Жарық туралы ілім | туралы қазақша
Жарық (һеrnіае) көне заманнан белгілі сырқат. Оған дәлел ретінде жарық туралы мәліметтердің ерте дәуірдің ғалым-дәрігерлері Гипократ, Аль-Фараби, Цельс, Гален, Авиценна т.б. еңбектерінде кездесуін айтуға болады. Аурудың аты гректің » Кеlе», яғни «өсінді», «тал», «шыбық» деген сөзінен шыққан деп болжанады. Б.э. I ғасырында Цельс бұл сөзді латынша «hernia» деп аударған. Міне осы зерттеу ғылымы герниология деп аталады.
Жарық ауруы жер шары тұрғындарының арасында кең тараған сырқаттар қатарына жатады. Оған дәлел болатын бірнеше деректерге тоқтала кетейік. Жалпы жарық ауруы барлық хирургиялық аурулардың 3-18% құрайды (Маслов П.Н., 1964, Тоскин К.Д. және Жебровский В.В., 1983, Федоров В.Д., 1991, т.б.). АҚШ-та ер адамдардың 10%-ы жарық ауруына шалдығатын көрінеді (Pratt Т., 1972). Жарық ауруы адамдар өмірінің кез келген кезеңінде және олардың жынысына қарамай ерлер мен әйелдерде бірдей кездесе береді. Дегенмен, жарықтың кейбір түрлерін жеке қарастырсақ, олардың кездесу жиілігі пациенттердің жасына, жынысына қарай әртүрлі болатыны байқалады. Шынында жарық ауруының кейбір түрлерінің жиілігі, адамдардың жасы және жынысымен байланысты болатыны байқалады. ВД.Федоров және басқ. (1991) еңбектерінде жарық ауруы жасы 60-тан асқан адамдар арасында 49% кездеседі, ал жасы 35 — тен төмен адамдардың 11,1% қамтиды және ер адамдар жарық ауруына жиі шалдығады (10:1) деп көрсетілген. Жарықтың жеке түрлеріне келсек ең жиі кездесетін жарықтың түрі шап жарығы болып есептеледі, өйткені ол барлық жарықтардың 70-80%-н құрайды. Одан соң сан жарығы (9-11%) мен операциядан соң туатын жарықтар (4—5%) орналасады, ал жарықтың басқа түрлері, аталған жарықтармен салыстыра келгенде, сиректеу кездеседі. Шап жарығы көбінесе ер адамдарда (10:3), ал сан (1:8) және кіндік (1:10) жарықтары әйелдерде жиі кездеседі (Бобков М.К., 1966, Булынин И.И., 1968).
Сонымен жарық ауруы дегеніміз не? Жарық (жарық ауруы) деп іш қуысында орналасқан ағзалардың немесе олардың бір бөлігінің іш қабырғасы аумағындағы табиғи жаратылыстан болатын немесе жасанды жағдайлардан туатын әлсіз жерлерден тері астына, ішастармен бірге шығуын айтады (сыртқы жарық). Сонымен қатар ағзалар немесе оның бөлікгері іш қуысында орналасатын әртүрлі шұңқыршалар, қалташықтар мен тесіктерге еніп жарық құрауы мүмкін (ішкі жарық). Сырқаттың бұл түрі сирек кездесетін жарықтар қатарына жатады. Айта кету керек, ішкі жарықты анықтау (диагноз қою), әдетте, оңайға түспейді.
Жарық құрамалары. Әрбір жарықтың құрылысында аурудың жеке өзіне тән және әрбір жарықта міндетгі түрде табылатын бірнеше құрамалалар болады. Егер олар жарық құрамында толық болмаса ондай құбылысты жарық деп атауға болмайды. Өйткені ішкі ағзалар (немесе олардың бөліктері) басқа жағдайларда да өзінің тұрақты орналасатын орнынан жылжып, жарық сияқты тері астына (эвентрация) немесе сыртқы ортаға шығуы (пролапс, prolaps) мүмкін. Осыған орай, студент жастарға түсінікті болу үшін жарыққа ұқсас ұғымдарға, яғни эвентрация мен пролапске қысқаша сипаттама беріп өтейік.
Эвентрация (eventracio) деп ағзалардың іш қуысындағы өздерінің қалыпты орналасатын орындарынан ығысып, тері астына шығуын айтады. Эвентрация құбылысында іш қуысындағы ағза (немесе оның бір бөлігі) тері асты қабатына тікелей, яғни ішастарсыз шығады. Эвентрация, әдетте, операциядан соңғы кезеңде туатын асқынулардың салдарынан (көбінесе операциядан соңғы кезендегі перитонитте, операциялық жаралар іріңдегенде) ішастардың бүтіндігінің бұзылмауымен байланысты болады.
Ағзаның (немесе оның бір бөлігінің) сыртқы ортаға шығуы (prolaps). Бұл жағдайда ағза (немесе оның бір бөлігі) ішастар және тері қабатынан өтіп, олардан тыс, яғни сыртқы ортаға қарай шығады. Бұндай құбылыс әртүрлі жарақаттардан соң тері қабаты мен ішастар бүтіндіктері бұзылғанда туады немесе ол кейбір ауруларға тән құбылыс (мыс. тік ішектің, жатырдың, қынаптың төмен түсу аурулары). Жоғарыда аталған патологиялық құбылыстарда, жарық ауруына тән, ағзалардың қалыпты орындарынан жылжуы байқалғанмен оларда, жарықта кездесетін және оларға тән құрамалар жоқ, демек оларды жарық ауруы деп атауға болмайды.
Сонымен, жарықтың тек өзіне тән және оны құрайтын құрамалар болады дедік. Енді сол құрамаларға толығырақ тоқталып, оларды сипаттап өтейік
(5-і сурет). Жарық құрамалары деп нелерді атайды? Олар: 1) жарық қақпасы; 2) жарық қабы; 3) жарық қабы ішіндегі заттар (ағзалар немесе олардың бөліктері); 4) жарық қабын қоршайтын қабатгар (жарық қабының қабықтары).
Жарық қақпасы (ЖҚ) деп іштің алдыңғы қабырғасындағы жарық шығатын осал (әлсіз) жерлерді айтады. ЖҚ әрбір адамның дене құрылысында табиғи жаратылысының ерекшеліктерімен байланысты осал, әлсіз жерлерде (мыс, шап өзегінің, яғни каналының сыртқы сақинасы, кіндік тесігі, іш қабырғасының ақ сызығы, Пти үшбұрышы т.с.с.) немесе іш қуысын ашумен байланысты хирургиялық операциялардан соң және әртүрлі жарақаттардан, сырқаттардан кейін әлсізденген аймақтарда орналасады. ЖҚ көлемі жағынан әртүрлі болып келеді. Кейбір ЖҚ (мыс. кіндік тесігі, шап өзегінің сыртқы сақинасы т.б.) саусақ ұшы немесе толық саусақ енетіндей ғана көлемде болса, келесі біреуі (әсіресе операциядан соң пайда болатын жарықта) өте үлкен, ересек адамның жұдырығы кіретіндей, тіпті одан да басым көлемді болуы мүмкін. ЖҚ-ның көлемі, көптеген жағдайда, ауру пайда болу мерзімімен байланысты. Аурудың бастапқы кезеңінде ол кіші көлемді болса, уақыт өткен сайын үлғая береді.
Жарық қабы-ішастардың париеталдық жапырақшасынан құралады. Ол жарық қақпасы арқылы тері асты қабатына томпайып шығып, біртіндеп ұлғаяды. Жарық қабының сыртқы пішіні, көбінесе, алмұртқа ұқсас болып келеді. Оның түп, дене, мойын және саға (устье) бөліктерін ажыратады. Жарық қабы, көбінесе, жалғыз камерадан тұрады (бір камералық жарық қабы), ал үлкен көлемді (вентральді) жарықтарда оның бірнеше бөліктері болуы мүмкін (көп камералы жарыққабы).
Жарық қабы ішіндегі заттар деп іш қуысынан жарық қабына шығып, сонда орналасатын ағзаларды немесе олардың бөліктерін айтады. Жарық қабына іш қуысында орналасқан кез келген ағза немесе олардың жеке бір бөліктері шығуы мүмкін. Дегенмен, көбінесе, іш қуысындағы жылжымалдылығы жоғары дәрежелі ағзалар (мыс. ащы ішек ілмектері, ішмай) шығады. Кейбір жағдайларда тері асты қабатына жарық қабымен бірге, ішастардың висцеральдық жапырақшасымен толық жабылмайтын ағзалар (мыс. тоқ ішектің жоғары бағытталған бөлігі, несіп қуығы) сырғып шығады. Бұндай жарықты «сырғымалы» жарық деп атайды ( 6-шы сурет). «Сырғымалы» жарықта жарықпен бірге сырғып шығатын ағзаның ішастармен жабылмаған бөлігі жарық қабы қабырғасының бір жағын құрайды.
Күнделікті тәжірибелік хирургияда бұндай жарықтың болу мүмкіншілігін тұрақты есте ұстау керек, өйткені операция үстінде жарық қабының орнына, байқамай, ағзаның сол, жарық қабы қабырғасының бір жағын құрайтын жерін ашу, яғни ағза қабырғасының бүтіндігін бұзу қауіптілігі бар. Бұндай жағдай, әрине, операциядан соң әртүрлі аса қауіпті асқынулардың пайда болуына жол ашады. Мысалы мен жас хирургтің жарық ауруына операция жасау үстінде несіп қуығын жарақаттап, соның салдарынан операциядан соңғы кезеңде айнала тіндерге зәр жайылу себебінен сепсис пайда болып, пациенттің қаза болу жағдайына куә болғанмын. Әрине бұндай жағдай, қуанышқа орай, өте сирек кездеседі, дегенмен аталған мысал «сырғымалы» жарықтың қауіптілігін өте көркем бейнелейді.
Жарық қабында бір ағза (немесе оның бөлігі) ғана орналасқан жарықты жәй (қарапайым), ал онда бірнеше ағзалар немесе олардың бөліктері {мыс, ащы ішек ілмектері мен іш майы немссе іш май мен соқыр ішек т.с.с.) анықталса, ондай жарықты күрделі жарық деп атайды. Егер жарық қабына ащы немесе тоқ ішек бөліктері шыққан жағдайда олардың әкелгіш және әкеткіш ілмектерін ажыратады. Ілмектерді аталмыш бөліктерге бөлу жарықтың қысылу асқынуын емдеу барысында ішекті резекциялау қажеттілігі туған жағдайлардағы маңызы ерекше. Ол туралы деректер жарықтың асқынуларына арналған тарауда толығырақ баяндалады.
Жарық қабының сыртындағы қабат (жарық қабының қабықтары). Жарық қабының сыртында, оны қоршалай орналасатын қабаттары болады. Олар, негізінде, нәзік дәнекер тіндерден, майлы клетчаткадан, ұсақ қан тамырлары мен нерв талшықтарынан құралады. Ер адамдарда аталмыш қабат құрамында ұрықтық түтік (шәуһет бауы) өтеді. Бұл жағдай операция үстінде ескерілуі қажет, өйткені жарық қабын оны қоршаған қабықтардан өткір жолмен (скальпель, қайшы) ажырату барысында аталмыш түтіктің механикалық жарақатқа ұшырау қауіпі бар.
#Жарық #туралы #ілім