Кенорындардың жаралу жағдайлары | туралы қазақша

0

Кенорындардың жаралу жағдайлары мен орналасуын анықтайтын факторлар. Кенорындардың барлық сипаттамасы (пішіні, жатыс жағдайлары, өлшемдері, заттың құрамы) өздері орналасқан жер қыртысы бөлікшелерінің тарихы мен геологиялық даму үдерістері арқылы анықталады. Сондықтан пайдалы қазба кенорындарын оларды қоршаған геологиялық ортамен бір байланыста, пайдалы қазбалар жаралуына қолайлы геологиялық факторлар мен жағдайларды талдау арқылы зерттеу керек. Кенорындардың әр түрлі генетикалық топтары қалыптасуы үшін магмалық, стратиграфиялық, литологиялық және тектоникалық факторлар жетекші орын алады.

Магмалық факторлар. Әр түрлі эндогендік пайдалы қазбалар кенорындары құрамы бойынша белгілі бір магмалық таужыныстар жиынтығымен байланысты. Ультра-негізді (дунит, перидотит, пироксенит) таужыныстармен платина тобындағы металдардың, хромит, никель-кобальт кендерінің, титанмагнетиттің, алмастың магмалық кенорындары ассоцйацияланады. Сонымен қатар, бұл таужыныстарда асбест, магнезит пен тальктің гидротермалық кенорындары орналасады.

Негізді (габбро, норит, анортозит) таужыныстармен титанмагнетит пен сульфид мыс-никель кендерінің магмалық кенорындары байланысты. Сілтілі (нефелинді сиенит) таужыныстарға апатит пен нефелиннің магмалық кенорындары тән.

Гранит мусковит, асыл тастар мен сирек элементтердің пегматиттік кенорындары үшін түпнұсқа таужыныс болып табылады. Біршама қышқыл гранитоидтарға темір, вольфрам, молибденнің жапсарлық-метасоматоздық (скарндық) кенорындары, сонымен қатар алтын, мыс, қалайы, полиметалл және уран кендерінің гидротермалық кенорындары бейімделеді.

Пайдалы қазба кенорындарының магмалық таужыныстармен байланысы генетикалық (тура, анық) және парагенетикалық болады. Генетикалық байланыс жағдайында магмалық, пегматиттік және скарндық кенорындар магмалың таужыныстардың нақты массивтерімен тікелей ассоциацияланады, ал кен денелері олардың ауқымынан шықпайды. Парагенетикалық байланыс көптеген гидротермалық кенорындарда байқалады, олардың кен денелері интрузиялармен тікелей байланыста болмайды. Бірақ кенорындар да, интрузиялар да тереңдік бір магма ошағының туындылары болып табылады.

Литологиялық факторлар постмагмалық кенорындардың өзіндік айрықша құралымен, физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерімен сипатталатын таужыныстарда орналасуымен байқалады. Мұндай жағдайда таужыныстардың қасиеттері мен құрамы кендену дамуына әкелетін факторлар рөлін атқарады.

Карбонат таужыныстарда кендік зат алмастыруы кезінде қалыптасқан гидротермалық кенорындар белгілі. Мыс, қорғасын-мырыш, сүрме-сынап және басқа кеннің ірі кенорындары мору таужыныстардан тұратын қабаттардағы кеуектілігі мен жарықшақтылығы жоғары таужыныстарда орналасады.

Стратиграфиялық факторлар экзогендік кенорындардың геологиялық қимадағы белгілі бір стратиграфиялық бөліктерінде орналасуын анықтайды. Кенорындар мен оларды сыйыстырушы таужыныстар белгілі бір үдерістер нәтижесінде жаралып, нақты геологиялық формациялар құрамына кіреді.

Жер қыртысының тектоникалық қозғалыстарымен байланысты шөгінді түзілу ырғақты жүрген. Тау жаралудың саябырсыған кезеңіндегі теңіз трансгрессиясы кезінде темір, марганец, боксит кендерінің кенорындары қалыптасқан. Осыған байланысты мұндай кенорындар белгілі бір жастағы трансгрессиялық сериялардың төменгі жағында жатады. Көтерілу кезеңінде болатын теңіз регрессиясында (қайтуында) каустоболит пен минералдық тұздардың кенорындары пайда болған. Сондықтан олар шөгінділердің регрессиялық сериялардың жоғарғы жағында кездеседі.

Көптеген кенорындар үшін әр түрлі геологиялық құрылымдар ауқымында жақсы сақталатын белгілі бір жасты түзілімдермен байланыста болуы тән. Мұндай байланыс көмірлі алаптар, минералдық тұздар, фосфориттер мен темір кендерінің кенорындары ауқымында байқалады.

Тектоникалық факторлар. Пайдалы қазба кенорындарының, кенді алаңдар мен белдеулердің орналасуы әдетте ірі тектоникалық элементтерйен бақыланады. Мұндай элементтерге терең жарылымдар, қатпарлы белдемдер, тау бөктері ойыстары, тауіші қазаншұңқырлары, платформалық антеклизалар мен синеклизалар жатады.

Әсіресе, терең жарылымдардың кен бақылаушылық маңызы үлкен. Бұл белдемдер жүздеген километрге созылып, ені ондаған километрге жетеді. Терең жарылымдар бойында көбінесе эндогендік кенорындар шоғырланады, кейде көмір мен минералдық тұздар кенорындары орналасады. Аймақтық бастырмалар, лықсымалар, ығыспалар және мыжылу белдемдерінде түсті және сирек металдар кенорындары орналасқан белгілі аудандар -Кенді Алтай, Забайкалье, Кавказ.

Тектоникалық бұзылыстар кенденудің қалыптасуына қатысты өзінің жаралу уақыты бойынша кенге дейінгі, кенішілік және кеннен кейінгі болуы мүмкін. Кендену орналасуында ең үлкен мәнге бұзылыстардың алғашқы екі тобы ие. Кеннен кейінгі бұзылыстар көбінесе пайдалы қазба денелерінің пішінін күрделендіретіндіктен, оларды кенорындарды игеру жұмыстарында ескеру қажет болады.

Металл және бейметалл пайдалы қазбалар мен каустоболиттің көптеген кенорындары (мыс, тұз, көмір және т.б.) көбінесе платформалар мен қатпарлы алқаптардың шекарасына орналасатын таубөктері ойыстарында бөлінеді.

Жаралу терендігі. Пайдалы қазбалар кенорындары әр түрлі тереңдіктерде қалыптасады. Кенорындардың жаралу тереңдігі деп кен жаралу уақытына сәйкес келетін кездегі жер бетінен пайдалы қазбалар массасы орналасқан жерге дейінгі арақашықтықты айтады.

#Кенорындардың #жаралу #жағдайлары

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз