Тромбофлебит — Денсаулық — Bilim
Күре қан тамырының жан-жағы, қабырғалары қабынып, қан жүру жолдары бітеліп қалады. Оны тромбофлебит ауруы деп атайды. Тромбо — ұйыған қан түйіршіктері. Тромбофлебит ауруына көбіне жиырма жастан асқан әйелдер шалдығады. Тромбофлебит ауруына денедегі көптеген күре қан тамырлары ішінен аяқтағы күре тамырлар жиі шалдығады.
Аурудың пайда болу себептерін зерттеген ғалымдар бұл ауру күре тамыр өзегіне еніп кеткен микробтардың кесірінен деп табады. Сонымен қатар, ғалымдар аурудың пайда болуына бүкіл ағза қабілетінің төмендігі, күре тамырлардың ішкі қабырғасының зақымдануы, күре тамырдағы қан жүрісінің баяулауы, қан құрамының өзгеруі деген тұжырымға келіп, қан ұю процесінің тездетілуіне мән беріп отырады.
Тромбофлебит ауруы жедел, жеделге жуық және созылмалы болып бөлінеді. Орналасу деңгейіне қарай шала, тайыз және терең болып және бөлінеді. Қабыну процесінің деңгейіне орай іріңді тромбофлебит және іріңсіз тромбофлебит деп бөлінеді.
Тереңде жатқан қан тамырлары аяқ астынан тромбофлебитке шалдыққанда аяқ сырқырап ауырып, ісініп, домбығып кетеді. Терісі жылтырап, бозарып, кейде көгеріп кетеді де, кейде қатайып, ширай түседі. Осы кезде адамның дене қызуы күрт көтеріліп, 39-40 градусқа дейін жетеді. Дәрігер науқастың екі аяғын қолымен ұстап көргенде ауруға шалынған аяқтың сұп-суық екенін бірден байқайлы.
Жедел тромбофлебит кезінде күре тамыр жолының әр жерінде көптеген іріңдіктер білініп, бүкіл аяқты флегмона жағдайына жеткізуі мүмкін. Бара-бара оның жедел түрден кейінгі кезеңге ауысып, сонан соң созылмалы ауру түріне айналып кетуі жиі кездеседі. Жедел тромбофлебит кейде екі апта арасында жазылса, кейде жазылу мерзімі 2-3 айға дейін созылып кетеді.
Ал шала, тайыз тромбофлебит басталғанда ауру сезімі жанға батпайды, дене қызуы пәлендей емес, дегенмен сынап бағаны 37-37,5 градус төңірегінде тұрады. Біраздан соң дене қызуы бірте-бірте қалпына келеді. Аяқтың ісінуі, домбығуы шамалы. Науқастың аяғына қарап отырғанда дәрігердің көзі тері астындағы қызыл жолдарға түседі. Ол қабыну процесіне шалынған тері астындағы күре қан тамырлары. Біраз уақыт өткен соң осы тамыр жолдарында түйіліп, шемендетіп қалған ісіктер пайда болады. Ол тамыр өзегінде пайда болған тромбтар. Ауруға шалдығатын көбінесе тері астындағы үлкен және кіші тамырлар.
Терең және тайыз жатқан тамырлар тромбофлебитке шалдығып, аурудың созылмалы түріне айналғанда ауру бірнеше айға немесе жыл бойына созылып кетеді. Созылмалы тромбофлебит ауруы көбінесе қайталана береді.
Аурудың тағы бір түрі — миграциялық тромбофлебит. Бұл көбінесе ер адамдарда кездесіп, қол немесе аяқтың беткі күре тамырларында пайда болады. Мұндай жағдайда науқастың жалпы жағдайы нашарламайды, дене қызуы 37-37,3 градус шамасында. Ауруға шалдыққанда ауру сезімі күшейіп, күре тамырда түйін пайда болады, терілер қызарып, аздап ісінеді. Енді біраздан соң осы өзгерістер көзден ғайып болып, басқа жердегі тайыз тамырларға көшеді. Аталмыш ауруды қазақша айтқанда көшпелі ауру деуге болар еді. Себебі, ауру белгілері тұрақсыз, біресе оң аяқтан, біресе сол аяқтан шығып отырады. Миграциялық тромбофлебит жылдар бойы жазылмайды да, созылмалы аурулар қатарына жатады.
Науқас адам қатерлі де қиын операцияны басынан өткізгеннен кейін, оның өміріне аурудың флеботромбоз және эмболия түрлері қауіп төндіреді. Әсіресе қатерлі ісігі болған науқастың тамырларында (әсіресе балтыр және сан төңірегіндегі тамырлар) тромб пайда болып, операциядан кейін 5-7 тәулік өткеннен соң сол тромб орнынан қозғалып, қан ағысымен жүріп отырып, өкпе төңірегіндегі қан тамырының өзегі жіңішкерген жеріне келіп, тамыр өзегін бітеп тастайды. Мұндай жағдайда науқас адам өліп кетуі мүмкін. Осы себепті операциядан кейін науқас адам ертерек қимыл жасап, жүре бастаса, айтылып өткен қатерлі, қауіпті жағдайды болдырмауға әбден болады.
Емдеу
Тереңде жатқан күре қан тамыры тромбофлебит ауруына жедел түрде ұшыраса, науқас адамды сол мезетте ауруханаға тапжылтпай жатқызып қою шарт. Жатқызып қоймаса, микробтар қан айналымына түсіп, эмболия жағдайын туғызуы мүмкін. Адамның ауруға шалынған аяғын шинаға салып, көтеріп қойса, қанның күре тамырмен жүруіне жол ашылып, аяқтың ісігі қайтып, ауыру сезімі төмендейді. Жүрек-тамыр жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болмаса, науқас адам тәулігіне ең кемі 3-3,5 литр су, суйық зат ішуі керек.
Ал беріде жатқан күре тамырлар аяқасты тромбофлебит ауруына ұшыраса, науқас адамның төсекте аударылып жатуына, түрегеп отыруына және аяғын шинадан 15-20 минут шамасындай түсіруіне рұқсат етіледі. Аяқты жылытатын сормақта тағайындалады. Науқас адамның осыдан жағдайы жақсарса, бірнеше тәуліктен соң бұл амал қайта тағайындалады. Қан айналымын жақсарту үшін А.В. Вишневский әдісі бойынша ине арқылы жылытылған 0,25 пайыз новокаин ерітіндісі 60-80 мл мөлшерінде науқастың бел төңірегіне, яғни бүйрек төңірегіндегі майға енгізіледі. Бір жеті өткен соң осы емді қайталауға болады.
Науқас адамның ауруға шалдыққан аяғында қан тамырының соғуы нашарласа, онда аяғына суық грелка қойып, ауыру сезімін азайтады.
Тайыз, беткі тамырлар созылмалы тромбофлебит ауруына ұшырағанда ультракүлгін сәулелер пайдаланылып, соллюкс-лампа тағайындалады. Кейде инфрақызыл сәулесі көмек көрсетеді.
Тромбофлебит ауруының қай түріне де қанның ұю процесін төмендету үшін қосымша антикоагулянттар тобына жататын дәрілер тағайындалады. Олар натрий цитраты, гепарин, фенилин, дикумарон, пелентан және басқалар. Кейде сүлік қолданылады. Пелентан, фенилин, синкумар дәрілері қан құрамындағы протромбин мөлшерін азайтатындықтан, ағзада жаңа тромб пайда болмайды. Дені сау адамның протромбин көрсеткіші қалыпты жағдайда 75-100 пайыз болса, осы көрсеткіш тромбофлебит ауруына шалдыққандардың арасында 117-127 пайызға дейін жетеді. Осы көрсеткішті дәрілер арқылы төмен түсіруге болмайды, себебі танаудан, тіс аралығынан, жатырдан қан кетіп, науқас адам қан сиюі мүмкін. Айтылып отырған дәрілерді әр адамның қабылдауы әр түрлі, ал 60 жастан асқан адамдар бұларға тым сезімтал келеді. Дәрі салдарынан науқас адам қан сисе, оны уақытша тоқтатып, қан уйытатын дәрілер (викасол, хлорлы кальцйдің 10 процент ерітіндісін), сарысу, 200-250 мл қан құю тағайындалады.
Антикоагулянттар тобына жататын дәрілер бүйрегі, өкпесі, бауыры ауыратын немесе жарақаты жаңадан пайда болған адамдарға тағайындалмайды.
Қан тамырының өзегін бітеп тұрған тромбты еріту үшін фибринолитикалық топқа жататын дәрілер қолданылады. Жаңадан ғана пайда болып, әлі қатаймай тұрған тромбты дәрілер біржолата ерітіп, жоқ қылып жібереді. Осындай қасиеті бар дәрілерге фибринолизин, урокиназа, стрептокиназа, трипсин, тимотрипсиндер жатады.
Тромбофлебит ауруын хирургиялық, яғни операция жолымен де емдейді. Іріңді тромбофлебит кезінде науқас адамды операцияға алып, күре қан тамыры өзгерген жерден жоғары, науқас зардабы шалмаған тұстан қан тамырын байлап тастайды.
Іріңді тромбофлебит ауруын операция жолымен емдеудің тағы бір түрі — іріңдеп тұрған жерді пышақпен тілу, яғни іріңді тамырды кесу әдісі. Тілінген жараға тұзды суға малынған дәкемен тампон қойылады.
Созылмалы тромбофлебит ауруын операция жолымен емдегенде венэктомия операциясы арқылы ұзындығы 35-40 см-ге дейін күре тамырды кесіп алып тастайды.
Операциядан кейін 2-3 күн өткен соң антикоагулянт тобына жататын дәрілер мен антибиотиктер тағайындалады. Беріде жатқан күре қан тамыры тромбпен бітеліп қалса, сол тамырды тромбасымен бірге сылып алып тастайды.
Операциядан кейін қимылсыз жатқан науқастың қан тамырларында өзгерістер болса, ондай адамға дәрілер тағайындалады. Егерде қанның тромбин көрсеткіштері ұлғайып, көтеріліп кетсе, дәрілер онда антикоагулянт тобынан тағайындалмақ.
Ә. Дүрмәнов медицина ғылымдарының докторы, профессор
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: