Алексей Цой: Қазақстандағы коронавируспен күреске $2 миллиард бөлінді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой БҰҰ Бас Ассамблеясының COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимылға арналған 31-сессиясына қатысты, деп хабарлайды KzNews.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі қатысушыларға бейнеөтініш форматында үндеу жолдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында халықтың денсаулығын қорғау ел басшылығы ерекше назар аударатын негізгі басым бағыттың бірі екенін және дамыған мемлекеттер мен БҰҰ агенттіктерінің қолдауымен жаһандық денсаулық сақтау жүйесін құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл, әсіресе, әлемге тараған пандемия кезінде айқын көрінді, ал індетті жеңу үшін бірлесе, келісе отырып күш біріктіру керек», — деді А. Цой.
Министр COVID-19-ға қарсы күресте Қазақстан халқына гуманитарлық және практикалық көмек көрсеткен барлық елге, сондай-ақ өте қиын кезеңде әдіснамалық және гуманитарлық көмек ұсынған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына алғыс білдірді.
А. Цой коронавирус инфекциясымен күресте халықаралық ынтымақтастықтың, өзара іс-қимылдың және қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Пандемия басталғаннан Қазақстан Үкіметі экономикалық тұрақтылықты сақтап қалуға және инфекцияның таралуын тоқтатуға арналған шараларды әзірлеуде. Қазақстанда COVID-19-дың алдын алу және денсаулық сақтау жүйесін дайындау бойынша жұмыстарды жалғастыруда, -деді министр.
Қазақстандық ғалымдар COVID-19-ға қарсы вакцина әзірледі, ол ДДСҰ тізіміне енгізілген және клиникалық сынақтардан сәтті өтуде. 2020 жылы COVID-пен күресу үшін 2 миллиард доллардан астам қаражат бөлінді.
А. Цой бірлескен күш-жігер мен дұрыс үйлестірілген шаралар арқылы пандемияны тоқтатуға болатынына сенім білдірді.