Отбасының атқаратын әлеуметтік қызметі | туралы қазақша
«Отбасы», «үй іші» — бұл тарихи ұғым. Ол өмірдің даму, жоғары қарай өрлеу баспалдағы арқылы қалыптасқан. «Отбасы — қимылы өте шапшаң құбылыс. Ол еш уақытта қозғалыссыз тұрмайды. Қоғамның төменгі сатысынан жоғары сатысына қарай өрлеген даму қарқынымен ілесіп, төменгі қалыптан жоғары қалыпқа ауысып отырады», — деп жазады америкалық ғалым Морган Луис өз зерттеуінде. Барлық анықтамаларға түсіндірме бере отырып, біздің түйіндеуіміз бойынша, «отбасы» — халықтың өсіп өркендеуіне, өсіп келе жатқан ұрпақтар тәрбиесінде, ата-бабамыздың мұра еткен әлеуметтік тұрбие мен мәдени құндылықтарды жеткізуде өте маңызды рөл атқаратын қоғамның құрамдас бөлігі.
Отбасы некеге қарағанда күрделі жүйе, себебі ол жұбайларды ғана емес, олардың балаларын, басқа туыстарын да біріктіреді. Оның тұрақтылығы мен беріктігі де әр кезде өзгеріп отырады. Оған құқық, дін, қоғамдық пікір, психологиялық факторлар, әсіресе экономикалық өмір бірлігі әсер етеді.
Некелік отбасылық қатынас — бүгінгі таңдағы аса маңызды қоғамдық саяси мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы заңында: «Неке отбасы қатынастарын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың кепілдіктерін белгілеп зерттейді, отбасының дамуын Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыты деп анықтай отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді», — деп көрсетілген.
Отбасының мемлекеттің бір бөлшегі ретінде жеке адамның ие болуында алатын орны орасан зор. Сондықтан отбасы қазіргі кезеңде де, кейінгі ұрпақта да жас жұбайлардың некелік өмірін қалыптастырудың, дүниеге бала әкеліп тәрбиелеудің, ондағы мәдени құндылықтардың, адамгершіліктің материалдық қажеттіліктің ұрпақтан-ұрпаққа берілу ортасы болып қалады. Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар әсерімен бүгінгі отбасының дағдарысқа ұшырап отырғаны белгілі. Атап айтсақ, отбасының табысқа жетуі күрделеніп, бұқара халықтың әлеуметтік тұрмыстық әл-ауқатының төмендеуі, жоқшылыққа ұшырауы, отбасы өмірінің ыдырауы тереңдеп, некенің тұрақсыздығының артуы, қалыптасқан өнегелі-этикалық нормалар мен салт-дәстүрдің бұзылуы, жұбайлар арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастарды, жанжалдың күшеюі, отбасының жеткілікті түрде материалдық қамтамасыз етілмеуі және кедейленуі, ата-аналардың жұмыс бастылық деңгейінің жоғарылануы олардың бала тәрбиесі мен дамуына өнегелік адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына және физиологиялық-психологиялық денсаулықтарының дұрыс жетілуіне кері әсер етуі, төмендеуі, некесіз баланың дүниеге келуі, әкесіз, жетім, тастанды балалар санының өсуі, жалғыз басты аналар мен ажырасқандар санының көбеюіне әкеліп отыр. А.С. Макаренко жастар тәрбиесінің қиындығын айта келіп, былай деп жазды: «Балалар тәрбиесі — біздің өміріміздің ең маңызды бөлігі. Біздің балаларымыз — біздің еліміздің келешек азаматтары және әлем азаматтары. Бұлар келешек әкелер мен аналар, олар да өз балаларын тэрбиелейді. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке, жақсы ана болып өсуі қажет. Біздің балаларымыз -бұл біздің ар-ұжданымыз, біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие — бұл біздің бақытты қарттығымыз, нашар тәрбие — бұл біздің келешек қайғымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдар алдындағы, барлық ел алдындағы айыбымыз».
Отбасы тарихының бұдан кейінгі даму сатысы топты некенің ішінде жұп отбасының қалыптаса бастауымен, яғни қандас туыстар арасындағы некелесу ғұрпына тыйым салуына байланысты болған. Осының нәтижесінде алғашқы қауым ішінде бірімен-бірі некелеспейтін «ағалы-інілілер», «апалы-сіңлілер» топтары қалыптаса бастады да, тағылық дәуірдегі топты неке біртіндеп ығысып, оның орнына жұп отбасы дүниеге келді. Жұп отбасы тағылық дәуірдің соңында қалыптасып, варварлық дәуірде әбден кемеліне келіп, қоғамдағы басты отбасы формасына айналады. Бірақ мұндағы неке беріктігі онша мығым болмағандықтан, отбасының ыдырап, ажырасуы тым оңай болған.
Алғашқы қауымдық қоғамда өндіруші күштердің дамып, еңбек бөлінісінің шығуына байланысты, қауымдық ортақ меншік орнына жеке меншіктің пайда болуы — моногамиялық отбасының, таптың және мемлекеттің шығуына әкеліп соқты. Моногамиялық отбасы варварлық дәуірдің соңғы кезеңінде басталды да, жұпты некенің түпкілікті жеңуі цивилизация дәуірінің басында еркектер үстемдігінің орнауымен байланысты болды. Сондықтан моногамиялық отбасы түгелдей еркектер үстемдігінің негізінде қалыптасып, жетіле түсті. Отбасы тарихының бұл кезеңінде некелесу не ажырасу тек қана еркектер үлесіне тиді де, моногамиялық отбасындағы өзара байланысты жұпты некеге қарағанда әлде қайда нығая, беки түсті.
Неке-отбасылық қатынасты алғашқы рет анықтауға ұмтылған ежелгі грек философы Платон еді. Ол: «Патриархалды отбасын өзгермейді және ол негізгі қоғам ұяшығы болып табылады, ал отбасының бірігуінің нәтижесінде мемлекет пайда болады», -деген. Платонның еңбектерінде ұрпақтың денсаулығын қалай қамтамасыз ету керек туралы нақты ұсыныстарды кездестіреміз.
Оның ойынша дені сау балаларды 20 жас пен 40 жас аралығындағы әйелдер өмірге әкеледі. Платон ер кісілердің 35 жасқа дейін некеге тұруын талап етті, сонымен қатар ерлі-зайыптылар темпераменті бойынша әртүрлі болу керек, ал ол ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етеді.
Аристотель «Идеалды мемлекет» жобасын сынай отырып, Платонның патриархалды отбасы қоғамның негізгі ұяшығы деген идеясын дамытты. Француз ағартушысы Жан-Жак Руссоның ойынша, «Қоғамның ең көнесі және табиғиы — отбасы… Сонымен, отбасы — бұл саяси қоғамның бейнесі, басшы — бұл әке, алхалық — балалар…». XIX ғасырдың ортасына дейін отбасы қоғамның негізгі микромоделі ретінде қарастырылды.
Отбасын ғылыми тұрғыдан зерттеу 1861 жылы Швейцар тарихшысы И.Я. Бахофеннің «Ана құқығы» атты еңбегінің шығуымен байланысты. Автор осы еңбегінде келесі пікірді шығарды:
1) алғашында, адамдар шексіз жыныстық қатынаста болған, оны «гетеризм» деп атады;
2) осындай қатынастар баланың шынайы әкесі кім екенін анықтауға мүмкіндік бермейді, сондықтан да баланың тегі ана бағыты бойынша анықталды;
3) сол себептен әйел ана ретінде үлкен құрметке ие болды, Бахофеннің пікірінше, әйелдер толық үстемдік етті (гинекократия);
4) бір рет неке құруға өту, яғни әйел бір ер кісіге тиісті болды (басқа ер адамдардың осы әйелге деген құқығын шектеді).
Матриархат идеясы және отбасының тарихи дамуы Дж. Леббонның, И. Колердің, М.М. Ковалевскидің, Л. Штернбергтің, Л.Г. Морганның, Ф. Энгельстің еңбектерінде көрінді. Ф. Энгельстің ойынша, неке және отбасының дамуы өндірістің дамуымен байланысты, отбасы дамып, өзгеріп отырады.
Ежелгі кездегі гинекократияны және оның діни, құқықтық кезеңдерін зерттеген шотландық заңгер Дж. Мак-Леннан болды. Оның 1865 жылы «Первобытный брак» деген еңбегі жарық көрді. Мак-Леннан ежелгі гректердің, кельттердің, германдықтардың этнографиялық фактілеріне сүйене отырып, неке деңгейлерін зерттеді. Мак-Леннанның зерттеулері Бахофеннің алғашқы аналық құқығын дәлелдеді. Мак-Леннан «экзогамия» (грек тілінен экзо — тыс және гамия — неке дегенді білдіреді) деп аталатын феноменді ашты. Мак-Леннан бойынша некенің үш формасы бар: көпәйелдік, көп күйеудің болуы және бір некеге тұру.
Америка этнографы Л. Морганның отбасы тарихы туралы жазған «Көне қоғам» атты аса құнды ғылыми еңбегі XIX ғасырдың екінші жартысында алғашқы қауымдық құрылыстағы отбасы түрлерінің даму жолдарын түсіндірді. Алғашқы қауымдық құрылыстағы ең көне отбасы түрі топтық некеге негізделген. Ондағы некелер тобы рулар ішіндегі бірімен-бірі тұтас ұрпақтар жігімен бөлінетін. Айталық, аталар мен әжелер, әкелер мен шешелер, балалар тобында ағалы-інілілер, апалы-сіңлілер, немере және шөбере туыстар біріне-бірі ерлі-зайыпты, яғни әр ұрпақ бір-біріне аға-қарындас бола тұра некелес болатын.
Отбасы тарихының бұдан кейінгі даму сатысы топтық некенің ішінде жұп отбасының қалыптаса бастауымен, яғни қандас туысқандар арасындағы некелесу ғұрпына тыйым салуына байланысты болған. Алғашқы қауымдық қоғамдағы өндіруші күштердің дамып, еңбек бөлінісінің шығуына байланысты, қауымдық ортақ меншіктің орнына жекеменшіктің пайда болуы моногамиялық отбасының шығуына әкеледі. Моногамиялық отбасы варварлық дәуірдің соңғы кезеңінде басталады да, оның жұптық некені түпкілікті жеңуі өркениет дәуірінің басында ер кісінің үстемдігінің орнауымен байланысты болды.
Сөйтіп, топтық неке — жабайылық дәуірге тән болса, жүптық отбасы варварлық, ал моногамиялық отбасы цивилизация дәуіріне тән болған. Ресейде неке мен отбасын Ә.К. Васильев, В.Г. Голфаст, А.Г. Харчев, Н.Г Юркевич, А.В. Чуйко, А.И. Антонов және т.б. ғалымдар зерттеген.
Бұл жағдайда ескере кететін жағдайдың бірі, жоғарыда келтірілген отбасы формаларынан бұрын қалыптасқан алғашқы ру, қандас, туыс ұғымдарынан кейіннен жыныстық қатынаста өмір кешкен топтардан шыққандығы туралы Л. Морганның пікірі тарихи шындыққа жатпайтындығын белгілі ғалым Ю.И.Семенов дәлелдеген болатын. «Қандас туыс отбасы мен пуналуал отбасына алғашқы рудың шығуынан бұрынғы кезеңдер деп қарау этнография ғылымының даму барысында толық ысырылып тасталды.
Пайдаланылған әдебиеттер: Педагогика, әлеуметтік педагогика, өзін-өзі тану тарихы: оқу құралы. Ж.Р. Баширова, Р.К. Бекмағамбетова, Н.С. Әлқожаева, Н.С. Жұбаназарова, Ұ.Б. Төлешова. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 248 б.
#Отбасының #атқаратын #әлеуметтік #қызметі
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз