Қазақстандық балуан «Әлем Барысы» атағын сәтті қорғап қалды
Бүгін Алматыдағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» турнирі өтіп, жер жаһанның бұла күші тасыған балуандары сынға түсті.
Барыс атағын бірнеше рет еншілеп, ел алдында танылып қалған қазақ жігіттері осы жолы да бәсекелестік көрігін қыздырды. Қарсыластарын қоғадай жапырған Айбек Нұғымаров финалда Ерсұлтан Мұзапаровпен кездескен. Былтырғы чемпион Нұғымаров 140 келі салмақпен кілемге шықса, түркістандық Ерсұлтан 90 келі салмағымен алып балуанға қарсы тұрды.
Дегенмен Айбектің жылдар бойы жинаған тәжірибесі, сәйкесінше артық салмағы да өзіне қолай болған секілді. Нұғымаров қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, алтын белдікті және 10 миллион теңге көлеміндегі сыйақыны еншіледі. Ал Мұзапаровқа 6 миллион теңге табысталды.
Қола жүлдені ресейлік Роман Бобиков жеңіп алды. Оның қарсыласы грузиялық Гурам Тушишвили белдесуге шығудан бас тартқан.
Жалпы, осы жолғы турнирге әлемнің 29 елінен 34 балуан қатысты. Залға үш мыңнан астам көрермен жиналған. Сондай-ақ отандық және шетелдік телеарналар арқылы тікелей трансляцияланды.
Абай Аймағамбет