Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
Бердібек Сапарбаев жаңа орынбасарына алдағы бірқатар негізгі міндеттерді қойды. Олардың қатарында мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, білім беру және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту, мәдени-демалыс қызметін жандандыру, дене шынықтыру мен спортты дәріптеу, ардагерлерге, зейнеткерлерге, мүгедектер мен аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін әлеуемттік көмекті күшейту, қоғамдық ұйымдарды дамыту және т.б. сұрақтары бар.
«Бұлар біздің бүгінгі басымдықтарымыз. Сіздің әлеуметтік саладағы үлкен тәжірибеңіз қойылған міндеттерді сапалы шешуге мүмкіндік беретініне сенемін. Осының бәрі ақтөбеліктердің әлеуметтік әл-ауқатын дамыту үшін маңызды », — деп атап көрсетті облыс басшысы.
Марат Тоқжанов 1965 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Білімі жоғары, Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясы мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі, заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын 1990 жылы Жезқазған облысының Сәтбаев қаласындағы мектеп-интернатының мұғалімі болып бастаған.
1990 – 1999 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының саяси тарих кафедрасының ассистенті, «Ақжайық ЛТД» ЖШС директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің археология институтының ғылыми қызметкері болды.
Әр түрлі жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында, Қазақстан Республикасы энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мемлекеттік материалдық қор бойынша комитетінің бөлімінде, ҚР Әділет министрлігінің ішкі әкімшілендіру департаментінің бақылау бөлімінде басшылық қызметтерді атқарды.
2004 жылы Теміртау қаласындағы әділет басқармасына басшылық қызметке тағайындалады.
2007-2017 жылдар аралығында Орал қаласы әкімінің орынбасары, БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі, БҚО білім басқармасының басшысы, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы, БҚО әкімі аппаратының басшысы және БҚО әкімінің орынбасары болған.
2018 жылдың қаңтар айынан бастап соңғы тағайындауына дейін ҚР кәсіподақ ұйымдары федерациясының басшысы болды.