі шоу-айтысты ұйымдастырғандар мен одан рейтинг тапқан басшыларға ашулы.

— 4-5 жылдан бері шоу-айтыс деген басталды. О-бастан-ақ қарсы болдым. Мені 1-2 рет сарапшы қатарына келуге көндірді. Алайда мұны қабылдай алмадым. Рейтинг қуудың жөні осы екен деп айтысты қорлау керек пе? Ақын мен әншіні айтыстырыпты. Әнші айтысушы ма еді? Оларға біреулер жазып береді екен. Оны қағазға қарап отырып айтады? Арзан күлкі. Оның несі айтыс? Оны көрген көрермен айтыс деген осы екен демей ме? Сарапшылардың өзі керемет деп бағалап қояды. Жанар Айжанова, Балғынбек те, Асхат Маемиров те отыр. Оның қай жері тұщымды айтыс. Мен таңғалдым. Қанша қарсы шықтық. Тоқтау сұрап хат жаздық. Аида Балаеваға хат жаздық. Ол да тоқтау бола алмай отыр, несіне министр? Хабар арнасының басшысы Бекхожин ақынның баласы болса да, ештеңе қақпайтын адам көрінеді. Айтыстан рейтинг тапқысы келеді. Әркім өз ісімен айналысу керек қой. Біз ақындар суретшілер одағына барып, көрме ұйымдастырып жүрсек қалай болады?, — деді Жүрсін Ерман.

Ақын айтыстан бөлек мемлекеттік тілдің жанашыры. Ол биік мінберлерден қазақ тілінің мәселесі жайлы талай рет айтқаны белгілі.

— Тіл тақырыбын айтып жүргелі 30 жыл болды. Жауыр тақырыпқа айналды. Біз қырқысып қалған қоғам болдық. Қазір аудармашы бар. Бір ізге түскен. Тоқаевтың  қазақша сөйлемейтіні қанымды қарайтады. Шетелде неге қазақша оқымайды? Аудармашы деген бар ғой. Неге мемлекеттік тілді бірінші орынға қоймаймыз? Тоқаев сөйлесе, Мамин де қазақша сөйлейді. Мамин сөйлсесе, үкіметтегінің бәрі қазақша сөйлейтін еді. Тіпті мемлекеттік тіл білмейтін адамды мемлекеттік қызметке алмау керек. Бәрі бір адамға байланысты. Басшы сөйлесе, бәрі үйренеді. 30 жылда аю да қазақша үйренетін уақыт болды, — деді ақын.

Тіл жанашыры 4 жыл бұрын жер мәселесін шешуге қатысты комиссия мүшелігінде болды.

— Бізде қалғаны қара жер ғана, одан айырылсақ барымыздан айырылғанымыз — дейді ол.  — Жерді сату, шетелдіктерге жалға беру деген мәселе шықты. Қоғам өре түрегелген соң, басылып қалды. Жердің астын да, үстін де сатып біттік. Енді қара жерге ие болайық та. Жерді сату, шетелдікке жалға беру дегенге қарсымын. Жер өз азаматтарымызға берілсін. Мұны есі дұрыс адамның бәрі қолдайды деп ойлаймын, — деді Ерманов.