Астанада Шыңжан өңіріне арналған фотокөрме ашылды
Фото: Baq.kz
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық музейде ҚХР мен елордадағы Ұлттық музейдің ұйымдастыруымен «Таңғажайып Қытай – Көрікті Синьцзян» атты фотокөрме ашылды. Шара барысында Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Шыңжанның бүгінгі экономикалық саясаты, табиғи байлығы және әлеуметтік жағдайы туралы айтты.
Қытайда жүргізіліп жатқан реформалар мен ашықтық саясатының 40 жылдығы және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өткізіліп келген фотокөрменің 2018 жылдағы соңғысы қазақстандықтардың назарына ұсынылды.
«Бұл — бүгінгі кезекті және осы жылдағы соңғы көрме. Ұлттық музей мен Қазақстандағы Қытай елшілігінің ортақ жобасы екенін айта кеткен жөн. Көрме қазақстандықтарға Қытайдың көрікті жерлерін таныстыру үшін ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасына арналған көрмеміз екіжақты ынтымақтастықтың нәтижесі. Жыл ішінде 6 көрме ұйымдастыру – оңай шаруа емес. Алдымен, бұл – үлкен жауапкершілік, өз ісінің шеберлері дайындады дегенді білдіреді», — деп бастады сөзін елші көрменің ашылу салтанатында.
Қазақстанмен шекарада орналасқан аймақ — Қытайдағы ең үлкен аудан. Мұндай ауданның қызықты тұрмысы мен экономикалық әлеуеті, сұлу табиғаты бүгінгі көрмеге арқау болды.
«Синьцзян – Қытайдағы территориясы ең үлкен аудан. 1 600 660 шаршы метр аумақты алып жатқан жердің табиғаты өте сұлу. Қазақстанмен ортақ шекараның ұзындығы 1 700 шақырымнан асады. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың тұрақты дамуы, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының, «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасының аясында Шыңжан жаңа серпінге ие болып отыр. Себебі Синьцзян – екіжақты қарым-қатынаста өте маңызды рөлге ие. Сондықтан да бүгін осы ауданның экономикасы, тұрмысы, мәдениеті және басқа да ерекшеліктерін таныстыру мақсатында 108 фото қойылды», — деп жалғастырды сөзін дипломат.
Елші қазіргі уақытта Шыңжанның экономикасы өсіп, туризм саласы да қарқынды дамығанын айтты. Сондай-ақ Шыңжанға байланысты түрлі объектив емес пікір айтылып жүргенін жеткізді.
«Бүгінде Шыңжан туралы түрлі пікір тарап жатыр. Арасында объектив пікір бар, бірақ шындыққа жанаспайтыны да кездеседі. Сондықтан оның барлығын мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген дұрыс. Сөзіме дәлел ретінде цифрларды мысалға келтірейін. Өткен жылы аймақтың экономикалық өсімі 7,6 пайыз болды. Ал Қытай бойынша жалпы ішкі өнім 6,7 пайыз болды. Сонымен қатар, соңғы екі жылда – 22 айда бұл ауданда террористік шабуыл болған емес. Қылмыс күрт азайды. Бұдан басқа 2017 жылы 100 млн турист келген болса, осы жылдың 9 айында 132 млн адамға жеткен. Яғни бұл осы аумақта не болып жатқанының дәлелі екеніне айтпаса да түсінікті. Шыңжандағы экономикалық даму, қауіпсіздік шараларын осы статистикаға қарап түсінуге болады. Сондықтан өңір туралы алып-қашпа әңгімеге сенбей, барып көрулеріңізге болады», — деп қорытындылады сөзін Чжан Сяо.
Ұлттық музей директорының м.а. Абай Сатыбалдин мұндай көрмелердің екіжақты мәдениет алмасуда маңызы зор және Қазақстанның «Алтын адам» көрмесі Қытай қалаларында жалғасатынын атап өтті.
«Бүгінгі көрме «Бір жол, бір белдеу» бастамасының 5 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Қытай елшілігі мен Ұлттық музей арасындағы ортақ жобалар арқылы тек Қазақстанда ғана көрмелер ұйымдастырылып жатқан жоқ. Биыл біздің қызметкерлеріміз Қытайға барып, сол елдегі жетекші музейлерге барып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, «Алтын адам» көрмесін Сиань қаласындағы ірі музейге қойдық және оны 200 мыңға жуық турист көрді. Келесі жылы Бейжің қаласында да осы көрмені ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», — деді Ұлттық музей директорының м.а.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ