Әлеуметтік жанжал туралы түсінік | туралы қазақша

0

Әлеуметтік жанжалдардың себептері. Кең мағынада жанжал (конфликт) (лат. Conflictus – қақтығысу) – тараптардың, пікірлердің, күштердің қақтығысы, қайшылықтар шиеленісуінің шекті жағдайы.

Ол анағұрлым тарлау мағынасында әлеуметтануда, саясаттануда, заң ғылымында, әлеуметтік философияда, әлеуметтік психологияда, өнерде қолданылады.

Әлеуметтік жанжал – өзара әрекет тараптарының өздерінің мүдделері, ниеттері, мақсаттары мен оларға қол жеткізу құралдары бойынша бір-біріне дұшпандықпен қарама-қарсы тұратын үдеріс немесе жағдаят.

Оған әртүрлі деңгейлі: жекелеген тұлғалардың қақтығысынан бастап мемлекетаралық қарулы қақтығыстарға дейінгі құбылыстардың кең ауқымы енеді.

Қақтығыстардың қайнар көздері бәрінен бұрын экономикалық, әлеуметтік және саяси қатынастарда болады. Жанжалдардың генезисін, даму заңдылықтарын, критерийлері мен әдістерін бағалауды зерттеумен әлеуметтанудың ерекше пәні – жанжалтану (конфликтология) айналысады.

Ол қақтығыстық жағдаятқа қатсты мүмкін болатын регулятивті әсер етулерді зерделейді.

Замануи жанжалтану басты назарын бәрінен бұрын жанжалдарды реттеудің сан алуан практикаларына, оларды сындарлы шешу мүмкіндіктерін іздестіруге аударады.

Жанжалдар теориясын жасауға Г.Зиммель, Т.Парсонс, Л.Козер, Р.Дарендорф және басқа да аса көрнекті әлеуметтанушылар үлкен үлес қосты. Алайда қоғамтанушылардың жанжалдардың қоғамдық дамудағы табиғатын, себептері мен рөлін түсіндірудегі  тәсілдері әртүрлі.

Біреулері жанжал – қоғамдық қалыпты құбылыс және кейде тіпті өзіндік жағымды әлеуетке де ие болады деген ұйғарым жасады. Мысалы, Зиммель «оның құрамдас бөліктерінің арасындағы тепе-теңдікті орната отырып, дұшпандық пен өзара антагонизмдер жүйенің біртұтастығына қолдау көрсетеді» деп есептеді. Басқа әлеуметтанушы-теоретиктер жанжал – әлеуметтік аномалия және қоғамдық келісімшартты бұзушылықтың нәтижесі болып табылады, зорлық-зомбылықты үдету адам табиғатының өзінде жатыр деп есептеді.

Дегенмен екі позицияның да жанжалдың адам қажеттіктерін қанағаттандырмаудың салдары болып табылатындығы, яғни ұзаққа созылған жанжал себебінің қызметін оған қатысушылардың негізгі қажеттіктері (мысалы, өзін-өзі көрсету, бірегейлік, қауіпсіздік пен әділетті бөлуге деген қажеттіктер) атқаратындығы туралы пікірі бірдей.

Әлеуметтік жанжалды басқару

Басқару тиімділігінің көрсеткіштері ортадан жоғарырақ елдерде азаматтық жанжалдардың жуырдағы 5-10 жыл ішінде туындау тәуекелінің айтарлықтай төмен (35-40%-ға) екендігі байқалады.

Мемлекеттік басқару жүйесімен байланысты негізгі үдерістерге: мемлекеттік органдардың қандай да бір саладағы саясатты анықтауы мен жүзеге асыруы; азаматтардың қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік қатынастарды реттейтін қызмет етуші институттарды құрметтеуі жатады.

Әлеуметтік жанжал – болжамданатын құбылыс. Ол кенеттен пайда болмайды. Ақпараттың жеткіліксіздігі немесе жағдаятты өз уақытында және құзыретті талдаудың жоқтығы жанжалдарды басқаруға әрекеттенушілер үшін жанжалдардың «кенеттен болатындығын» түсіндіре алады.

Жанжалдың алдын алудағы алғашқы қадам оның қай жерде, қашан және қандай себептен туындауы мүмкін екендігін болжамдау болып табылады.

Ішкі әлеуметтік жанжалдар (азамат соғыстары, көтерілістер, бүліктер, төңкерістер, наразылықтар, ереуілдер, революциялар) елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына бөгет жасайды. Сондықтан жанжалдардан сақтандырудың қажеттілігі айқындала түседі.

Әлеуметтануда жанжалдың әлеуетін талдау басқа кез келген  зерттеушілік жұмыс сияқты мынадай кезеңдерден құралады:

  • ақпатар жинау (сандық және сапалық мәліметтер, олардың мониторингі елдің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріндегі өзгерістерді көрсетуі мүмкін);
  • мәліметтерді өңдеу және талдау;
  • неғұрлым өзекті үдерістерді және жағдаят дамуының әртүрлі сценарийлерін анықтау;
  • жанжалдардан сақтандыру бойынша ұсынымдар әзірлеу.

Жанжалдық жағдаяттарды болжамдау үшін талдаушылық модельдердің үш негізгі тобы пайдаланылады:

  1. Жыл сайын Дүниежүзілік банк пен БҰҰ жаңартып отыратын әртүрлі статистикалық индикаторлады (көрсеткіштерді) қамтитын мәліметтер қорын талқылауға негізделген модельдер.
  2. Пікірлер мен тереңдетілген сауалнамаларға негізделген сарапшылардың (зерттеу институттары, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар ұсынған) бағалауын пайдаланатын модельдер.
  3. Жанжалдардың шығу тәуеклдерін бағалау мақсатымен БАҚ хабарларын (жағдаяттар мен проблемалар жиілігінің өлшемдері, дүниежүзілік, ұлттық және жергілікті баспасөз бен жаңалықтар агенттігінің мәліметтері бойынша) мақсатты бағытталған қадағалау мен талдауға негізделген модельдер.

Бұл модельдерді салыстырмалы талдау мемлекеттің жанжалдық әлеуетін зерделеуге пайдаланатын көрсеткіштерді үш негізгі санатқа бөлуге мүмкіндік береді. Әрбір санат өзіне ауыспалы көрсеткіштерді қамтиды, оларды талдаудың көмегімен мемлекеттің жанжалдық әлеуетін бағалау жүзеге асырылады:

  • Экономикалық көрсеткіштер: кедейшілік деңгейі, табыстардағы теңсіздік, жұмыссыздық, ішкі жиынтық өнім (ІЖӨ), ұлттық жалпы табыс (ҰЖТ).
  • Әлеуметтік-мәдени көрсеткіштер: төзімділік деңгейі, нәсілдік, этникалық, тілдік, діни кемсітушілік, өткен жанжалдар мен ұжымдық жарақаттар.
  • Саяси көрсеткіштер: сыбайлас жемқорлық, адам құқықтарының бұзылуы, мемлекеттік құрылымдарға сенім деңгейі, саяси тұрақтылық.

Соңғы уақытта мемлекеттік басқару сапасы (тиімділігі) және адамның өз өмірінің сапасына қанағаттану дәрежесі мен мемлекеттік басқару тиімділігінің арасындағы байланыс сияқты көрсеткіштердің маңызы артуда. Қазір құқық қорғау органдарының, соттардың жұмыс сапасы, сыбайлас жемқорлық пен онымен күресу үшін қабылданатын шаралар деңгейі сапалы мемлекеттік басқарудың, оның іщінде әлеуметтік жанжалды басқарудың шешуші бөлігі болып табылады.

Әлеуметтік жанжалдарды шешу жолдары

Егер әлеуметтік жанжалға жол бермеу жөніндегі алдын алу шаралары өзінің оңды нәтижесін бермесе, онда жанжалдық жағдаяттың табиғи дамуы (өсуі) орын тебеді.

Біз жоғарыда атап өткендей, күрделі қоғамдық құбылыс ретніде жанжалдарды басқару ерекшеліктері олардың табиғатына қарай анықталады

Жанжалдарды реттеу оларға қатысушылардың жанжалдық жағдаятқа әкелетін проблемаларды шешуі мен қарсы әрекет жасауды қойдыруға бағытталған бірлескен қызметін көздейді. Жанжалдарды реттеу екі қатысушының немесе тіпті болмағанда, олардың біреуінің өзара әрекеттесу жағдайларын қайта құруы бойынша белсенділігін қажет етеді.

Әлеуметтік жанжалдарды реттеу жанжалдық жағдаят себептерін анықтауда үшінші тараптың қатысуы мүмкіндігін қарастырады. Оның қатысуы күресуші тараптардың келісімен, сондай-ақ олардың келуінсіз де мүмкін болады.

Жанжалдық жағдаяттың табиғи дамуына араласуды білгір және тапқыр адамдар жүзеге асыруы тиіс.

Біріншіден, жанжалдық жағдаяттың дамуына араласушы адамдар анық пайда болуы, дамуы мен аяқталу сипаты туралы жалпы білімді меңгеруі тиіс. Бұл білім олардың теориялық дайындығын немесе өмірлік бай тәжірибесінің салдары болуы мүмкін.

Екіншіден, нақты жағдаят туралы барынша саналуан мазмұнды ақпарат жинау қажет.

Жанжалдарды реттеу әртүрлі қайшылықтарды оқшауландыру емес, оны бейбіт тәсілдермен шешуге ұмтылу принципін сақтауды талап етеді.

Ол, тіпті болмаса, қарсыластарды өз ниеттерінен бас тартуға мәжбүрлеуге, олардың күресіне жол бермеуге ұмтылуды білдірсе де, адамдарға өз мудделерін қоғау мүмкіндігін жасағанда (мұны қарама-қарсы тұруды болғызбай) ғана іске асады.  Реттеуді ынтымақтастық, ымыраласу жолымен жасауға қол жеткізген дұрыс. Оқиғалар дамуының мазмұнын түбегейлі өзгертпей, пісіп жетіліп келе жатқан қайшылықты шешу формасын сындарлы және бейбіт болатындай ету керек.

Жанжалдағы үшінші тарапқа бірнеше: төреші, делдал, көмекшілік және бақылаушылық рөл беріледі.

Жанжалдарды үшінші тараптың көмегімен реттеу ең күрделі жанжалдық жағдаяттан шығудың негізгі жолдарының бірі болып табылады.

#Әлеуметтік #жанжал #туралы #түсінік

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз