Қайрат Жолдыбайұлы: Мұхаммеджан, халықтың сенімін қайтару үшін айналаңда жүрген сәлафи достарыңды сектадан шығар
Дінтанушы, имам Қайрат Жолдыбайұлы Мұхаммеджан Тазабектің ақидасына байланысты өз ұсынысын айтты.
«Жаңа ақидаң құтты болсын, Мұхаммеджан бауырым!
«Бұған дейін сәләфи жолындағы жігіттермен аралас-құралас болғаным рас. Матуриди ақидасына қатысты кейбір күмәнім болатын. Алайда, соңғы жылдары оның ең дұрыс сенім екеніне, ата-бабамыз ұстанған жол екеніне көзім жете бастады. Жүрегімдегі ең соңғы күмәндарымның сейіліп, Матуриди ақидасына толық бет бұруыма Наурызбай хазрет себепші болды. Ал таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта екеніне көзім жетті» М. Тазабеков.
Кейбір азаматтар Мұхаммеджан бауырымның жаңа ақидасына қатысты «бұл да көзбояшылық, тақиялық тәсіл» деп күмәнмен қарап жатыр екен. Осы тұста Мұхаммеджан бауырыма бұл күдікті кетірудің оп-оңай жолын айтайын. Айналаңдағы тығыз қарым-қатынаста жүрген сәлафи ақидасындағы адамдарды өзіңіз жиырма жылға жуық уақыттан кейін дұрыстығына әбден көз жеткізген Мәтуруди ақидасына қайтару үшін тер төгіп, аянбай еңбек етсең, бәрі өз қалпына келеді. Әсіресе, өзіңіздің неліктен мәтурудилікке қайтқаныңызды, сәлафилік ақидадағы өмірлік тарихыңызды айтсаңыз әсерлі болатындығында күмән жоқ. Бұған сіздің шешен тіліңіз де, ақыл-парасат, әдіс-тәсіліңіз де жетеді деп ойлаймын. Солардың бір-бірлеп мәтуруди ақидасына қайтқаны жайлы хабарды естіген сайын қазақ қоғамы қуанышқа бөленіп, өзіңе көл-көсір алғысын жаудырар еді. Оның үстіне кезінде сәләфилікке өтуіне өзіңіз ат салысқан адасқан жандарды тура жолға салу үшін аянбай еңбек етуіңіз ең әуелі бұл діни де, адами да парызың.
«Таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта» деп өзіңіз баға берген шатасқан ағайындарды жинап немесе бір-бірлеп арнайы ұмраға, қажылыққа апарайық. Қайрат Құрманбай, Ерсін Әміре, Еркінбек Шоқай, Бауыржан Әлиұлы сынды білімді азаматтарды бірге апарып, адасқандардың ақидасын өзгертейік. Осылай жасасаңыз ғана сөз бен іс үйлеседі де, қоғамда ешбір күмәнға орын қалмайды. Жұрт не десе де, шынайылық түбінде жеңіске жетеді.
Бұл ұсынысымды есіңізде болса, 2013 жылы Әзірет Сұлтан мешітіне келіп, «Қайреке, елге бірге қызмет жасайық» деген кезіңізде өзіңізге «шарт» ретінде де айтқан болатынмын» деді Қ.Жолдыбайұлы.