Саяси мәдениет | туралы қазақша
Саяси мәдениет — саяси удеріс шеңберінде көрініс табатын белгілі бір қоғамда тарихи қалыптасқан сенімдер, құндылықтар мен жүріс-тұрыс үлгілері. Саяси мәдениет ұғымы саясаткерлер мен мемлекеттік органдардың әрекеттерін ғана емес, сонымен қатар олардың ұйымдасу түрін, саяси жүріс-тұрыс түрлерін, тұрғындардың кең бөлігінің саяси үдеріске қатынастарын қамтиды. Саяси салада жекелеген адамдардың, әртүрлі топтар мен мемлекеттің мүдделері араласып және бетпе-бет ұшырасып отыратындығын барлығымыз білеміз. Осы ретте, халықтың саяси мәдениеті шеңберінде сол елдегі саяси жүріс-тұрыс ерекшеліктерін, саяси институттардың өзара әрекеттесу жолдары мен әдістерін, саяси процестегі мемлекеттің рөлі мен орнын және адамдардың саяси саладағы негізгі құндылықтары мен бағдарларын қарастыруға болады.
Саяси мәдениетті тұтас алғанда халықтың рухани мәдениетінен тыс қарауға болмайды. Оған қоғамда үстемдікке ие ұлттық ерекшеліктер, діни сенімдер, жүріс-тұрыс ерекшеліктері, дәстүрлер, адамгершілік ұстанымдар өз ықпалын тигізеді. Әртүрлі мәдени бағдарлардың өзара әрекеттесу тәртібінің өз ерекшеліктері бар. Көптеген құндылықтары мен дәстүрлерімен ерекшеленетін елдерде саясат саласы олардың өзара әрекеттесу алаңына айналады. Осы жерде саяси мәдениеттің қоғамды біріктіретін және туындаған мәселелерді ынтымақтастықпен шешу үлгісі аса қажет.
Саяси мәдениеттің деңгейі тарихи қалыптасқан жағдайлармен және саяси біліммен (сауаттылықпен) анықталады. Саяси сауаттылық ұғымы жоғары оқу орындарының саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар дайындайтын факультеттерінде берілетін саяси теория мен практика туралы ілімді емес, негізінен қоғамда жинақталған мүдделер мен сенімдерді және саяси өмірге қатысу дағдыларын білдіреді.
Адам саяси сауаттылықты әлеуметтену үдерісінде алады. Саяси әлеуметтенуді алып қарар болсақ, оның бірнеше компоненттерін бөліп қарастыруға болады:
- Ресми әлеуметтену. Адамның қоғамдағы үстем сенімдер мен идеалдарға, саяси қатысу тәртібіне мақсатты және жоспарлы түрде тартылуы.
- Бейресми әлеуметтену. Адамдардың саяси өмірге енуі мемлекет жариялайтын саяси өмір нормалары мен қағидаттарымен емес, шынайы нормалар мен принциптерге бой үйретумен ілесе жүреді.
Ресми және бейресми әлеуметтенудің негізгі қағидалары заңнамалық нормаларға өмірлік сипат бере отырып бірін-бірі толықтырып отыруы тиіс, алайда көп жағдайда ресми қағидалар мен шынайылық арасында тым үлкен алшақтықтар пайда болады. Мәселен, диктаторлық режимдер өздерін халықтың жаппай қолдайтынын, ел азаматтарының саяси белсенді екендігін, мемлекет заңнамаларының адамдардың мүдделеріне сәйкес келетіндігі туралы көп айтады. Шынына келгенде, мүның артында қуғындаулар мен түрғындардың конформистік көңіл-күйлері тұруы әбден мүмкін. Әртүрлі елдердің саяси мәдениеттеріндегі ерекшеліктер мынадай белгілерден көрініс таба алады: — саяси белсенділік дәрежесінен, — саяси өмірге қатысу жолдары мен әдістерінен, — саяси күрес нысандарынан, — дағдарыстарды шешу ерекшеліктерінен, — билікке қатынасынан.
Осы атап өткен өлшемдер тұрғысынан әртүрлі құрлықтағы екі елдің саяси мәдениетін (мәселен, Ұлыбритания мен Иранның, немесе АҚШ пен Египеттің) талдаңыздар және салыстырыңыздар.
Саяси мәдениеттің функциялары: — қоғамдық-саяси ілімдерді жеткізу, қоғамдағы оқиғаларға көзқарастарды қалыптастыру, — қоғамда қалыптасқан құндылықтарды, қағидаларды, басымдықтарды орнықтыру, — өскелең ұрпақты азаматтық ұстанымға тәрбиелеу, — барлық саясаткерлер арасында ресми және бейресми байланыстарды орнықтыру, — қоғамда ауызбіршілікке қол жеткізу үшін мәселелер мен қайшылықтарды шешу тетіктерін қүру.
Парламенттегі жүріс-тұрыс мәдениеті, сайлауалды кампания дәстүрлері, тұрғындардың мемлекет басшыларына қатынасы және тағы басқа да ерекшеліктер саяси мәдениеттің өзіндік көрінісінің мысалы бола алады. Осы ретте, соңғы кезде жекелеген саясаткерлердің белгілі бір мәселелер бойынша тыс суыт пікірлер білдіруіне немесе Тайвань, Украина мен Ресей парламенттеріндегі жұдырықтасуларға және саяси наразылықтың өзіндік ерекше түрлеріне жиі куә болып отырамыз. Мәселен, Ұлыбританияның парламенттік өмірі біршама консервативтік сипатымен, церомониалдылыққа және ғасырлар бойы қалыптасқан этикетке ерекше назар аударумен ерекшеленетін болса, Латын Америкасының көптеген елдеріндегі депутаттардың мәдениеті тым қарапайымдылығымен сипатталады. Пәкістан, Үндістан, Нигерия тәрізді елдерде бұқаралық сипаттағы шаралар, әсіресе сайлауалды іс-шаралары, көп жағдайда қарсыластардың бір-бірімен немесе полициямен қақтығысына алып келеді.
Осыларға қарамастан, саяси жүйенің түрақтылығы мен өміршеңдігін қамтамасыз ету кез келген саяси мәдениеттің мақсаты болып табылады. Сондықтан, билік өз мақсаттарына жалпыұлттық сипат беруге ұмтылады. Демократиялық емес режимде мемлекет қоғамға өз құндылықтарын таңуға, яғни азаматтарға өкіметті құрметтетуге, өмір сүріп отырған жүйенің мызғымайтындығына сендіруге, мемлекет мүдделерінің басым екендігіне, жалпы айтқанда адам құқығын билік мүдделеріне бағындыруға тырысады. Демократиялық құқықтық мәдениет, керісінше, биліктің азаматтардың қалауларын білдіруіне және қоғам талаптарына сай өзгеріп отыруына бағдарланады.
Плюрализмді (пікірлер мен көзқарастардың саналуандылығын) мойындау — демократиялық құқықтық мәдениеттің қол жеткізген ірі жетістігінің бірі болып табылады. Қоғамда өз мүдделерін қорғайтын әртүрлі әлеуметтік топтар, партиялар, қозғалыстар, діни ұйымдар, кәсіподақтар, жастар клубтары қатар өмір сүреді. Әдетте, олардың мақсаттары мен мүдделері бір-бірлерінен ерекшеленетін болса да, өмір сүріп отырған билік пікірлерді бір-бірімен қақтығыстыру жолымен емес, керісінше олардың бір мезгілде бейбіт өмір сүруі мен өзара әрекеттесу мүмкіндігін мойындай отырып, орын алуы мүмкін қақтығыстарды шешуге ұмтылады. Осының арқасында заңдарды қабылдау мен реформаларды жүргізу барысында тым әртүрлі талаптарды біріктіруге қол жеткізіледі. Адамдар плюрализм жағдайында қоғамдағы шынайы баламалардың негізінде таңдау мүмкіндігіне қол жеткізеді. Демократиялық жүйеде оппозиция деструктивті күш ретінде емес, керісінше конструктивті фактор ретінде қабылданатыны осыған байланысты.
Демократиялық жүйесі әлсіз елдерде, сонымен қатар авторитаризм жағдайында билік балама көзқарастарды келеңсіз қабылдайтын саяси ортаны құруға ұмтылады. Мұндай жағдайда оппозициялық идеялар бар кезде қоғамдық пікірдің қарсылығына ұшырасып отырады. Яғни, қоғамда ресми билікті қолдаушылық пен диссидент болып бөлінушілік пайда болады. Мемлекет бақылауға түспейтін партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық өмірге қатысуын кез келген жолмен шектеуге ұмтылады. Шынайы оппозиция билікке легитимді жолмен келу мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан, демократиялық емес режимдер көп жағдайда төңкерістер мен революциялардан кейін қоғамдық-саяси аренадан кетуге мәжбүр болады. Алайда, бірпартиялық пен өзге көзқарастар мен пікірлерді қабылдамаушылықтың саяси дәстүрінің мықты болатыны соншалықты, тіпті билікке қол жеткізген оппозицияның өзі кей жағдайда монополистік басқаруды орнатады. Бұрынғы оппозиционерлер демократия мен көппартиялық ұрандарын ту етіп, мемлекетті басқаруға келгеннен кейін басқа идеяларға қатынастағы төзімсіздігімен ерекшеленеді. Демократиялық дәстүрлері әлсіз елдерде бір диктатура екінші диктатураны алмастырып отырады, және, ең қызығы, олардың барлығы билік басына диктаторлық езгіге қарсы шығу ұрандарымен келеді.
Демократиялық құқықтық мәдениет әртүрлі, тіпті көпшілік үшін ұнамсыз көзқарастарға құрмет білдірудің маңызды екендігін түсінуге алып келеді. Саяси және жеке жарату, жаратпаушылық адамның құқығы мен бостандығын іске асыруға ықпал ете алмайды.
Саяси мәдениет саяси өмірдің түрақты компоненттерінің бірі болып табылады. Ол түрақтылықты қамтамасыз етуге және белгілі бір қоғамның ерекшеліктерінің сақталуын қамтамасыз етуге үмтылады. Тіпті, өмір сүріп отырған жүйені өзгертуге және жаңа заңдарды енгізуге қаншалықты талпынғанмен, сыртқы түрі өзгерген сүлбаның артынан көп жағдайда бұрынғы ескі бейнелер көрініс береді. Мәселен, Орта Азияда кеңес өкіметін орнату қоғамдық құрылысты түбірімен өзгертті. Дегенмен біршама уақыт өткен соң партия басшылары мен тұрғындар арасында бұрынғы байлар мен қарапайым шаруалар арасындағы ескі қатынастардың бейнесін көруге болар еді. Саясатта жаңа тәртіптерді жасанды жолмен орнатуға талпыну көп жағдайда халық бұқарасының қарсылығына үшыраеады және ол күш көрсету арқылы ғана іске аса алады. Алайда, қысымның азаюымен саяси жүйе табиғи түрде бүрынғы тәртіптерге қайта оралады. Мәселен, Литва, Латвия және Эстония еш қиналмай-ақ өздерінің екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі қүрылыстарына жақын жүйені тез қайта қалпына келтіре алды. Тәуелсіздікті алу мен демократияға өту басқа посткеңестік республикаларда біршама қиындықпен жүрді. Мұндағы себептің бірі -тоталитарлық жүйеде өмір сүрген 70 жыл ішінде қысым жасаудың қатал әдістерін басынан өткерген бірнеше үрпақ алмасып үлгерді. Кеңес адамдары азаматтық соғысты, үжымдастыруды, 30 жылдардағы аштықты, репрессияларды, атеизм мен басқа да көптеген теперіштерді бастарынан өткерді. Сондықтан, Кеңес Одағы тарих құрдымына кеткеннен кейін, революцияға дейінгі қүрылысты біршама болса да қайта қалпына келтіруді ойламаса да болар еді. Сондықтан, ТМД елдерінің және кеңестік жүйеге дейінгі өмірді жақсы білетін көптеген азаматтар өмір сүретін Балтық жағалауындағы елдердің демократияға өтудегі принципиалдық ерекшеліктері осыдан көрініс табады деп айтуға болады.
Саяси мәдениет шеңберінде адамдардың саяси жетекшіліктерге қатынасы анықталады: авторитарлық немесе тоталитарлық қоғам «құдай тағаладан берілген» ерекше дарынды және қабілетке ие саяси жетекшіге бағдар ұстайтын болса, либералдық немесе демократиялық түрдегі мәдениет бұл мәселеде прагматистік ұстанымымен сипатталады. Яғни, мұнда тұлға шынайы қасиеті мен қабілетімен бағаланады. Диктаторлық режим мемлекет басында дәл осы саясаткердің отыруы тиістігін көрсетуге тырысады және оны «күн көсемнің» жоғарғы дарындылығымен байланыстыра отырып түсіндіруге ұмтылады. Мемлекеттегі насихат жұмыстары тұрғындарды «ұлы тұлғаның» басқаруы бірден-бір дұрыс басқару екендігіне сендіруге тырысады. Адамдарға қоғамды дамытудың сенімді жолын тек көсемнің білетіні, ал онсыз елдің құрдымға кететіні туралы ойлар таңылады. Жалпы, мұндай әдістер тоталитарлық немесе авторитарлық құрылысқа ғана тән емес, патриархалдық салт-дәстүрлерден қол үзбеген көптеген дәстүрлі қоғамдар саяси лидер тұлғасына қатысты осындай түсініктің қапасында қалып отыр. Ол түсінік бойынша, мемлекеттегі барлық жүйе мемлекет басшысы, ру басшысы немесе тайпа көсемі ретінде көрінетін үлкен отбасы ретінде түсініледі. Қоғам мүшелері үлкендер мен кішілерге бөлінеді, олардың арасындағы барлық функциялар қатаң бөлінеді.
Сіз қалай ойлайсыз, дәстүрлі қоғам міндетті түрде демократиялық емес қоғам болып табыла ма?
Тіпті демократиялық тәртіптегі елдердің саяси өміріне осы тәрізді патриархалдық белгілер тән болуы мүмкін. Демократияға енді өтіп жатқан көптеген мемлекеттерде саяси күрес идеялар мен сол идеяларды басшылыққа алатын партиялар арасындағы күрестер мен бәсекелестікке ғана емес, сонымен қатар жекелеген тұлғалардың арасындағы күреске де негізделеді. Адамдар лидердің бағдарламалары мен идеялары туралы бұлыңғыр түсінікте болса да оған қолдау білдіреді, өйткені оның тұлғасы халықтың ділі мен құндылығына жауап береді деп есептейді. Дәстүрлі қоғамдарда кландық, аймақтық байланыстар мен жеке қатынастар үлкен рөл ойнайды. Бұдан хабары жоқ адам үшін базбір көсемдердің әрекеттері ешқандай қажеттілігі жоқ, ақылға сыймайтын тірлік ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, оларды формальды түрде ұстанудың өзі міндетті болып табылатын шарттылықтар мен ритуалдар тұрғындар үшін маңызды орын алады.
Қазіргі жағдайда қоғамда дәстүрлі құндылықтардың үстемдік құруы авторитарлық режимдердің орнауына қолғабыс ететін факторлардың біріне айналуда. Мұндай режимдер адамдардың биліктен алшақтығын және азаматтардың саяси білімінің тайыздығын пайдалана отырып, тұрғындарды басқарушыға көзсіз сенуге негізделген патриархалдық бағынушылық рухында тәрбиелеуге ұмтылады.
Жалпы, мұндай белгілер көптеген ТМД елдерінде де бой көрсетуде. Мәселен, сайлаулар кезінде түрғындардың көпшілігі лидер туралы оның қандай саяси партияға мүше екендігіне және оның бағдарламасының қандай екендігіне қарап емес, керісінше сол адамның жеке басының қасиеті бойынша ой түйеді. Сондықтан, посткеңестік елдердің лидерлерінің көпшілігі саяси партиялардың мүшесі болмайды, немесе өзін жеке топтың емес, керісінше бүкіл қоғамның мүддесін білдіретін тұлға екендігін көрсетуге тырысады. Бұған өтпелі қоғам жағдайында адамдардың өз-өздерін қоғамдағы белгілі бір топпен байланыстырып болмағаны, ал партиялардың әлі де болса белгілі бір нақты идеологияның толыққанды білдірушісі бола алмауы да өз ықпалын тигізуде. Қоғамда олардың арасындағы айырмашылықтарды кәсіби саясаттанушылардың өздері тап басып айта алмайтын көптеген егіз партиялар пайда болды.
Негізгі ұғымдар: саяси мәдениет, социализация, демократиялық және авторитарлық саяси мәдениет, харизматикалық тұлға.
#Саяси #мәдениет
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз