«Тиімсіз болуға арланамын»: Иманғали Тасмағамбетов лауазымға қызықпайтыны туралы
Ел Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылға жуық уақытта жоғары мемлекеттік қызметтер атқара жүріп, үнемі ел назарында болған Иманғали Тасмағамбетов дәл қазір немен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
— Күтпеген жерден зейнет демалысына шығып кеткеніңізге де бір жылға жуықтапты. Құпия болмаса, қазір немен шұғылданып жүрсіз?
— Құпия емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді. Жаңа өзіңіз айттыңыз, көп жыл елдің қызметінде жүрдік. Жатсақ- тұрсақ ойымыз жұмыста, бойымыз үйден алыста болдық. Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, ер азамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ.
Осы жолда азды-көп халыққа пайдамыз тиіп, еңбегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы… Зейнет демалысы деп отырсыз ғой… Мен үшін бұл «күтпеген сый» болды деп айтпаймын. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешімім. Өз қалауым. Ашығын айтқанда, бұл өмірде «құлақсыз сандық» секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым-қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін.
— Еліміздегі Жастар ұйымының жетекшілігінен бастап, Премьер-Министрлікке дейінгі және одан кейінгі атқарған әкімшілік-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-ағартушылық салалардағы қайраткерлік қызметтеріңізден жалпы қауым жақсы хабардар екеніне күмәнім жоқ. Әйтсе де, ел-жұрт Сізден, ұлт мәдениеті мен руханиятының жанашыры ретінде, осы төңіректегі пікірлеріңізді көбірек естігісі келетінін білемін. Жалпы қазақ ұлты үшін бүл тақырыптардың өзектілігі неде?
— Ұлт мәдениеті мен руханияты туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Талай аласапыран заманды, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген елміз. Ұлт ретінде жойылып кетудің алдында қалған сәттер қаншама болды. Бірақ, халқымызды осы зұлмат пен нәубеттерден аман алып қалып отырған бір дүние бар. Ол – ұлттың жады. Жаңа өзіңіз айтып отырған ұлттық руханият та, рух та, мәдениет те, тіл де, дін де, тіпті иман, ар-ұят мәселесі де барлығы осының ішінде. Біздің ата-бабаларымыз үшін «Рух» сөзі өте қастерлі ұғым. Мәңгіліктің синонимі. Сондықтан осы ұлттың Жадын мәңгілік қылып сақтау кешегі ата-бабалардан бүгінгі ұрпақ бізге аманат.
Өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану толқыны кейінгі ұрпақтың бойындағы Ұлт жадын қатты шайқап жатыр. Бұл – үлкен қасірет. Сондықтан біз дәл бүгінгі күнде ұлттық санамызды, әсіресе жас буынның санасын ауық-ауық сілкіп тұруымыз керек. Сіздің сұрағыңыздағы қазақ ұлты үшін бұл тақырыптардың өзектілігі неде дегеннің жауабы – осы.
— Өзіңіз бас болып, монғол жерінен тасқа таңбаланған Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесін жасатып, елімізге алып келгенде, атажұртқа бабалар рухы қайта көшіп келгендей әсерде болған едік. Үлкен Одақтан саяси-экономикалық дербестік алғаннан кейінгі, еліміздің рухани серпілуіне осы бір оқиға себепкер болды десек артық айтқандық емес. Бұл оқиғаның қазақ халқының тарихындағы алатын орны қандай?
— «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады. Жаспен жазған – қанжілік, таспен жазған мәңгілік» деген бар. Адамзат тарихында талай елдің шежіресі тасқа жазылған немесе таспен өрілген белгілер арқылы сақталып, тарих атты ұлы кітаптың мұрағатына қатталып жатыр. Мұның өзі – тұтас өркениеттің өлшемі. Мысырдың Пирамидалары немесе Қытайдың Ұлы Қорғанына қараңыз… Ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ.
Жазу мен сызу, мұрағат жию сияқты әдеті болмаған қай халық болсын, кешегісін бүгінімен сабақтастыра алмай, пұшайман күйге түседі. Сондықтан Күлтегіннің келуі, осындай жазба ескерткіштің сырын ашу – біздің ұлттық тарихымызды жаңа белеске көтерді. Білге қағанның, Тоныкөк бабаның, Күлтегін батырдың есімдері төл тарихымызға енді. Ең бастысы — «қазақта тамыр жоқ, өз мемлекеті болмаған» дегендердің аузына құм құйылды.
«Қазақ әдебиеті» газеті