Менің тапсырысыммен ПТР мен масканың бағасы төмендетіледі — Тоқаев
Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.
Ол медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті.
Үкімет әкімдерімен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек.
– Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы Агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне ат салысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқтырғандарың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда.