Алақанға қарап ауруды анықтауға болады
Ағзадағы өзгерісті немесе денсаулықтың ақауын дененің кез-келген мүшесі арқылы білуге болады екен. Ал алақанға, қолдың саусақтарына қарап қай жеріміз ауыратынын қалай біле аламыз?
Қол – тек адамның денсаулығы ғана емес, сонымен қатар оның мінез-құлқы, өткен өмірі жайлы да көп нәрсені аңғартатын дене мүшесі. Яғни анықтап қарасаңыз, денсаулығыңыз жайлы өз қолыңыздан да көп мағлұмат ала аласыз деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Мәселен, алақан жайған кезде тым қызыл түсті болып көрінсе, онда ол адамның бауыры ішімдік пен темекінің әсерінен бүлінгенінен хабар береді. Дәлірек айтқанда, алақаны қызарып тұратын адам гепатит немесе гепатоз ауруымен ауыратын болуы мүмкін. Сондай-ақ мұндай кесел алақанында сарғыш дақтары бар адамдарда да кездеседі екен. Өтінде тас байланған немесе өт жолдарында ақау болса да алақанда сары дақтар пайда болады.
Саусақтардың сырт жағындағы қоңырқай дақтар адамның жасына ғана байланысты емес (әдетте жасы келген адамдардың терісі осындай түске енеді), ол өт қалтасында ақау барын да білдіреді екен. Егер саусақтарыңыздың ішкі терісі майда түлеп, қабыршақтанса, онда сізге А және D дәрумендері жетіспейді. Ал егер теріде ірі қабыршақтар мен терінің түлеуі ірі көлемді болса, онда дереу дерматолог-дәрігерлерге көрінуге тура келеді. Себебі ол адамның алақанында таз ауруының (грибок) белгісі пайда болғаны.
Алақанның температурасын денсаулықтың барометрі десе де болады. Алақаны үнемі мұздап жүретін адамның қан айналымы бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ оған никотин қышқылы жетіспейді. Ал оларды қалпына келтіру үшін ағзаға қажетті дәрумендерді көбірек қабылдап тұру керек. Немесе калориялық қуаты жоғары тағамдарды, мәселен, сүт өнімдерін, ет пен балық, саңырауқұлақ, бұршақ пен қырыққабатты ас ретінде көбірек пайдаланған жөн.
Ал егер алақаныңыз үнемі қызып жүретін болса, онда сіздің бауырыңыз дәрі-дәрмектің немесе алкогольді ішімдік пен басқа да химиялық заттардың әсерінен уланғандықтан өз дәрежесінде жұмыс істей алмағаны. Демек, бұл бауырыңызда әжептеуір ақау бар деген сөз. Алақанның үнемі жыбырлап, құмырсқа жүргендей болуы адамның эндокринді жүйесінің бұзылғанын білдіреді екен.
Сондай-ақ алақанның суланып жүруі де осы дертке шалдыққанның себебінен. Сонымен қатар, қалқанша без қызметінің бұзылғанынан болса керек. Саусақтардан жан кетіп қалса, қышыса – жүрек-қан тамырларының қызметінің бұзылғаны, ал егер бас бармақ жансызданса, онда ол тыныс жолдарының әлсіздігінен келетін кесел. Ал саусақтың ұшының түсі қарақошқылданса, онда ас қорыту жүйесін ретке келтіру керек. Бүйрегі мен бауыры ауыратындардың бас бармағының ұшы қан қызыл немесе көкшіл түске енеді екен. Ал оң қолдағы сұқ саусақтың үстіңгі шеті қышығаны тоқ ішек жұмысының бұзылғанын білдіреді.
Саусақтың буындарына қарап та денсаулығыңыз жайында біле аласыз. Саусақтардың сықырлауы ағзада кальций жетіспеушілігінен болады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Саусақ буындарының формасының дұрыс орналаспауының өзі сол адамның артроз ауруымен ауыратынын білдіреді. Ал егер саусақтарыңыздың буындары сырқырап ауырып, немесе ісіне бастаса онда дереу дәрігерге көрінгеніңіз жөн. Себебі бұл кесел полиартриттің бастамасы болуы мүмкін. Сондай-ақ сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтың арасы ауыратын болса, онда бұл көп ұзамай барлық буындарыңыз сырқырап, қақсап ауырады деген сөз.
Жүйкесі жұқарған, ауа райының кез-келген өзгерістеріне тым сезімтал келетін, тіпті қатты дауыстар мен шамалы ауыртпалықтардың өзіне әрең шыдайтын адамдардың алақаны жіңішке, ал саусақтары ұзын болып келеді. Жіңішке, қысқа саусақты адамдар көбінесе астма, тік ішек ауруымен ауырса, алақандары етті, саусақтары жуан адамдардың ағзасында қан айналымы мен зат алмасу процестері төмен болып келеді.
Қытай медицинасы бойынша алақанның ортасындағы нүкте барлық ағзаның энергетикалық орталығы болып табылады екен. Егер сол нүктені екінші қолыңыздың бас бармағымен басып тұрып жіберіп қалғанда қатты ауырсынсаңыз, онда сіздің денсаулығыңызда әжептеуір ақау бар. Демек, сізге денсаулығыңызды тексертіп алудың артықшылығы жоқ.
Жүрегіңізде ақау бар-жоғын білгіңіз келсе, бір қолыңыздың бас бармағының басталған жерін екінші қолыңызбен ішкі және сыртқы жағынан сәл қысыңыз деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Соның өзінде ауырсынатын болсаңыз, онда жүрегіңізді емдетуге тура келеді. Ал сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтың біріккен тұсындағы төбешіктің арасын қысқанда ауыратын болса, онда зәр шығару жолдарының нашар жұмыс істейтін болғаны.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі ағзадағы ақауларды білу жолдары ғана. Яғни бұған қарап дәлме-дәл диагноз қоюға асықпаған жөн. Сондай-ақ осы арқылы қай жеріңіздің ауыратынын біліп, дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, денсаулығыңызды күтіңіз.
Ж. ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды