Білім министрлігі ата-аналар чатында тараған қауіпті ойын туралы ақпаратқа пікір білдірді

0

Ата-аналардың чатында балаларды суицидке итермелейтін танымал компьютерлік ойын туралы ақпарат тарап жатыр. Еліміздің білім министрлігіне қарасты балалардың құқықтарын қорғау комитеті осыған қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл ақпаратты бірден өкілетті органға – ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдады. Олар бұл контентті зерделеп, бұғаттау мәселесін шешеді. Сондай-ақ контенттің қауіпсіздігін тексеру үшін «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне орналастырдық», — делінген ресми мәлімдемеде.

Бұған қоса, шындыққа жанаспайтын хабарлама таратқандарға шара қабылдау үшін ақпарат Ішкі істер министрлігіне жіберілген.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жалған ақпарат таратпауды және қажет болған жағдайда, сенім телефонына хабарласуды сұрайды: 8 (7172) 74-25-28 және +7 (778) 289-81-57.

Сонымен қатар тәулік бойғы BALA QORGAU телеграм-чатына да жүгінуге болады.

Басылымның жазуынша, бұған дейін әлеуметтік желілерде Among Us («Біздің арамызда») ойыны туралы ақпарат пайда болған. Анонимді аудиохабарламада ойынның балаларды суицидке итермелейтіні айтылған.

Among Us – қолданушылары көп компьютерлік ойын. Оны америкалық InnerSloth компаниясы әзірлеген. Ойын 2018 жылы 15 маусымда шықты. Ғарыш кемесіне «жиналған» ойыншылар екі командаға – экипаж мүшелері және сатқындар деп бөлінеді.

2018 жылы ойын қатты танымал болмаған еді, бірақ биыл Twitch пен YouTube-тің арқасында кең таралды.

Еске салайық, осыған дейін маман қажетсіз және қолданылмайтын қосымшалар смартфон жадын толтырып тастайтынын, сондықтай ай сайын оларды тазартып отыру қажеттігін айтқан еді.

Одан бөлек, бұған дейін ғалымдар ұялы телефонға тәуелді адамдарға смартфон жарығының зияны барын айтып, дабыл қаққан болатын.