«Алгебра» деген атаудың шығу тегі туралы қазақша

0


al-djebr
Математика ғылымының маңызды бір саласы болып табылатын «алгебра» ежелгі Месопотамия (Қосөзен) аймағын, яғни ежелгі Вавилония елін мекендеген халықтар арасында алғаш даму алған. Бұл елдің ғалымдары 1-, 2- және 3-дәрежелі тендеулерді шеше білген. «Алгебра» деген атау біздің зама-нымыздың 820-830 жылдар шегінде Орталық Азияның Хорезм аимағынан шыққан ғалым Мұхаммед бен Мұса әл-Хорезмидің (787-850) «Китаб мухтасар әл-джебр уа-л-мукабала» («Қалпына келтіру және қарама-қарсы қою туралы қысқаша кітап») деген кітабының тақырыбындағы «әл-джебр» деген атаулы сөзінен қалыптасқан. Әл-Хорезми Хиуада дүниеге келген. Парсы еліндегі (яғни Ирандағы) «Ақылдылық Үйінің» мүшесі болған. «Әл-джебр» деп аталған түрлендіру сөзі біздердің қазіргі кездегі түсінігіміз бойынша «ұқсас мүшелерді ықшамдау» деген атаумен пара-пар.

Теңдеулерді шешу мәселесі Шығыс елдері мен Еуропа елдерінде ұзақ уақыт қысқаша «әл-джебр және әл-мукабала» деп аталып келді. Әл-Хорезмидің кітабы жарияланған соң 7 ғасырдай уақыт (яғни XVI ғасырға дейін) өткенше «әл-джебр» атауы «әл-мукабала» деген атаумен қосақталмай «әл-джебр» деп жеке-дара аталып келді. Сонымен, «алгебра» деген атау осы «әл-джебр» атауынан бастау алып қа-лыптасқан. әл-Хорезмидің «Алгебрасы» 1145 жылы араб тілінен латын тіліне тәржімаланған. Мына бір жайтты да білгеніміз жөн. Испан және португал тілдерінде әл-джебрмен үндес «algebra» («алгебра») деген атау да бар. Бұл атау қазақша «сынықшы» (яғни сүйектің сынған орнынан тайып кеткен кезінде оны бастапқы қалпына келтіруші адам) деген сөзбен үйлеседі екен.

ГЕОМЕТРИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Африкадағы Ніл өзенінің аңғарын жайлаған халық егін шаруашылығымен айналысқан. Өзен суы тасығанда аңғардың кең алқабына құнарлы тұнбалар шөгіп қалатын болған. Әркім құнарлы аймақтан жер теліміне ие болып, шекараларын қадалар қағып межелейтін болған. Келесі жылы өзен қайталап тасыған соң жер телімдерін жаңадан межелеуге тура келетіндіктен мысырлықтар жер өлшеу, яғни жер телімдерінің ауданын анықтау мәселесімен тұрақты түрде айналысуға мәжбүр болған. Осыдан жер өлшеу туралы ғылым, яғни геометрия («гео» грекше «жер» және «метрое» — «өлшеу» деген сөздерден құралған) пайда болған. «Геометрияны египеттіктер ашқан және жер өлшеу жұмыстары негізінде пайда боғлан. Ніл өзені жыл сайын тасып, шекараларды үнемі бұзып отырғандықтан, өлшеу жұмыстары қажет болған. Сондықтан, басқа ғылымдар сияқты, бұл ғылымның да адамның мұқтаждығынан пайда болғандығы таңданарлық емес» деген ежелгі гректің математика тарихшысы родостық Евдем (б.з.б. IV ғасыр).

Қазіргі кездегі қоданыстағы ондық санау жүйесінің цифрларын біздің заманымыздың басындағы VI ғасыр шамасында Үнді елінің математиктері ойлап тауып қолданған. VII — VIII ғасырларда арабтардың Жерорта теңізі аймағы мен Азияның бірқатар елдерін жаулап алғаны тарихтан белгілі. Араб елінің математиктері әлгі үнділік санау жүйесімен танысып, қолданған. Бұл жаңалықты араб ғалымдары өздерінің математикалық еңбектерінде кеңінен пайдаланған. Батыс Еуропа елдеріне араб ғалымдарының еңбектері Х-ХІІІ ғасырларда бірте-бірте тарай бастаған. Әлгі ондық санау жүйесімен алғаш рет араб ғалымдарының еңбектерінен танысқандықтан Еуропа елдерінің математиктері бұл жүйедегі цифрларды араб цифрлары деп жаңсақ атап кеткен. Сандардың цифрлар арқылы жазылатыны белгілі. Мұны 41 әріппен том-том кітап жазу мүмкіндігімен салыстыруға болады. Ондық санау жүйесінде 10-ақ цифр бар. Олар: 1,2,3,4, 5,6,7, 8,9,0. Санау жүйесінің негізіне кез келген цифрды пайдалануға болады. Қазіргі кезде жоғары технологиялық цифрлық жүйелерде екілік санау жүйесі басымдылық көрсетуде. Екілік санау жүйесінде бар-жоғы екі ғана цифр: 0 (нөл) мен 1 (бір) қолданылған.

#Алгебра #деген #атаудың #шығу #тегі

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз