Алматыда пластикалық отадан соң көз жұмған әйелдің туыстары 50 млн теңге талап етті — новости Казахстана
Алматы қаласының медициналық орталықтарының бірінде липосакция отасынан кейін көз жұмған Дана Агамырадованың әпкесі хирург Дмитрий Писаревтен 50 миллион теңге талап етіп отыр. Бұл туралы әйел адам Алмалы ауданының сот отырысында мәлімдеген деп жазады Sputnik-Қазақстан агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.
Моральды өтемақы құнын Ирина Агамырадова 50 миллион теңгеге бағалаған. Кеше оның қорғаушысы ота жасаған хирург Дмитрий Писаревке азаматтық іс талабын ұсынды.
Ирана Агамырадова сіңлісінің өлімінен кейін қаржылай көмек көрсетілмегендіктен, марқұмды туған жері Украинада емес, Алматыда жерлеуге тура келгенін алға тартты.
Сонымен қатар, медициналық орталық ота жасатуға кеткен ақшаны қайтармапты.
Марқұмның артында кәмелеттік жасқа жетпеген қызы қалған. Қазір оны Ирина тәрбиелеп отыр екен.
Сот отырысына медициналық орталықтың директоры Ольга Тютюнникова да қатысты. Оның сөзінше, отаның құны 615 мың теңгені құраған.
Ота жасауға жұмсалған ақша көлемін орталықтың директоры жақын арада қайтаруды уәде етті.
Орталық директоры Писаревтың клиникада ресми түрде жұмыс істемегенін, шақыртылған хирург болғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, сот отырысында анестезиолог Алексей Сек нашар талдамалар шыққандықтан, ота жасауға рұқсат етпесе де, Дмитрий Писаревтің отаны жасағаны анықталды.
Алайда отаның жасалуын емделушінің өзі талап еткен екен.
Тағы бір айта кететін жайт, ота барлық қажетті құрылғымен жабдықталған кіші операция залында жүргізілген.
Ольга Тютюнникова істің ескілігіне байланысты жазадан босатылды. Тергеу барысында ол кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізген.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында денесіндегі артық майын алдырмақ болған Дана Агамырадова 2016 жылы қайтыс болған болатын.
Пластикалық ота жасаған хирург сот алдында жауап берген еді.