Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Тест әдісі

0
Мектеп бітірген жылы үлкен ағасы бұған өзі де ұнатып қалап жүрген әдебиеттің оқуына барғанын қолдап, кеңес бере отырып, «оқимын деген адамның бәріне заң ортақ қой» деген еді. Ағасы айтса, айтқандай-ақ, сол жолы өзі қалаған оқуына түсе алды. Соңғы курста жүргенде, тарих мамандығына деген қызығушылығы оянды және болашақта осы мамандыққа тапсырып көруге деген мақсат қойды.

Мұғалімдік жұмысқа орналасып, оның алғашқы жылын өткізді. Сонан соң ойға алған мақсатына сай, құжаттарын дайындай бастады да, бірақ ішкі ойы одан гөрі құқық мамандығына тапсырып көрсем деген ойға тіреле берді. Бұл жолы апасына ештеңе дей қоймады, айтсам, келісімін бере қоймас деп ойлағаны.

Құжаттарын өткізген күннің ертеңіне оқу орнының ауласындағы жиынды көзі шалды. Жиында оқу орнының басшысы сөйлеп тұр еді. Басшының аузынан осы уақытқа дейін баспасөз бетінде айтылып, бірақ қоғамға әлі аса таныс боп кете қоймаған тест, тест әдісі деген сөздер естіліп жатты. Басшының айтуынша, ендігі жерде оқуға қабылдану үшін сынақ тапсырудың жүйесінде өзгеріс болады. Емтихан тест әдісімен алынады. Бес бірдей пән бір жерге жинақталған. Ештеңе алып кірудің керегі жоқ. Жай қарындаш пен өшіргіш жане сұрақ кітапшасы мен жауап парағы болады.

Тестінің нәтижесіне қарап өзінің жинаған балы бойынша алда тұрғанын көрді. Тестілеудің нәтижесіне қарап-ақ өзінің оқуға қабылданғанын сезді. Ойлағанындай-ақ, келесі күндерде оқуға қабылданған студенттердің тізімінде тұр еді.

Бір айдан соң бұл бірінші курстан жоғары курсқа сұранды. «Сен күндізгі бөлімге түсіп тұрсың ғой, — деді бұған осы жердің жауапты, лауазымды қызметкері. — Ол сырттай бөлімде мүмкін. Онда да екінші курстың өзіне мүмкін деген сөзді ғана айта алам. Бұл мәселе тек ректордың рұқсатымен шешіледі».

Келесі күні ректордың қабылдауында болды. Ректор мұның өтінішін тыңдап алды да: «Менің атыма арызыңды жаз. Мен арызыңа тиісті курсқа деп қана қол қойып беремін. Мәселені әрі қарай декан шешеді», — деді. Шығып бара жатқанында, ректор қабылдау өткізіп отырған сәтте, жанында көмекшісі болып тұрған азамат ізінен дауыстай, ілесе шықты. «Қағаздарыңды маған алып кел, ректор сенің жұмысыңды маған тапсырды», — деді. Сол азамат деканға өзі алып келіп: «Мына жігітке ректор өзі сырттай бөлімнің келесі курсына көшуге рұқсат берді», — деп тапсырып шығып кеткен еді. Декан:

— Екінші курстың өзіне өту үшін бірінші курсты түгелдей тапсырып шығуың керек. Он күн уақыт берем. Сенің бұрынғы оқығаның басқа, бұл басқа. Сенің бұрынғы оқыған сабағың мұның ішінде жоқ. Қоғамдық пәнің де басқа. Қоғамдық пәннен мен бергем. Менің сабағыма алаңдамай-ақ қой. Саған өз мамандығыңа байланысты сабақтар да аз жүк болғалы тұрған жоқ, — деді.

Тізімде өмірі аты-жөнін ести қоймаған бейтаныс оқытушылардың есімдері тұр еді. Бұлар бұрын жоғары оқу орындарынан заң мамандығын алып шыққан, алды заң ілімінен ғылыми жұмыстарын қорғауға әзірленіп жүрген, жаңадан құрылып қалыптаса бастаған жас кафедраның оқытушылар құрамындағы оқытушы мамандар еді.

Бір ай дегенде барып қана бірінші курстың сабақтарын тапсырып деканға алып келді.

Екінші курсқа қосылғанда алдымен денелі, иықты келген жігіт ағасын жолықтырды. Осы топта оқитын бұл азамат құқық қорғау органының тәжірибелі қызметкері екен. Мемлекеттік тергеу комитетінің тергеу қызметінде істейтін, майор шеніндегі азамат болып шықты. Артынша-ақ подполковник шеніне көтерілген тергеу бөлімшесінің бастығы. Оның жанындағы жігіт аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, аға лейтенант жігіт екен. Бұл жерде осы азаматтардың осы саладағы басқа да әріптестері оқушы еді. Одан кейінгі жылдары оқу бағдарламасына сәйкес, бұлардың курсының барлығын да түгелімен құқық қорғау органдарынан — сот, прокуратура, әділет, ішкі істер органдарынан тәжірибеден өтіп келуге жолдады.

Төрт жылдан соң қалалық сот төрағасының алдында соңғы емтиханын тапсырып отырды. Жауабы «өте жақсы» деген бағаға бағаланды.

Сонау жылы ағасы «білім аламын деген адамның бәріне заң ортақ қой» деген еді. Одан соң заман жаңарды. Кейінгі қоғам талапты ұл-қызға тест әдісін ұсынды және оны уақыт өткен сайын жетілдіре түсуде. Кейінгі заман білімді ұл-қыздарға да, дарынды ұл-қыздарға да кеңінен жол ашты. Оған олардың алдыңғы аға-апаларының қолы жете қоймаған мүмкіндіктерге қаршадайын-ақ жетіп жатқандығы дәлел. Бұған дербестіктің шарапаты тиіп жатқандығы да күмәнсіз.