Ыстық көсеу басып, тепкінің астына алады: Алғабастағы ерлі-зайыптының қызға жасағаны жұрттың жағасын ұстатты
Алматыда арнайы жасақ сарбаздары Алғабас ықшам ауданындағы наубайханаға басып кірді. 25 жастағы қызымды үш жылдан бері құлдықта ұстап отыр деген ана көмек сұрап хабарласқан. Расымен де, Камила Етназарованың айтуынша, оның денесінде көгермегін жері жоқ, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Камила кейде мені аяқпен теуіп, ыстық көсеуді басып алатын деп егіліп жылады. Жас қызды құтқаруға келген арнайы операция күдіктілерді ұстады.
«Анамды көргім келеді, бірақ мені жібермейді. Үш жыл болды. 150 мың теңге жалақы береміз деген еді. Тек 20-30 мың теңге ғана береді. Оған керек заттарымды аламын», — деді Камила.
Өзін құтқаруға келгенін көрген бойжеткен еңіреп жылап жіберді. Сағат таңғы 11:00-де жұмысы басталып, келесі күні сағат 17:00-де аяқталады екен. Жұмысты баяу істеп қалса, кәсіпорын басшысы жұдырық ала жүгіреді дейді.
«Жұмысты баяу істеп қалсам, кәсіпорын басшысының туған інісі жұдырық алып жүгіреді. Шоққа көсеуді қыздырып, денемді бірнеше рет күйдірді», — дейді жәбірленуші.
Ащысуға сылқия тойып алған күні сан мәрте келіп, тепкінің астына алғанын айтады. Бұл қорлыққа шыдап келген қыз шешесін уайымға салмау үшін тіс жармай келген. Жұмысқа жеккендер «аузыңды ашсаң, айтпады деме» дегенге салып, қоқан-лоқы көрсеткен. Кәсіпорын иесінің бауыры Камилаға ыстық көсеу басқанын есіне түсірді.
«Ол үш жыл бұрын болған. Ойнап жүріп болған жағдай. Айтысып қалдық, сол кезде тептім. Ыстық көсеуді әдейі басқан жоқпын», — деді Шарапат Ақпанов.
Наубайхана басшысы Камиланың әлі берешегі бар деген сылтаумен «құжатын тартып алдық» дейді. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер жұмысшылардың ешқайсысында еңбек кітапшасы жоқ екенін, цехта тазалық талаптарының сақталмағанын мойындады.
Бұл үйде Камиладан басқа тағы 7-8 адам заңсыз жұмыс істейді. Полиция жұмысшылармен бірге кәсіпорын басшыларын бөлімшеге алып кетті. Бұл жайт полицияның қатаң бақылауында болады. Камиланың анасы баламды қор қылғандар жазасын алсын деп талап етті. Анасы қызының үш жылдан бері құлдықта жүргенін білген жоқпын деп жылады.