«Келіншегім түсінер деп ойлаймын»: жесір әйелді төсекке шақырды деп айыпталған сот төрағасы түсініктеме берді

7

«Судьяны төсекке тартқаным жоқ, ол жала жауып отыр». Шиелі аудандық сотының төрағасы өзіне қарата айтылған айыптауға қатысты жауап берді, деп хабарлайды KzNews.kz сайты Azattyq Rýhyна сілтеме жасап.

Қол астындағы басы бос әйелді ойнас болуға шақырғаны туралы хабар тараған соң, сот төрағасының отбасында ауыр атмосфера қалыптасқан. Шиелі аудандық сотының төрағасы  аталған жағдайдан кейін әйелінің алдында ақталуға тура келген. Елге тарап жатқан жаңалықты оның анасы да естіген.

«Бұл жаға ұстататын жайт, айыптаулардың бәрі жалған. Біріншіден судья Г. Құрманбай судья әдебі нормаларын бұзып, негізсіз жала жауып отыр, оны  төсекке тартты деуі негізсіз. Жағылған күйе орынсыз қалмайды, анам да, әйелім де уайымдап отыр. Жоғарғы сот тарапынан ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері келіп, тексеруді жүргізді де, айтылған сөздердің рас екені дәлелденбеді. Ол туралы комиссияның шешімі де  шығарылды. Отбасымда екі қызым, әйелім, анам бар. Ақылды әйел ерінің бір ауыз сөзіне де тоқтайды ғой.

Әйеліме жала жабылып жатқанын түсіндірдім, басқа ештеңе айтқаным жоқ. Үй ішіндегі жағдай бұрынғыдай емес, ауыр… Келіншегім мені түсінеді деп ойлаймын», — деді Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев.

Күздеубаев қазылық қызметте жүрген 13 жылдың 8-інде басшылық лауазымдар атқарған. Төраға қол астындағы судья келіншектің мінез-құлқындағы  өзгерістерді 2019 жылы байқағанын айтады. Қазіргі уақытта «Қорландым, қысым көрдім» деп мәлімдеген Гүлнұр Құрманбайдың үстінен тергеу жүріп жатыр. Қол астындағы қызыметкердің үстінен қылмыстық істің қозғалуына төрағаның өзі түрткі болған. М.Күздеубаев алдағы күндері әріптесінің үстінен тағы да арызданатынын айтты.

«Осы жағдай бойынша заң талаптарына сай шара қолдануға міндетті түрде арыздануым керек деп ойлаймын. Ар-намысыма, отбасымның беделіне нұқсан келтірді. Жала жабу немесе ар-намысқа тию бойынша да, өзінің айтқан мәлімдемелерін жоққа шығаруға міндеттейтін талап арыз беруге де болады. Оның әрекеттері «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп айта беру деп бағалаймын.  Ол судьялық міндеттерін  маған дейін де 5 жыл атқарған. 2019 жылдан бастап Гүлнұр Құрманбайдың мінезінде өзгерістерді байқадым. Жұмысқа жиі шықпай, ебекке жарамсыздық парағын аштырып жүрді. Үш күн жұмыста, екі апта ауырып қалады.

Сосын осы мәселе орын алды. Судьяның шешімінен кейін жерімізден, үйімізден айырылдық деп шағымданушылар келгендіктен мен төраға ретінде оларды қабылдап, Құрманбайдың әрекетін басшылыққа хабарладым. Соның негізінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттік қызметкердің басты әрекеті сыбайлас жемқорлықты болдырмау, мен осы қағиданы алға қойып, тексеру жүргізіп, заңбұзушылықты анықтадым. Ауданда төрт судьямыз. Г.Құрманбай еңбек демалысына шыққандықтан сот істерін қарауда бізге салмақ түсіп жатыр. Облыстың өзге аудандарындағы сот төрағаларымен салыстырғанда менің қараған істерімнің саны көп, олар мені қуып жете алмай жатыр. Айына 70-ке дейін сот істерін қарайтын кездеріміз болады», — деді басы дауға қалған төраға М.Күздеубаев.