Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы тапсырыспен адам өлтіру: Киллерлер
Құрметті оқырман, бұған дейін журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабынан «заңдағы ұрылар», ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілері, баскесерлер, маньяктар туралы аса қызықты материалдар жарияладық. Енді назарларыңызға тапсырыспен кісі өлтіру оқиғаларын ұсынбақпыз.
Александр Свичинский, Йосиф Мильграм, Мардан Сапарбаев, Нұрлан Тұрысов, Ержан Тәтішев және тағы басқалардың өлімінің сырын алдағы уақытта біздің сайтымыздан оқып біле аласыз.
Александр Свичинский
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы тапсырыспен кісі өлтіру құрбаны – «Қарағанды металлургия комбинатының» бас директоры Александр Свичинский.
Еліміз үшін Қарметкомбинаттың маңызы зор. Республика басшылығының да көзі түзу. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өмірлік мәнсабын осы комбинатта бастағаны үшін ғана емес, еліміздің экономикасы мен өнеркәсібі үшін де маңызы зор.
Свичинскийдің өліміне қатысты қылмыс ашылғаннан кейін де алғашқы жылдары түрлі қауесет желдей есті. Түрлі конспиративті болжам айтылды. «Комбинатты жекешелендіруге қатысты екен» деген де сөз болды.
Свичинский – тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан мен Ресей саясатында ықпалды тұлға болған Олег Сосковецтің ізбасары. Сосковец өз орнына Свичинскийді бас директор етіп қалдырған. Бұл оқиғаның қызық тұсы бар.
Қылмыс президент Нұрсұлтан Назарбаев комбинатқа келіп кеткен соң төрт күннен кейін жасалған. Бұл төтен оқиға күштік құрылымдарды аяғынан тік тұрғызды.
Теміртауға ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратураның басшылары бірінен соң бірі келіп жатты. Қорқыныш пен толқыныстан премьер-министр Сергей Терещенко «комбинат директорын өлтірген қылмыскерді табуға көмектескендерге 5 млн рубль беремін» деп жариялап алып, бірақ уәдесін орындамады. Бәрін ретімен баяндайық.
Бұл қылмыстық істі ашқан тергеуші – Ғабдырахым Меңдешев. Меңдешев сол жылдары ІІМ қылмыстық іздестіру қызметі бастығының орынбасары еді. Қылмыскерді, тапсырыс берушіні өзі ұстады. Жасы келіп қалғанына қарамастан, қылмыстық істің бүге-шігесіне дейін есінде. Одан бөлек, кезінде «құпия» деген таңба соғылған қылмыстық іспен жеке өзім де таныстым.
Қылмыс 1992 жылы 28 желтоқсанда таңғы сағат 07:30-да жасалған. Қарақұстан тиген оқтан металлургия комбинатының директоры Александр Свичинский тіл тартпай кетеді. Оның 45 жасқа толуына небәрі бірер күн қалған.
Фото: Қылмыстық іс материалдарынан
«Перехват» жоспары шұғыл жасалғанымен, киллер із суытып үлгерген. Сол күні Қарағандыға Бас прокурордың орынбасары Буксман, ҰҚК төрағасының орынбасары Дегаев, ІІМ бірінші вице-министрі Ысқақов және министр Шумов келді. Осылардың шешімімен жедел-тергеу тобының жетекшісі болып Ғабдырахым Меңдешев тағайындалды. Ең үздік деген 15 оперді бөліп беріп, істі өз бетінше зерттеуге мүмкіндік жасады.
Свичинскиді комбинат тарихындағы ең іскер басшылардың бірі дейтін. Екі жыл басқарғанда көп жұмыс атқарып үлгеріпті. Мәселен, Теміртаудағы қысқы бақ – Свичинскийдің еңбегі. Сол жылдары комбинат тұралап қалған бірнеше совхозды қамқорлығына алған. Мұз сарайы, шұлық фабрикасы, автобус паркі. Жалақы кешіксе, директордың өзі жұмысшыларына азық-түлік әкеліп беретін болған.
Свичинскийдің мінездемесі.
Свичинский басшы болып келе сала, комбинатты тазалауды бастапты. Қолынан шаруа келмейтіндердің лауазымын төмендеткен, жұмыстан қуған. Ұрлық-қарлықты тыйған. Сол себепті де комбинатта көпшілік оны жақсы көретін. Жек көргендер де аз болмады. Өлімінің себебін осыдан іздеуге әбден болатын еді. Бұған дейін де бас директорға шабуыл жасалып, соққыға жыққан еді. Содан кейін оған жүргізуші-оққағар бекітіліп берілген.
Қастандық жасалғанда оққағарының оқтаулы тапаншасы бола тұра, бұғып қалыпты. Ол киллерді көлікпен қуып жетпек болғанда киллер оған тапанша кезенген. Оққағар қорыққаннан жата кеткен.
Оның айтқандары милицияға көмектескен жоқ. Алайда, қылмыс мотивін директордың айналасынан іздеуге себеп жеткілікті еді.
Милиция агентура арқылы аса нәзік жіптің ұшын ұстағандай болды. Қарағандыдағы кафелердің бірінде әлдекім қылмыскерлер арасынан үлкен мәселені шешетін адам іздеп жүргені белгілі болды. Осылайша оперлер комбинат цехының шопыры Силантия Чопчицке шығады. Ол көп бұлтақтамай, қалай болғанын айтып берді. Тапсырыс беруші – бас директордың бұрынғы орынбасары Борис Тимофеев екен.
Б.Тимофеев.
Оны Свичинский басшылыққа келе салып-ақ қызметте төмендеткен. Өйткені Тимофеев комбинаттан металл ұрлауы мүмкін деп күдіктенген. Свичинский Тимофеевтің ұлының да лауазымын төмендетіпті. Бұрынғы орынбасары осылайша тіс қайрап жүріпті.
Чопчицаның айтуынша, Тимофеев оған 1992 жылдың сәуірінде ұсыныс жасаған. Чопчица алғашқыда бас тартқанымен, кейін көмектесуге көнген. Сол жылы жазда ол Тимофеевке тапсырыс орындайтын киллерді тапқанын хабарлайды. Ол – Қарағанды мен Теміртауға жиі келетін литвалық азамат. Балтық теңізі жағалауындағы елдерден Қазақстанға көлік айдап әкеліп сататын. Осылайша, Чопчиц арқылы Тимофеев пен Юозас Максимавичус келіседі.
Тимофеев «ударник».
Киллерге еңбегі үшін су жаңа ВАЗ-2107 бермекші болады. Алайда киллер ВАЗ-2109 беруді талап етеді. Тоқсаныншы жылдардың басында одақ бойынша «девятка» хит еді. Тимофеев пен Максимавичус қол алысып, киллер дайындала бастайды. Калининград облысына арнайы барып, танысынан жаңа карабин, оқ, жарылғыш зат сатып алып, Қарағандыға келеді. Қару-жарақты Чопчицтің үйіне тыққан. Ол сыбайлас ретінде жерлесі Римантас Юргелайтисті ерте келіпті.
1992 жылдың желтоқсан айының ортасынан бастап киллерлер белсенді дайындала бастайды. Тағы бір аңшы қаруын сатып алып, ұңғысын кеседі. Қала сыртынды мылтық атуға машықтанады. Свицинскийдің әр қадамын аңдып, маршрутын, өмір салтын, жұмыс тәртібін әбден зерттейді.
Киллерлер дайындалып жатқанда Тимофеев те қарап жатпай, сыбайлас іздепті. Өйткені киллерлерге ақша төлеу керек еді. Қарметкомбинаттың сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің бұрынғы бастығы Александр Черныхқа жоспарын айтқанда, ол бірден қолдай кетеді. Өйткені Свичинский оны да қызметтен алып тастаған. Александр Черных екі күннен соң Тимофеевке 3 мың доллар әкеліп береді. Тимофеев өзіне 500 доллар алып қалады да, 2500 долларды Чопчицке береді. Чопчиц киллерлерге 2000 доллар жетеді деп есептеп, ол да 500 долларды қалтасына салып қояды.
Көңіл айту.
28 желтоқсан күні тапсырысты оңай орындаған киллерлер ұрланған көлікпен Чопчицтің гаражына келеді де, көлік пен карабинді, тағы бір мылтықты сонда тығады. Одан соң Тимофеев оларды үйіне әкетіп, бірер күн бұғып жатады. Силантий Чопчиц оларға 2000 долларды санап беріп, жаңа жылдан кейін жаңа «девятканы» жеткізіп беруге уәде етеді. Киллерлерді Қарағандының әуежайына жеткізіп салады. Олар алдымен Мәскеуге ұшып, одан әрі Вильнюске аман-есен жетіп алады.
Тимофеев киллерлерге жаңа машина жеткізіп беруге үлгермеді. Бұл кезде оның артында із кесушілер жүрген. Тимофеев те оңай-оспақ емес еді. Қарағанды мен Теміртауда абыройлы болатын. Өзі қалалық кеңестің депутаты, тиісуге болмайтын иммунитеті тағы бар. Алайда тапсырыс беруші Тимофеев екеніне күдік қалмағандықтан, жексенбі күні Теміртаудың прокуроры шұғыл жиын өткізіп, депуттаттардың бір ауыздан қолдауымен Тимофеевтің депутат ретіндегі иммунитеті жойылады. Сол күні Борис Тимофеев тұтқындалды. Оның үйінен аса ірі көлемде рубль мен АҚШ доллары табылды. Ол кезде доллар қолдануға тиым салынған-ды. Сол себепті оған кейін қосымша айып тағылды.
Свичинскийді атып өлтірген жер.
Киллерлерді ұстаудың жыры мүлдем бөлек. Бұл кезде олар Литвада тып-тыныш күн кешіп жатқан. Совет одағы тараса да ТМД мемлекеттерімен байланыс үзілмеген, бірақ Балтық жағалауы елдерімен барыс-келіс жоқ еді. Осы тұста ІІМ бас прокуратура шенділеріне жеке таныстарын қосуға тура келді. Литва мен Қазақстанның ІІМ арасында хат алмасу жүріп, Литва жерінде жедел топқа әрекет етуге рұқсат берілді. Бұл туралы Ғабдырахым Меңдешев былай деп еске алады:
– Вильнюске табанымыз тиген соң қонақ үйге заттарымызды тастадық та, бірден ІІМ-ге бардық. Олар біздің шаруамыздан хабардар екен. Бірақ Бас прокуратура санкция беруі керек. Бізбен бірген Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Буксман барған. Ол Литваның бас прокуроры Паулаускасқа кіріп, құжаттардың бәрін көрсетті. Ол Свичинскийдің өліміне қатысты бірден қылмыстық іс қозғатып, киллерлерді ұстауға санкция берді. Юозас Максимавичус Вильнюстен 180 шақырым жерде Вилкавишкис деген қалада тұрады екен.
Вильнюс. Фото: ғаламтордан.
Ол үйінде болды. Бізді салқынқанды қарсы алды. Тінтуге ордерді көрсеткенімізде үйінде доллар да, қару да жоқ екенін айтты. Ол өзінің жазадан құтылатынына сенімді сияқты көрінді. Бірақ қолына кісен салған кезде көздерінен үрей байқадым. Вильнюске дейінгі екі сағаттық жолда ол Свичинскийді атқан Юргелайтис екенін айтты. Алайда ІІМ-ге келіп, адвокатты көрген соң ештеңені мойындамай қойды. Тергеуді үзіп, үзіліс жасауға тура келді.
Бірнеше сағаттан соң оған Тимофеев пен Чопчицтің мойындауын көрсеттім. Сонда ғана ол бәрін айтып берді. Ақшаның көбін Римантис Юргелайтис алыпты. Осылайша біз Максимавичусты алып, елге қайттық. Екі айдан кейін Юргелайтистің ұсталғаны туралы хабар жетті.
Бірақ литвалық әріптестермен арада қолайсыздық туындады. Өзіммен бірге «Казправда» газетін алып барғанмын. Онда премьер-министр Сергей Терещенконың қылмыскерді ұстауға көмектескен адамға 5 млн рубль төленетіні туралы хабар жарияланған еді. Оның бір млн рублін литвалық әріптестерге беруге уәде еттім.
С.Терещенко.
Қылмысты аштық, бірақ үкімет 5 млн төлеген жоқ. Мемлекет дағдарыстан есеңгіреп тұрған кез, жалақы кешігіп, ел сансырап қалған. Қысқасы, Вильнюстегі әріптестерден кешірім сұрауға тура келді. Министр де түсіністікпен қарап, маған сыйақы бергізді. Міне сол сыйақыға сыйлықтар сатып алып, Литвадағы әріптестеріме жібердім.
Алғашқы үкіммен Б.Тимофеевке 15 жыл, Силантия Чопчицке 13 жыл, Александр Черныхқа 3 жыл жаза кескен. Бірақ Жоғарғы сот бұл үкімді бұзып, істі қайта қарауға жіберді. Соның нәтижесінде Тимофеев ату жазасына кесілді. Сұраған рақымшылығы қабылданбады.
Литва соты да киллер Максимавичусты ату жазасына кескен. Ол да рақымшылық сұрады. Литва президенті оны кешіріп, жазасын өмір бойы түрмеде отыруға ауыстырды. Юргелайтис 13 жылға сотталды.
Осы қылмысты ашқан Ғабдырахым Меңдешевтің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Үкімет шешімімен тергеу бригадасына жаңа көліктер берілді. Жетінші модельді бес жаңа «Жигули» Теміртау ІІБ-ге, Қарағанды облысына және ІІМ-ге бөлінді.
Ортақ шешіммен сол «Жигулилердің» бірін Меңдешевке берді. Бірақ тегін емес. Көлік құнының бір бөлігін бәрібір төлеуге тура келіпті…