Маска тақ: Марат Омаров коронавирус туралы тағы бір ән шығарды (видео)
Белгілі әнші, сазгер Марат Омаров коронавирус туралы тағы бір ән шығарды. Бұған дейін «Коронавирус, кет» әні ел аузында тез тарағаны белгілі. Тіпті шетелдіктердің бұл әнді шырқап жүргенін естідік. Сазгер мұнымен тоқтамай өзекті тақырыпта тағы бір әнін жазды.
Жаңа ән «Маска тақ» деген атпен шықты. Қазақша, орысша араластыра шырқаған әншінің мақсаты — көпшілікті карантин талаптарын сақтауға шақыру болса керек. Бұл сазгердің жаңа жобасы.
Сазгер бір топ қыз-жігітпен бірге жаңа әнін шырқады. Масқа таққан топ әнді қосыла шырқап, арасында би биледі.
Желі қолданушыларының бірі мұны жақсы қабылдады. Енді бірі сын айтты.
«Маска киіп алып, өлең айтып, билеп жүреміз енді! Флешмоб бола ма? Айтпақшы АҚШ-тың президенті сізді шақырды ма «короновирус кет-кет-кет…» әніңіз үшін?», «Мынау ән бе, мұны өнер деп айтуға да келмейді ғой», «Жап-жақсы шыққан, алғашқы әні секілді тарай берсін», «Алғашқы әніне ұқсайды сөзі де, әні де», «Бояушы бояушы десе, сақалын бояпты дегендей болды ғой», — деп жазды олар.
Бұған дейін Марат Омаров АҚШ-тағы қайырымдылық концертіне шақырту алғанын хабарлаған еді. Онда әнші «Коронавирус кет, кет кет» әнін шырқамақ.
«АҚШ-тағы блог-концертте қонақтар тізімінде мен де бармын. Бұл туралы әріптестерім айтты. «Коронавирус кет, кет кет» әнім шырқалады», — деп жазды Марат Омаров желідегі парақшасында.