Латвияда алғаш рет тоғызқұмалақтан жарыс өтті
Олайнеде (Латвия) қазақтың зияткерлік ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай жарыс өтті. Сайысты Қазақстанның Литва және Латвиядағы елшілігі, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Олайне қаласы әкімшілігі ұйымдастырды.
Жарысқа 20 спортшы қатысты. Спортшы С. Ақтаев мың жылдық тарихы бар ойынның қыр-сырымен таныстырып, қатысушыларға стратегия құру мен жылдам жеңіске жету тәсілдерімен бөлісті.
Тартысты интеллектуалды және стратегиялық сайыс нәтижесінде ересектер арасында: 1 орын — С. Ақтаев (Қазақстан), 2 орын — Д.Липина (Латвия), 3 орын — Д. Козлов (Латвия). Ұлдар арасында: 1 орын — Д. Липин (Латвия), 2 орын — Д. Козлов, 3 орын — Д. Раминиш. Қыздар арасында: 1 орын — В. Чагина (Латвия), 2 орын — E. Чагина, 3 орын — M.Гетманюк иеленді.
Алдағы уақытта елшілік пен Федерация жарысты жыл сайын өткізіп, оның ауқымын кеңейтуді жоспарлауда. Латвиядағы тоғызқұмалақ спорты бойынша секция Л. Азимованың басшылығындағы «Логика» интеллектуалды үстел ойындары клубының базасында құрылған.
Латвиялықтар қазақ мәдениеті кеші ауқымында сондай-ақ Қазақстанның табиғаты туралы фотокөрме мен ұлттық биді тамашалап, қазақы дастархан мәзірінен дәм татты. Олар Қазақстан туралы викторинаға қатысып, оның аясында Президент Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі мазмұнымен танысты. Латвиялық мектеп хоры қазақстандық тарапқа сыйлық ретінде «Дударай» ұлттық әнін орындап берді
Тоғызқұмалақ тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Германия, Чехия, Франция, Швейцария және тіпті Колумбия сияқты әлемнің көптеген елдерінде де танымал. Қазақстанда тоғызқұмалақпен екі жүз мыңнан астам адам шұғылданады. Келесі жылы Түркияда тоғызқұмалақтан кезекті V әлем чемпионаты өткізіледі.