Қазақстанда жүргізілген жекешелендіру | туралы қазақша

0

ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғында 90-жылдардың басында шаруашылықты жүргізудің социалистік жүйесі бұзылып, жүйе элементтерін өзгерту нəтижесінде нарықтық қатынастар өмірге ене бастады.

Бастапқыда социалистік құрылым шектерінде қайта құру жүргізілді, оның барысында ол құрылымның экономикалық негізі – өндіріс құралдарына қоғамдық меншік сақталуында еді. Кейіннен жеке меншікке, кəсіпкерлікке рұқсат берілді, сыртқы сауда монополиясы жəне валюталық монополия жойылды.

Содан кейін жасалған жекешелендіру нəтижесінде жеке меншік үлесі 80 пайызға жетті. Жүйенің негізгі элементтерін өзгерту салдарынан жүйенің өзі де өзгерді. Нарықтық экономикада мемлекеттік сектордың кейбір объектілері жекешелендірілуі қалыпты нəрсе. Жекешелендіруді қарапайым тілмен түсіндірсек, ол – мемлекет меншігіндегі объектілердің жеке меншікке ауысуы.

Саяси жəне əлеуметтік-экономикалық үдерістің нəтижесінде мүліктің қоғамдық, шіркеу, ұжымдық меншіктен жеке меншікке ауысуы болып табылатын жекешелендіру феномені адамзат тарихында ғасырлар бойы белгілі болып келеді.

Жекешелендірудің пайдасына айтылатын дəлелдердің екі тобы бар: 1) идеологиялық, немесе либералдық тұжырымдама – нарықтық экономика негізін жеке меншік құрау керек. 2) экономикалық – тек қана мемлекеттік кəсіпорындар болғанда олар нарық жағдайының өзгеруіне тиісті əсер ете алмайды, қызметкерлер саны қажетті мөлшерден артып тұрады, оларда төрешілдік дамып, экономикалық тұрғыдан тиімсіздікке алып келеді.

Ғылыми əдебиеттерде жекешелендіруге қатысты біржақты анықтама жоқ. Батыс Еуропа елдерінде жекешелендіру мəнін келесідей түсіндіретін тұжырымдамаларды кездестіруге болады: — мемлекеттік меншік құқығының жеке тұлғаға ауысуы немесе АҚШ- тағыдай мемлекеттік меншіктің жеке меншікпен алмастырылуы; — жеке тұлғаларға мемлекеттік меншікті пайдалану құқығының берілуі; — мемлекеттік кəсіпорындардың жеке тұлғаларға толығымен сатылуы; — мемлекеттік кəсіпорындар активтерінің бір бөлігінің ғана сатылуы.

Ұлыбританияда жекешелендіру деп кəсіпорын капиталына мемлекеттің қатысуын 50%-ға дейін қысқартылуын айтады. Бір елдерде (мысалы, Индонезия, Малайзия, Түркия) мемлекет меншігіндегі активтердің көп бөлігі сақталған жағдайда да жекешелендіру болады деп саналады.

Жалпылама ұғымда жекешелендіру жеке сектордың шаруашылық даму үлесінің артуына əкелетін экономиканы қайта реттеудің мемлекеттік саясатының құрамдас бөлігі ретінде түсіндіріледі. Ал тар мағынада жекешелендіру белгілі мемлекеттік кəсіпорын капиталының меншік құқықтарын толық не ішінара акционерлік қоғамға не жеке тұлғаға берілуін айтады.

Жекешелендіру мүлікті сату ғана деп ойламау керек. Ол мемлекеттің мүлік құқықтарының жеке не заңды тұлғаларға сатылуы ғана емес, сонымен қатар кəсіпорын қызметіне əкімшілік шектеулерді қайтып алу арқылы меншікті пайдалану мен иелік құқықтарын сатуды да білдіреді.

Батыс елдерінде мемлекеттік кəсіпорындардың тиімділік деңгейін арттыру мақсатында жеке жəне заңды тұлғаларға басқаруға беру əрекетін жалға беру деп атайды. Олар мемлекеттік органдар мен жеке фирмалар арасындағы жалға беруді – мердігерлік қатынастарды жекешелендірудің бір түрі ретінде қарастырады, яғни мемлекет өз меншігінде қалып отырған кəсіпорынды басқару құқығын береді, басқаша айтқанда, басқаруды жекешелендіреді.

Сонымен қатар мемлекеттің болашақ табыстары мен мүліктерінің сақталуына жалға беруші кепілдеме береді. Мемлекеттік мүлікті басқаруды берудің отандық түріне сатып алу құқығынсыз жалға беру саналады. Нарықтық экономика үшін кең не ішінара жекешелендіру тəн болып табылады, өйткені «толық жекешелендіру» болуы мүмкін емес. Экономикадағы мемлекеттік сектор – нарықтық шаруашылықтың қажетті қосымшасы.

Ол ЖІӨ мен ұлттық байлықтағы мөлшері мен үлесіне қарай, елдегі саяси жəне экономикалық міндеттерге жəне экономиканың нақты жағдайына сəйкес құрылымына қарай өзгеріп отыруы мүмкін, бірақ толық жойылып кетпейді де, өйткені тек нарық тетіктері арқылы шешілмейтін мəселелер таусылмайтыны анық. Қазіргі күнде дамыған елдердің өзінде мемлекеттік сектор ұлттық экономиканың 30 пайызын құрайды, ол АҚШ-та – 40 пайыз.

Мемлекеттік сектордың артуы мен жекешелендіру арасындағы шекара үнемі өзгеріп отырады, ол экономикалық кезең жағдайына, мемлекеттік объектілердің пайдалылығына жəне соның негізінде жеке капиталдың нақты объектілерді алуы не мемлекетке беруі сиқты жағдайларға байланысты болады.

Тұрақты нарықтық экономикада мемлекет меншігін жекешелендіру, объектілерді сатып алу, экономиканы мемлекеттік реттеу құралы болып табылады. Ал ол басты мақсатқа – құрылымның өзгермелі жағдайға икемденуі мен тұрақтануына бағытталады.

Нарық экономикасы қалыптасқан дамыған елдердегі жəне бұрынғы социалистік мемлекеттердің жекешелендіру тəжірибесінен жекешелендірудің бірнеше қағидаларын құрауға болады:

  1. жекешелендіру объектілері ұдайы өндіріс үшін қажеттілігі тұрғысынан, қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету тұрғысынан, кей тауарлар мен қызметтерге төмен баға болуы, жұмыспен қамтылу қажеттілігін ескере отырып мұқият таңдап алынуы қажет;
  2. көп жағдайда жекешелендіру алдында қайта құрылымдық өзгерістер болуы тиіс, өйткені ол оның қаржылық тиімділігін арттыруға жəне монополияға қарсы əсерін көтеру үшін маңызды болып табылады;
  3. жекешелендірудің бірінші кезеңінде өндірістің бұрынғы көлемі мен номенклатурасын сақтап қалу міндетті болуы керек, кері жағдайда елдегі қалыптасқан еңбек бөлінісінің бұзылуына, экспорт көлемі мен құрылымына кері əсер етеді;
  4. жекешелендірудің басты шартына жаңа инвестициялар мен басқару жүйесін жетілдіру жатады, ал ол жекешелендіріліп жатқан объектінің тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді;
  5. жекешелендіріліп отырған объектінің жаңа иесі жұмыспен қамтылудың белгілі деңгейінің болуына жəне əлеуметтік қамтамасыз ету жеңілдіктерінің сақталып қалуына кепілдеме беруі қажет;
  6. көптеген жағдайда жекешелендіруді ең бірінші сол өндірістің жұмыскерлерін қатыстыра отырып, «халық акциясын» шығару арқылы жүргізген дұрыс болады. Бұл қосымша инвестицияларды тартуға көмектеседі, еңбекке деген көзқарасты жəне əлеуметтік ахуалды жақсартады;
  7. жекешелендіру барысындағы əр қадам негізделген, көпшілікке түсінікті болуы қажет;
  8. жекешелендіру ұлттық экономика қауіпсіздігі тұрғысынан жасалуы тиіс. Кейбір объектілер шетел азаматтарына құқықтық тұрғыдан берілмеу ұйғарымдарымен сатылады. Мысалы, ондай жағдайлар Бразилияда болған еді. Ал араб елдерінде жекеменшік жерді шетел азаматтарына сатуға тыйым салынады.

Мемлекет меншігіне айналдыру – бұл жекеменшік кəсіпорындардың мемлекеттік секторға ауысуы. Ол екі жолмен жүзеге асырыла алады: күштеп алу (национализация) жəне сатып алу арқылы. Күштеп мемлекет меншігіне алу 1917 жылғы Қазан революциясы барысында жүргізілген еді, ол кездері өндірістің басты құралдыры мемлекет меншігіне айналдырылды: жер, пошта, байланыс, зауыттар мен фабрикалар. Бейбіт өмір кезінде мемлекет өз бюджеті қаражатынан жеке тұлғалардан қоғам үшін маңызды жəне ұлттық экономиканың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті болып табылатын жекеменшік объектілерін сатып алады.

Уикипедия бойынша жекешелендіру – меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру үдерісі. Ол бұрынғы социалистік жүйеден нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты болып табылады, шаруашылық субъектілерінің белсенділігін күрт арттыру үшін, экономикалық бəсекелестікті жандандыру үшін жүргізіледі. Мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру – күрделі мəселе, ол əсіресе халықтың менталитетіне тура байланысты болғандықтан қысқа мерзімде өткізу қиын. Əсіресе, жерді, оның қазба байлықтарын жекешелендіру ұзақ уақытты талап етеді. Сол сияқты кейбір стратегиялық маңызды салаларда (қару-жарақ, ядролық заттар, тағы басқа өндірістер), не болмаса нарыққа көшіруге əлі толық негіз болмаған жағдайларда (іргелі ғылым, кейбір білім, мəдениет, өнер, тағы басқа орталықтар) жекешелендіру жүргізілмейді, олар мемлекет меншігінде қала береді.

Қазақстан Республикасы 1991 жылы КСРО елдерінен бөлініп, өз тəуелсіздігін алды. Қазақстан тəуелсіз, дербес елге айналған соң, бұрынғы КСРО елдеріндегі жүргізілген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту мақсатын көздеді. Ол үшін ең алдымен, барлық тауарлар мен қызметтердің бағасын ырықтандандыру мен мемлекеттің меншігін жекешелендіру қажет еді. Нарықтық экономика еркін баға мен жеке меншіксіз дамуы мүмкін емес.

Сонымен, жекешелендіру дегеніміз – азаматтардың жəне заңды тұлғалардың мемлекеттік меншік объектілерін немесе мемлекеттік акционерлі қоғамдардың акцияларын сатып алу. Жекешелендірудің басты мақсаты – жекшелендірілген кəсіпорындардың экономикалық өсуі арқасында ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру. Жəне де, мемлекеттік бюджет тапшылығын азайту.

Қазіргі таңда еліміздің экономикасы əлеуметтік-экономикалық жаңғырту мен дамуының алғашқы сатысында. Елбасы Н.Ə. Назарбаев 2007 жылы 28 ақпанда қабылдаған «Жаңа Əлемдегі –Жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өтті: «Үлкен жауапкершілікпен айтуға болады: еліміз ауыспалы кезеңді сəтті аяқтап, өзінің дамуының жаңа кезеңіне нық басып келеді. Əрине, бұл оңай бастама емес, оны жүзеге асыру үшін экономикада біртұтас жүйені қалыптастырып, жаңа білімді дүниежүзілік рынокта бəсекеге қабілетті бола алатындай инновациялық техника мен технологияға, тауарлар мен қызметтерге, мекемелерді басқарудың түрлері мен əдістеріне бұру қажет. Жеке меншік институты мен келісім-шарттық қатынастарды жан-жақты нығайтып, жекешелендіру жұмысын жалғастыру жəне барлық деңгейде жеке меншік институты мен контрактілік қатынастарға құрмет сезімін тəрбиелеу қажет. Ол бір мезгілде адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері үшін негіз қалау. Мемлекет пен жеке меншік серіктестігінің ережесін айқын анықтайтын контрактілік қатынастарды жетілдіруге қажетті тиісті шаралар қолдануға тиіс».

Нарықтық құрылымның дамуын жеделдету мақсатында мемлекет меншігінен алу жəне жекешелендіру жоспары жасалды. Ең бірінші кезекте нəтижесіздік танытқан мемлекеттік секторларды жекешелендіру қажет болды. Қазақстандағы жекешелендіру салық салу реформасы, бағаны қалыптастыру, еңбекті өтеу жəне бөлектену саясатымен қатар жүзеге асырыла бастады.

Жекешелендірудің мақсаты: 1. Кəсіпорындарды мемлекет иелігінен алу. 2. Кəсіпкерлікті дамыту. 3. Еркін баға орнату. 4. Жеке меншік секторлар құру. 5. Бəсекелестік ортаны қалыптастыру.

Сондай-ақ – өндірісті монополиясыздандыру, бəсекелестікті дамытуды, сыртқы экономикалық қызметте мемлекеттік монополияны бірте-бірте жою жəне жекешелендіру арқылы елге шетелдік инвестициялар мен импорттың қажетті мөлшерін əкелуді қамтамасыз ету.

Нарықтық экономиканың дамуын жеделдету мақсатында мемлекет меншігінен алу жəне жекешелендіру жоспары жасалды. «Монополиялық қызметтің шектелуі туралы» заң қабылданды. Оның мақсаты: — нарықты басқару тетігін енгізу; — ерікті бақталастық пен кəсіпкерлікті, сұранымдылықты қорғауды қамтамасыз ету; — тұтынушылардың мүддесін қорғау. Бұл заңда монополиялық басқару құрылымын тарату, тауар нарқында сапасыз бақталастықты жою шаралары белгіленген.

Іскерлік белсенділіктің өсуі банктік құрылымның жаңа түрінің қалыптасуына əсер етті, бірақ құрылымдық өзгерістер республикада материалдық əл-ауқатты жақсартпады. Өндірістік тұтыну тауарлары мен қызмет көрсету қысқартылды.

1992 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен баға босатылды. Баға алғашқы кезеңде – 186 есеге өссе, 1992 жылы сəуірде 554 есеге, 1993 жылдың тамыз-қазан айларында 2165 есе өсті. Ақшаның құны күрт құлдырады. Халықтың тапқан айлық жалақысы тамағынан аспады. Ауыл мен ауыл арасындағы қатынас мүлдем қиындап кетті. Өндірістік тауарлардың бағасы бірнеше есе өсті. Нарыққа көшу саясатының бұрмалауынан өз жағдайын алыпсатарлық, делдалдық, пара алумен түзеген адамдар тобы пайда болды. Қалаларда қайыр сұраған адамдар көбейді.

Сондықтан, нарықтық экономика саясатының негізгі белгілерінің ең бастысы жекешелендіру саналады. Жекешелендіру арқылы жеке меншік дамиды, жеке кəсіпорындар қалыптасады.

Бізде 1991жылы жекешелендіру үдерісі басталды. Ол мемлекет меншігінен алу арқылы шаруашылық серіктестіктер жəне акционерлік қоғамдар жөнінде заңдар жүйесімен, нормативтік актілер арқылы жəне мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүргізілді.

Жекешелендіру Қазақстанда кезең-кезеңмен өтті. Бірінші кезең 1991-1992 жылдар аралығын қамтыды. Оның міндеті: 1) мемлекеттік меншіктің көлемі мен құрылымын белгілеу; 2) меншіктік құқық беруді дайындау; 3) шағын жекешелендіру объектілерінің 50 пайызын жекешелендіру. Бұл кезде негізі көңіл шағын кəсіпкерліктің дамуына аударылды.

Бұл кезеңде (1991-1992) “Кіші жекешелендіру» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сауда жəне қызмет көрсету кəсіпорындары (31 мың нысанның 50 пайызы) жаппай сатылды, не болмаса еңбек ұжымдарына берілді. Жекешелендірудің екінші кезеңі 1992-1996 жылдар аралығын қамтыды. Міндеті: орта жəне ірі кəсіпорындарды жекешелендіру.

Кіші жекешелендіруден басталған алғашқы кезеңнің барысында 1991-1992 жылдары 5 000-ға жуық нысандар жекешелендірілді, олардың қатарында үжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеншар болды. Көптеген кіші жекешелендіру объектілері жергілікті мемлекеттік мүлік комитеттерінің шешімімен конкурс немесе аукцион өткізілмей, өте төмен бағаға берілді. Қазақстан Республикасы Парламенті бұл стихиялық үдерісті реттеуге күш салды.

Екінші кезеңде (1993-1996 жылдары) жаппай жекешелендіру орта жəне үлкен кəсіпорындар бойынша жүргізілді, жеке жобалар бойынша 5 өнеркəсіп орындары, 1 700 зауыттар мен фабрикалар сатылды, 44 ірі кəсіпорындар сенімді басқаруға тапсырылды, оның ішінде 12-сі шетел инвесторларына берілді.

Бұл кезең “Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы” негізінде жүргізілді. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі болды. Сол кезде шағын жəне орта бизнесті дамытуға жол ашылды. Көтерме-сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту басталды. Қызмет көрсету саласында бəсекелестік орта пайда болды.

#Қазақстанда #жүргізілген #жекешелендіру

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз