Әйгілі «Астана Арландары» клубы тарап кетті

0

Қазақстан спорты тарихында үлкен жаңалыққа баланып, өзіне артылған сенімді толығымен ақтап, ел спортына күрзі жұдырықты талай боксшыны сыйлай алған, әлемдік бокста өзін мойындатқан «Астана Арландары» жартылай кәсіпқой клубы таратылды.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Данияр Абулғазин айтыпты. Клуб өзі құрылған уақыттан бері сегіз жыл уақыт ішінде бес мәрте бүкіл әлемдік бокс сериясының (WSB) финалына шықты. Соның үшеуінде қарсылас командадан басым түсіп, алтын жүлде еншіледі. Сонымен қатар клубтың қоржынында екі қола медаль бар.

«Астана Арландары» кубалық «Куба Домадорес» клубымен бірге турнирдің ең титулды ұжымдары саналады. «Астана Арландарының» атағы шыға бастаған алғашқы жылдары клубты белгілі бокс менеджері Болат Манкенов басқарып тұрған. Сол тұста команда сапында Қанат Ислам, Сергей Деревянченко секілді азулы боксшылар өнер көрсетіп, қазақ командасының намысын абыроймен қорғады. Кейін екеуі де кәсіпқой боксқа біржола ауысып, өз карьераларын сәтті жалғастыра алды.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненконың айтуынша, белгілі клубтың тарап кетуі – отандық боксқа тек теріс әсерін ғана тигізеді.

«Астана Арландарының» WSB жобасынан бас тартуы – отандық бокс үшін үлкен минус. Команда өз жанкүйерлерін қуантты. Нағыз бокс сыйлады. Енді әрі қарайғы тағдырының қалай өрбитінін айта алмаймын» дейді ол.

Жағдайға байланысты «Астана Арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков та пікір білдірді.

Нұрлан Ақүрпековтың фотосы: Қазақстан бокс федерациясы

«Жалпы, «Астана Арландары» ғана емес, WSB жобасындағы барлық команданың да жолы жабылып тұр деп айтуға болады. Жақында ғана Ғафур Рахимов AIBA президенті болып сайланды ғой. Меніңше, сол кісінің жасап жатқан өзгерістері сияқты. Ол кісінің «Бокс мен үшін зардап шегетін болса, отставкаға кетуге дайынмын» деп берген сұхбаты бар екен. Енді, байқап көрейік. Отставкаға кеткен жағдайда, басқа президент келуі мүмкін. Ол қандай жаңалық ашады немесе өткен қателікті түзейді дегендей. Сол кезде барып WSB жобасы қайта оралуы мүмкін. Жалпы, «Астана Арландарының» отандық боксқа берген пайдасы өте орасан. Әуесқой бокста бағы жанбай жүрген мықты боксшыларымыз осы клубқа келіп, өз жолдарын тапты. Жарқын жеңістерге жетті. АҚШ-ты шулатып жүрген Мадияр Әшкеев, Мейірім Нұрсұлтанов, Батыр Жүкембаев, Асхат Уәлиханов, Айдос Ербосынұлы, Арман Рысбек, жалпы қай-қайсын алсақ та бәрі біздің мектептен өткен, ысылып, шыңдалып, «арланға» айналған потенциалы жоғары жігіттер. Қазіргі кезде де «Астана Арландары» қатарында жұдырықтасуға лайықты боксшыларымыз өте көп еді. Олардың бәрі бірдей ұлттық құрамаға ілінбейді. Ілінсе де бірінші нөмір бола алмауы мүмкін. Сондықтан олар өздерінің тәжірибесін жетілдіріп, мықты бола түсу үшін осындай рейтингі, жағдайы жоғары клуб керек-ақ еді» дейді Ақүрпеков.

Еске салсақ, Нұрлан Ақүрпеков 2013-2018 жылдар аралығында «Астана Арландары» клубы сапында бапкер ретінде қызмет етті. 2008 жылы Бейжің олимпиадасының чемпионы атанған Бақтияр Артаевтың ұстазы. Қазіргі таңда 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлды жаттықтырып жүр.

“The Qazaq Times”