ШҚО әкімі Карл Байпақовтың туған-туыстарына көңіл айтты
ШҚО әкімі Даниал Ахметов өмірден озған қазақстандық ғалым Карл Байпақовтың туған-туыстарына көңіл айтты.
«Белгілі қазақстандық археолог ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі Карл Молдахметұлы Байпақовтың өмірден өткенін зор күйзеліспен қабылдадым. Бұл – ел үшін орны толмас қаза болды.
Шығысқазақстандықтар мен жеке өз атымнан Карл Молдахметұлының отбасына, туған-туыстары мен халықаралық ғылыми қауымдастыққа қайғырып, көңіл айтамын.
Отандық археология майталманы, Қазақстан тарихы бойынша алғашқы оқулықтардың авторы болған Карл Молдахметұлы орталық азия мен Қазақстанның орта ғасырлық археологиясына айтулы үлес қосқан ірі маман ретінде ұлы дала тарихын түгендеп, байыта түскен көне қалалар мен қоныстар бойынша ауқымды зерттеулерді алғаш жүргізген еді.
Соңғы жылдары ол шығыс Қазақстан облысында xvii ғасырға жататын буддизм мәдениетінің қазынасы болған аблайкит бекініс-ғибадатханасын зерттеумен шұғылданды. Археология саласындағы ғылыми-зерттеу саласындағы облыстық бағдарлама аясында зерттеу жобасына жетекшілік етіп, Қазақстан аумағындағы көне ескерткіштерді зерттеуге баға жетпес үлесін қосты.
Карл Молдахметұлы Байпақовтың ғылыми еңбектері мен монографиялары алдағы уақытта зерделеніп, жалғасын табарына, қазақстандық және халықаралық археология мен ғылымға тың жаңалықтар мен білім дереккөзі боларына кәміл сенемін», — деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.