«Саяси элита» ұғымы | туралы қазақша
Саяси билікті іске асырушылар тобын қазіргі саясаттануда саяси элита (франц. еlite – ең жақсысы, таңдаулысы) деп атайды. Расында, қоғам мүшелері күнделікті жағдайда жаппай саясатқа араласып, саяси үдерісті жүргізуге қатынаса бермейді. Олардың қатынасуы, көбінесе сайлау науқанымен шектеліп, сайлау өткен соң өз сабасына түсіп, тынышталады. Шындығына келгенде, қоғамдағы саяси билік саяси элитаның қолында болады.
Саясатты жүргізе біліп, саяси қызметпен кәсіби айналысу үшін арнай білім мен дайындық қажет. Кез келген адам еш дайындықсыз бірден саяси қызметке араласып, саяси шешімдер қабылдауда айтарлықтай рөл атқара алмайды. Ол үшін арнайы біліммен бірге қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мұқтаждықтары мен мүдделерін ескеру, соларды келісті түрде іске асырудың жолдарын білу қажет. Соған орай тиісті құрал-жабдықтарды игеру қажеттілігі туындайды да, осыдан барып саясат субъектісі ретіндегі саяси элита туралы мәселе көтеріледі.
Саяси элита деп билік жүргізуге байланысты маңызды шешімдер қабылдауға тікелей қатынасатын, билік құрылымында жетекші рөл атқаратын, соған орай өзіндік артықшылықтарға ие болатын әлеуметтік топты айтамыз.
Саясаттануға бұл ұғымды алғаш енгізген итальяндық ғалым, әлеуметтанушы В.Парето (1848-1923) болатын. Марксистік ілімде тарихтың жасаушысы бұқара халық деген қағидаға қарама-қарсы В.Парето және оның жасақтары, яғни элиталар теориясының негізін қалаушылар саясаттағы тұлғалардың рөлін баса айтады және олардың қандай талаптарға сай болуы керектігін негіздейді. Қазіргі саяси ғылымда оның ерекше бір саласы ретінде осы элитаның пайда болуы, қалыптасуы, қоғамдағы рөлі туралы элитология ілімі дамыған. Элитологияның басты бір мәселесіне элиталарды жіктеу мәселесі жатады. Элиталар олардың атқаратын қызметіне орай, (яғни, функционалдық белгі бойынша) саяси, экономикалық және мәдени- ақпараттық деп үшке бөлінеді.
Элитаның типтері мен іріктелу жолдары. Билікке қатынасу дәрежесіне, билікке деген өкілеттілігінің ауқымына байланысты элита: а) жоғарғы; ә) ортаңғы; б) маргиналдық; в) әкімшілік болып төртке бөлінеді.
Жоғарғы элитаға биліктің жоғарғы сатыларында орналасқан, ең маңызды шешімдер қабылдауға тиісті тұлғалар жатады. Бұған жататын адамдардың тізімі өте-мөте шектелген болады. Дамыған Батыс елдерінде орта есеппен тұрғындардың 1 млн-ға 50 элита өкілдері келуге тиіс деп есептелгенімен, елдің көлемінде бар жоғы 50 ғана элита мүшелері басты шешімдерді қабылдап, саяси басқарудың негізгі мәселелерін анықтап отырады екен. Белгілі бір дәрежедегі табысы, білімі және кәсіби мәртебесі бар адамдар ортаңғы элитаны құрайды. Статистика бойынша, 5% -ы болуға тиіс. Аталған үш белгінің үшеуінің де бар болуы ортаңғы элитаның өкілдеріне қоғамдағы саяси жағдай туралы, қандай саяси бағыттың дұрыс не бұрыс екендігі туралы кәсіби тұрғыда пайымдауға мұрсат береді деп саналады. Осы үш көрсеткіштің бірі болмаса бірі жетіспейтіндер маргиналдық элитаны құрайды. Маргиналдық элитаның құрамы өзгермелі болады, өйткені жетіспейтін көрсеткіштердің орны толғандары ортаңғы элитаға енеді. Әкімшілік элитаға мемлекеттік қызметкерлердің ең жоғарғы қабатына жататындар (үкімет мүшелері, министрлер, ведомстволар мен комитеттердің басшылары) кіреді.
Элитаның мемлекеттік билікке ие болып, ең маңызды саяси шешімдер қабылдайтын бөлігін билеуші элита деп, ал билікке қолы әлі жете қоймаған бөлігін контрэлита (немесе оппозициялық) деп атайды.
Элитаның қалыптасуы. Саяси элитаның барған сайын қоғамдағы рөлінің арта түсуіне байланысты элитаны дайындау мен оның қатарын толықтыру қатаң сұрыптауды қажет ететін үдеріске айналуда. Қоғамдағы саяси басқаруға лайықты адамдар қандай болуға тиіс, оларға қандай талаптар қойылады? Элитаны кімдер және қалай сұрыптайды? Сұрыптаушылар мен сұрыптанушылар кімдер?
Саяси элитаның сапасы мен нәтижелілігі оны қалыптастырудың тәсілдеріне және қоғамның барлық әлеуметтік қабаттарынан ең қабілетті де лайықты деген адамдарға жолдың ашықтығына байланысты. Сонымен бірге оның қатарына біліктілігі мен адамгершілігі төмен, кездейсоқ адамдардың ілігіп кетуінен сақтайтын, соған тосқауыл боларлық шарттар мен талаптардың жоғарылығы қажет. Саясаттануда элитаны сұрыптаудың негізгі екі жүйесін атайды: антрепренерлік жүйе және гильдияр жүйесі.
Антрепренерлік (франц. еntrepreneur – кәсіпкер) жүйе бойынша элитаға кандидаттар әпкімнің жекебасының қасиеттеріне байланысты сұрыпталады. Бұл жүйенің артықшылығы оның ашықтығында, формалдық шарттарының аздығында, соған орай әлеуметтік қабаттардың қай-қайсының да өз кандидаттарын ұсынуға мүмкіндігі болатындығында. Антрепренерлік жүйе көптеген кандидаттар ұсынылып, олардың арасындағы өткір бәсекенің болуын қалайды. Мұнда селекторат (лат. selectio – талғау, сұрыптау), яғни сұрыптаушылар, есебінде барлық ересек тұрғындар қатынасады. Алайда оның маңызды бір кемшілігі бар: бұл жүйені қолдану нәтижесінде билікке кездейсоқ адамдардың, өздері туралы сырт қарағанда тәп-тәуір әсер туғыза білетін, бірақ та іскерлігі, біліктілігі жағынан лайықсыз адамдардың келуіне тосқауыл бола алмайды. Бұл жүйе көбіне дамыған демократиялық елдерде қолданылады.
Гильдиялар (нем. gilde – бірлестіктер) жүйесі элитаға кандидаттың билік баспалдағымен біртіндеп, төменнен жоғары қарай сатылап көтерілгенін қалайды. Бұл жүйе кандидаттарға көптеген формалдық талаптар қойып, оларды белгілі бір әлеуметтік топтардан (сословиеден, таптан, кастадан және т.б.) не әлдебір партиядан сұрыптайды. Гильдиялар жүйесі, әдетте, консервативтік жүйе ретінде сипатталады. Сондықтан элитаның қатары біртекті, тұйықталған болып келеді және біртіндеп жабық кастаға айналып тынады. Сонымен бірге оның артықшылықтары да жоқ емес: саясаттағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, элитаның арасындағы қақтығыстарға жол бермейді, саяси шешімдердің қабылдануы мен іске асуында белгілі бір реттілік сақталады, орынсыз тәуекелге жол берілмейді. Бұл жүйе көбіне тоталитарлық саяси режімдерде қолданылады.
Саяси жетекшіліктің табиғаты және қызметтері. Саяси өмірде оның басты субъектісінің бірі ретіндегі саяси жетекшінің рөлі зор. Қоғам өмірінің қай саласында болмасын жетекшісіз ештеңе де бітпейді, ал саяси үдерісте жетекшінің болуы әбден қажет. Расында, мұнда әртүрлі бағытталған мүдделер тоғысады, кейде олар тіпті бір-біріне қарама-қарсы да болуы мүмкін. Қоғамдағы әрқилы топтардың басын біріктіретін, келісімге келтіріп басшылық жасайтын жетекші адамдар, лидерлер (ағылш. leader – «жетекші», «басқарушы», «көсем» дегенді білдіреді) болады. Қоғамдық- саяси өмірдің белгілі бір мұқтаждығына орай, атап айтқанда, әртүрлі саяси әлеуметтік мүдделерді бір жүйеге келтіріп, үйлестіру, барлық әлеуметтік топтарды біріктіріп, ортақ мүдделерге сай мақсаттарды іске асыру қажеттілігінен осы саяси жетекшілік институты туындайды. Сонымен саяси жетекшілер деп, қоғамды мәнді саяси мақсаттар төңірегіне жұмылдыра алатын, соларға жету жолында өзінің бар қабілеттерін салып, аянбай қызмет ететін адамдарды айтады. Саяси жетекшіліксіз көптүрлі адами мүдделер, мұқтаждықтар мен ұмтылыстар тоғысы стихиялық түр алып, қоғамды әлдебір ретсіз жағдайларға соқтырады.
Қоғамның өзгеру үрдісіне орай «жетекшілік» ұғымы да өзгеріп, жаңа мазмұн мен жаңа түр иеленеді. Қоғам дамуының алғашқы кезеңдерінде жетекшілік қызметі, көбінесе қауым мүшелерінің сыртқы табиғи күштерге қарсы тұрып, қайтсе де аман қалуына, сөйтіп біріге өмір сүруіне байланысты болған. Бұл қызметті ру, тайпа басшылары, көсемдері атқарған. Қоғам дамыған сайын адам қызметінің жаңа түрлері, жаңа мүдделер мен мұқтаждықтар пайда болып, адамдардың қарым-қатынастары да жан-жақты толығып, әлеуметтік қатынастар күрделеніп сала береді. Қоғамды басқарудың күрделенуіне орай жетекшілік құбылысы дамып, күрделі қоғамдық қатынастарды реттеу, басқару қажеттілігі арта түседі.
Жетекшілік – табиғи құбылыс, оның пайда болу себептері туралы да әртүрлі түсініктер бар. Біреулер оны жеке адам басына тән қасиеттерден тудырады. Бұл теория бойынша жетекші болу адамның мінез-құлқын анықтайтын белгілерге, қасиеттерге байланысты (мысалы, әлеуметтік кәмелеттілік, батылдық, көрегендік, ерік күші, жұртқа әмірін жүргізе білу қабілеті және т.б.). Енді біреулер оны қоғамдағы хал-ахуалмен байланыстырады. Жетекші адам сол ахуалдарға сай келетін қасиеттерге, сапаларға ие болуы тиіс. Бірде қалыптасқан ахуалды шешу үшін сабырлылық пен байсалдылық, зерделілік пен пайымдылық қажет болса, енді бірде іскерлік пен батылдық не қитұрқы саясаткерлік қажет болуы мүмкін. Қазіргі кездегі саяси ғылымда жетекшіліктің интегративтік теориясы қалыптасып келеді деуге болады. Бұл теория жетекшілікке әсер ететін барлық себептерді, солардың ішінде жетекші адамның өз басына тән қасиеттерге, қоғамдағы хал-ахуалдарға қоса, оның өз ізбасарларымен қарым-қатынасын да ескеруге тырысады.
Жетекші адамдардың қоғам өмірінде атқаратын қызметтеріне келетін болсақ, ең бастысы – жалпы идея, ортақ құндылықтар мен идеалдар негізінде қоғамдағы әртүрлі мүдделі топтарды келістіру мен біріктіру, яғни интегративтік қызметі болып табылады. Сонымен бірге дағдарлық қызметті де атап өткен жөн: әлеуметтік мүдделердің біртұтастығы мен үйлесімділігіне қол жеткізу үшін жетекші адам әртүрлі әлеуметтік топтардың мұқтаждарын ескеретіндей және әлемдік дамудың үдесіне сай келетіндей саяси курс жасақтауға міндетті. Ал бұл курсты іске асыру үшін жетекші саяси шешімдер қабылдау мен оларды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді ұйымдастыруы, яғни аспаптық (инструменталдық) қызмет атқаруы тиіс. Қоғамды түрлендіру жолында жетекші адам әлеуметтік топтарды қызықтырып, олардың ынта-жігерін арттыруға бағытталған қызмет жасауға тиіс, — мұны жұмылдырушылық (мобилизациялау) қызметі дейді. Жетекші әділеттіліктің, заңдылық пен тәртіптің, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғаудың кепілі болуға тиіс. Оның әлеуметтік арбитр (франц. arbiter – делдал, төреші) және патрон (лат. patronus – қорғаушы, сүйеуші) болып, азаматтарды заңсыздықтан қоғап, тәртіптілікті сақтауға арналған бұл қызметінің де қоғамдағы рөлі ерекше.
Қазақстандағы саяси элита және саяси жетекшілік. Қазақстанда саяси элитаны іріктеудің өз ерекшеліктері бар. Мұнда антрепренерлік жүйемен бірге гильдиялар жүйесінің аралас түрде қолданыс тауып отырғанын айтуға болады. бір жағынан, баламалық негізде өтетін сайлау жүйесінің қалыптасуы, саяси партиялар мен қозғалыстардың пайда болуы, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, еркін нарықтық қатынастар элементтерінің дүниеге келуі, — міне, осының бәрі Қақастанда саяси жүйенің барған сайын демократиялық сипат алып отырғанын көрсетеді. Бұл өз ретінде саяси элитаның қалыптасуы мен сұрыпталуына да демократиялық сипат бері, белгілі жағдай жасайтыны анық. Екінші жағынан, Қазақстанда (басқа посткеңестік елдерде дәл солай) жоғары деңгейдегі мамандарды дайындау мен сұрыптаудың тұтас жүйесі әлі қалыптаса қойған жоқ дегу болады. Соған қарамастан республика мұндай олқылықты толтыруға көптеген шаралар қолданып жатыр.
Қазақстан жағдайындағы саяси жетекшілікке келетін болсақ, оның әртүрлі деңгейлері, көріністері орын алып отырғанын мойындауға тиіспіз. Расында, жалпы мемлекеттік, аймақтық немесе жергілікті деңгейдегі саяси жетекшілік туралы сөз қозғауға болады. Сол сияқты саяси партиялар мен қозғалыстардың да өз жетекшілері болатыны белгілі. Қазақстанда президенттік басқару болғандықтан, саяси жетекшілік мәселесін қарастырғанда, ең алдымен, басты назарда мемлекет басшысы – президент тұрады. Сонымен бірге саяси жетекшіліктің басқа деңгейлері де тарамдалып, едәуір қалыптасып, нығайып келе жатқанын атап айтуға тұрарлық.
#Саяси #элита #ұғымы
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз