Қазақ кеңес лирикасындағы тəуелсіздік рухы туралы қазақша
Біздің дəл бүгінгі тəуелсіздікті жырлау деген ұғым кеңес дəуірі əдебиетінде болған емес. Тəуелсіздікті біз бүгін қазақ ұлтының бөтен елге бодан болуынан құтылуы тұрғысынан түсінсек, кеңес кезеңінде ол 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық қанау мен езгіден босау ретінде қаралды. Ол кезде біртұтас Одақтың құрамында болған қазақтар ол ынтымақтан шығуды мұрат тұтып, күн тəртібіне қоя алған жоқ. Кеңестік Социалистік Республикалар одағының (КСРО) келісім-шартына (1922) ол кірмеген. Бірақ бұл бүкіл əдебиет тарихында ұзақ ғасырлар бойы жырланып келген тəуелсіздік тақырыбы кеңес тұсында тоқтап қалды деген сөз емес. Ол кезде қазақтар аталған одақтың еркімен кірген бір мүшесі болып саналды да, келісім-шарттың көлемінде берілген құқыққа ғана ие болды. Бұл құқық экономикалық дамуда бір тұтас саясат ұстанып, əдебиет пен мəдениетте ұлттық дəстүрді жаңарта дамытуға мүмкіндік беретін қағида қабылдады. Соның негізінде түрі ұлттық, мазмұны социалистік мəдениет өркендеуіне жол ашылды. Көркем шығармалар ұлт тілінде жазылып, мазмұны жағынан социалистік реализм талаптарына жауап беретін болды. Ақын-жазушылар осы тар шеңберде болса да, елі мен жері, Отаны жайында ойланбай, толғанбай тұра алмады. «Отан» деген сөздің төңірегінде елдік ұғымды кеңейте қарап, патриоттық жырлар жазды.
Қазақ тарихында ұлт тəуелсіздігі мəселесі ХХ ғасырдың бас кезінде ғана күн тəртібіне қойылып, əдебиет бетінде батыл көтерілген еді. Оған сол кездегі патшалық Ресейдің отаршылдық режиміне қарсы қозғалыстардың үлкен əсері болғаны даусыз. Отаршылдықтан құтылып, жеке ұлттардың дербес мемлекет құруы деген мəселеге қазақтар да белсенді қатысты. Патша өкіметінің құлауы (1917 жылдың ақпаны) орыстың күресшіл тобымен бірге қазақтарға да тəуелсіз мемлекет құруға мүмкіндік берді. Алашорда осылай құрылған еді. Бірақ оны Ресейдің уақытша үкіметі де, Ресейді билеуге таласқан орыстың əскери топтары да (Колчак, Деникин, Дутов, т.б.), одан кейін билікке келген большевиктер де мойындаған жоқ. Ұлтшыл мемлекеттік құрылым есебінде жатсына қарады. Алайда, қазақ оқырмандары өздерінен басқаны жоққа шығарардай, əсіре ұлтшыл емес еді. Алашорда идеясын қолдағандар түгелге жуық Санк-Петербургте, Мəскеуде, Қазанда, Орынборда, Омбыда, Томскіде, тағы басқа орыс қалаларында оқыған, патша өкіметіне қарсы бүкіл Ресейлік қозғалысқа қатысып, қайраткерлігі танылған азаматтар болатын. Олар қазақ халқының дамуда артта қалып, қараңғыда, сауатсыздықта, қанау мен құлдықта отырғанын көріп, ең алдымен, соларға көмектесуді көздеді. Халықаралық қарым-қатынастан қашқан жоқ. Сондықтан Қазақстанды Ресей құрамындағы автономиялық республика етуді ғана көздеді. Үкімет құрамына қазақтардан өзге ұлттардың өкілдерін де кіргізуді жоспарлады. Алғашқы сайланған қазақ үкіметінде ол үшін бос орындар белгіленді. Осыған қарамай, Колчак та, Деникин де, Дутов та қолдамаған Алашорда автономиясын Кеңес өкіметі таратып жіберді. Кеңестік зерттеулерде Алаш қозғалысының тарихы бұрмаланып, буржуазиялық ұлтшыл ұйым есебінде бағаланды.
Ұлттық тəуелсіздіктің алғашқы жырын осы ұлтшыл ақындар бастаған еді. Бұл – ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиетінде тəуелсіздік идеясының жырлануы жайлы зерттеулерде жазылған.
Біздің Алаш қозғалысына қатысқан оқыған қайраткерлеріміз кеңес өкіметін қолдамағандықтан, Қазан төңкерісі қазаққа сырттан таңылған, оған қазақтар қатысқан жоқ дегенді желеу ететін. А.Байтұрсыновтың өзі кезінде: «Бізге осындай теңдік əперіп отырған – орыс халқының ақ жүрек, адал ниетті көсемдері, орыс халқының жұмысшылары һəм əскері. Бұлар бостандықты қан төгіп жеңіп алды. Олардың бұл жақсылығын қалай қайтарамыз? Бізді бұл қуанышқа, бұл бостандыққа жеткізген кім? Біз кімге борыштармыз? Мұны ойлайық», – деп жазған.
1917 жылдың наурыз айының 9-ы күні жазылған Сəкен өлеңі кейін оның авторы мен басқа ұлт көсемдерінің төңкеріске көзқарасын айқындаған, екі жақтың ара-қатынасының ашылуына себеп болған фактының бірі. Кейін С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында (1927) төңкеріске қатысқан сол қызыл ерлер кім еді? Төңкеріске қарсы болғандар кімдер? – дегенді толықтырып жазды.
Қазақ ақындарының бостандықты қарсы алып жазған алғашқы жырлары, қалай болғанда да, отаршылдық пен ұлттық езгінің астында жаншылған еңбекші халықтың азат күнді аңсаған көңіл күйін танытқандай еді. Оны кейін кеңестік дəуірде шыққан жас талапкер ақындар жалғастырып алып кетті. Бірақ бұл дəуір өлеңдері таптық күресті негізге алып, бай мен кедейдің арасындағы қайшылықты тартысты ашу мақсатын көздейді. Соның бірі боп «Бостандық» атты өлең жазған (1919) Сəбит Мұқанов:
«Күш жоқ кезде күштілерден жасқандық, А кедейлер, деп жүрмеңдер бос қалдық. Еңбек етсең, білім, өнер сенікі, Өзің ие, міне, саған Бостандық!» 136 , – деп жазды.
Бұл дəуірдің өлеңдері, негізінен, осындай бостандықты мадақтаған жалаң сөзден артып ештеме айта алған жоқ. Қазақ елінің теңдікке жетуі байлардың құқығын тежеп, кедейлерді алға шығару саясатымен ғана байланыстырылды. Ұлттың жетілуі, халықтың əдет-ғұрып дəстүрін жаңарту, тілін, өнегесін насихаттау сияқты мəселелер қозғалмады. Оның себебі бір жағынан, жоғарыда аталғандай, одақтық тұтастық ырқынан шыға алмаудан болса, екінші жағынан, осындай ұлттың тағдырына қатысты ойлар мен жырларды көп айтқан Алаш қайраткерлерін сыртқа тебуден болғаны даусыз еді. Алаш жазушылары түгелдей ұлтшылдар қатарында айыпталды. Алашорда тарағаннан кейін кеңес өкіметін мойындап, соның қатарына қосылған олар ұлт тағдырын сөз еткені үшін қайта қуғынға ұшырады. Кейін ұйымдасып, астыртын ұлтшылдық саясат жүргізді деген айыппен сотталды. Қазақта бұл дəуірде алғаш лирика жазған екі ақынның бірі – Мағжан да, екіншісі – Сəкен еді. Мағжан «Ұлтшыл» деп айыпталса, Сəкеннің ел, жер, махаббат, табиғат тақырыптарына жазған, адам сезімін қозғайтын лирикалық жырлары қолдау таппады. Н.Төреқұлов, Ғ.Тоғжанов сияқты саясатшыл сыншылар одан ұлтшылдыққа жақын идеяның көріністерін табуға тырысты. Бұл жағдайлар кейін шыққан жас қалам қайраткерлерін жасқандырып, ұлттық мəселелерден, сезім лирикаларынан алыстатты. Бірен-саран бостандықты сөз еткен өлеңдер Қазақстанның кеңестік автономия алған (1920) мезгілін еске түсіру негізінде жүргізіліп жатқан жаңа өкімет шараларын мадақтаудан аса алмады.
Дегенмен, əдебиеттің аты – əдебиет. Ол ел өмірі шындығын жырламай тұра алмайды. Тартына, сақтана айтқанмен, қазақ елінің революциядан кейінгі тіршілігі, кеңестік жолға түсуінің бір сыпыра көріністері қазақ ақындарының назарына ілікпей қалған жоқ. Революционер ақын, қазақ даласына кірген жаңалықтарды мақұлдай отырып, оны насихаттау жырларын («Кел жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жолдастар», т.б.) жазуды тұрақты мақсат тұтқан Сəкеннің өзі сол тұстағы қазақ даласы суреттерін жаңа заман талаптарына лайық жаңаша тануға ұмтылды. Елге келген бостандықты таратқан дала желін жырға қосып, табиғаттың адам қуанышына ортақтығын сездірді. Жазғы кеш суреті арқылы жастардың махаббат сезімін суреттеді. Кеңес өкіметі шараларының ауылға кіре бастағанын «Ауыл байғұс мінеки», Жұмат кедейдің тұрмыс-тіршілігіне байланысты өлеңдерінде көрсетуге тырысты. Оның «Экспресс» жинағына (1926) кірген өлең-поэмалары (əсіресе «Советстан») жаңа заманның қарқынды дамуға бет алысы мен экспресс үстінде автор көрген, жаңаша таныған қазақ табиғаты суреттерін берудегі алғашқы ізденіс нышандары болатын. Қазақ аулы, оның арғы-бергі суреттері – Бейімбет шығармаларына арқау болған өмір шындығы. Ол – тегі жағынан да, жырлаған негізгі тақырыбы жағынан да кедейшіл ақын еді. Əуелде Алашордаға тілектес болып, бостандық, қазаққа теңдік сол жолмен келеді деп ұққан Бейімбет кейін Алашорда тарағаннан кейін кеңес баспасөзінде қызмет істеп, өмірін кедейді қолдайтын саясатпен байланыстырды.
20-жылдардың ішінде кеңес дəуірі əдебиетінің негізін салған аға буын ақындарға ере шыққан, соларды үлгі тұтып, ағалық қамқорлығын, тəрбиесін сезіп өскен Асқар Тоқмағанбетов, Қалмақан Əбдіқадыров, Өтебай Тұрманжанов, Иса Байзақов, Мəжит Дəулетбаев, Жақан Сыздықов, Тайыр Жароков, Əбділда Тəжібаев, Ғали Орманов сияқты жас таланттар шоғыры əдебиетке келді. Олардың шығармашылық өмірі мен ізденістерінің шеңбері де жоғарғы аталған ағаларының жолына ұқсас еді. Бəрі де қазақтың теңдікке жетуін Қазан революциясының, Коммунистік партияның жеңісімен, Ленин, Сталин идеясымен байланыстыра қарады. Қазақ аулын Кеңес жолына түсіру шаралары, байларды қанаушы таптың өкілі есебінде тежеу, кедей-жалшыларды олардың ықпалынан жəне қызметінен шығарып алып, қанаушыларға қарсы қою саясаты əдебиеттің негізгі тақырыптарына айналды. Алғашқы жылдардың өлеңдері осыны қара байыр ұйқасқа құрылған өлең үлгісінде жеткізуге тырысты. Өлең мəдениеті жетпеді. Жазушылар ұйымдарының құрылуы, олардың жас қаламгерлерімен жүргізген жұмысы, үйрену, тəрбиелеу мектебі нəжижесінде ақындық ізденістер біртіндеп кеңейе түсті. Өлең мəдениеті, сөйтіп біртіндеп, жетіле түскенмен, олардың сарынында өзгерістер болған жоқ, үгіттік сипатын сақтады.
Жиырмасыншы жылдарға қарағанда, отызыншы жылдары кеңес отанының өміріндегі елеулі саяси-экономикалық табыстарға байланысты əдебиеттің ізденіс ауқымы кеңейді. Бұл жылдары шын мағынасында «Отан» деген ұғым кеңейді, оны сүю, тану, халықтардың бірлігі, туыстығы деп түсіну, қажет болса, оны қорғау идеясы əдебиетте кең жырланды. Лириканың сол тұста дамыған негізгі түрі саяси-публицистикалық лирика негізгі идеологиялық ұстанымын сақтай отырып, өлеңдік мəдениетін бірсыпыра көтерді. Заман өзгерістерін қуанышпен қабылдау, адам бойындағы шаттану, лепті қуанышқа бөлену сезімдері жиі көрінді. Сөйтіп халықтар бойында Кеңестік патриотизм тəрбиеленді. Қалған тақырыптардың барлығы да «Отан» деген ұғымның аясына сыйып, соны толықтырды. Елде жүргізіліп жатқан социалистік құрылыс шаралары өндірістің даму қарқынына үн қосты. Партия ақындарын соны жырлауға шақырды. Сəкеннің «Қалаушылар жыры», «Тоқу фабригінде», Ілиястың «Алтын қазан» , «Екпін күші», Сəбиттің «Қарағанды», Асқардың «Түрксиб түйіскенде», Тайырдың «Бесжылдықтың балғасы», «Миллион толқын», Қалмақанның «Екпін», Ғалидың «Шеңбер», Ə.Тəжібаевтың «Айна- бұлақ» өлеңдері осы шақыруға жауап сияқты еді. Ауылды жырлау деген де ұран болды. Ол да ауылды жаңартудағы шараларды қолдау, соған үн қосу қажеттігінен туды. Сəкен «Даладағы жаңа күй», Сəбит «Малшының мақтанышы», Ғали «Алынған Арыс», «Ырыс каналы» сияқты өлеңдер жазды. Асқар «Бір семья», «Алтын ошақ» сияқты өлеңдерімен еліміздегі социалистік құрылыс табыстарын өзінше жинақтап көрсетуге тырысты. Ол халықтар туысқандығын мадақ тұтты. «Біздің салтымыз сол», «Күшті болса, көкте кім?», «Ең жоғары» атты өлеңдерінде отызыншы жылдары əскери техниканы жетілдіруді жүргізген кеңес саясатының жеңісіне сүйінді.
Əрине, бұлардың бəрін заманды жаппай мадақтау деп тəрк етуге де болмас. Əр ақын өзінше ізденіп, адам мен адам еңбегін, сол арқылы қоғамды жаңартып жатқан күшті көрсетуге, көркем бейнелеуге деген зор ұмтылысты танытты. Бұл тақырыптарда бір қатар поэмалар да жазылды. Жалпы қазақ əдебиетінің дамуында отызыншы жылдар сырт қарағанда ең өнімді жылдар саналды. Он жылдық көлемінде 150-ден астам жеке ақындар кітаптарының басылуы, 30-ға жуық ұжымдық жинақтардың шығуы социализмді жырлау қарқынымен байланысты туған шығармашылық энтузиазмнің салдары еді. Бірақ осы шығармалардың заман жыры есебінде ұмытылмай қалғандары көп емес. Көбі адамның көңіл күйінен, мөлдір сезімі мен сырынан тумай, науқаншылыққа үн қосу үшін жазылған дүниелер болып қалды. «Аққудың айырылуы», «Сыр сандық» сияқты сұлу сазды сыршыл лирика жазған Сəкен, талай екпінді жырлардың авторы Ілияс, өлең сөздің шебері, М.Əуезовтің тілімен айтқанда, «Қырғи тілді» Асқар, сыршыл ойлы лирик Əбділда, ойлы шағын өлеңдердің шебері Ғали сияқты таныс ақындардың өзі осы жарыста еркін көсіле алмай, бірінен соң бірі сəтсіздікке ұшырап жатты. Оның себебі жазылған еңбектердің шын көңілден шықпай, «заманның үні» болуға тырысуынан болғанын мойындау керек. Дəуірдің екпінді үніне қосылуға керек болғанмен, саяси публицистикалық, азаматтық өлеңдер таза, нəзік сезімді лириканың дамуына жол бермеді. Сəкеннен басталып, Əбділда, Ғалидың шығармашылығынан көрінген махаббат, табиғат сыры мен сезіміне арналған өлеңдер өркен жая алмады. Оларды қолдау болмады. Көңіл күй лирикасы тіптен жойылып кетті. Осылай қиыншылықпен бет алып келе жатқан əдебиетті 1937-1938 жылдары басшылық тарапынан жүргізілген халық жауын əшкерелеу науқаны тіпті тығырыққа тіреді. Ұсталғандары өз алдына, қалғандарының өзі тəлтіректеп сын астында жүрді. 1939 жылы өткен Қазақстан жазушыларының Екінші съезі тым жүдеушілік жағдайында жиналып еді. Онда негізінен, отызыншы жылдар ішіндегі халық поэзиясының дамуы, Жамбыл бастаған халық ақындары (Нұрпейіс Байғанин, Иса Байзақов, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Əлімбаев т.б.) шығармаларының жаңа заманға қызмет жасауға ұмтылысы тілге тиек болды. Сөйтіп жиырмасыншы-отызыншы жылдардың əдебиеті негізінен жаңа заманды жырлау деген дақпыртпен жүріп шын көркемдігі биік əдебиет жасауға жете алды деп түю қиын. Саяси-қоғамдық жүйемен бірге əдебиеттің ұйымдастыру, шығармашылық саласына бірсыпыра өзгерістер кірді. Əдеби туындылардың мазмұны мен түріне өзгерістер жасау талаптары іске асты. Бірақ шын халық өмірін, қоғамның елмен, оның ата дəстүрімен біріккен байланысын, табиғатты жəне қазақтардың қолымен жасалған рухани құндылықтарды сезіну жеткіліксіз болды. Негізінен сəтсіздік, мүмкін, осында жатқан болар. Өйткені Отан, кеңес елі деген жалпы ұғым болмаса, елім деп, халқым деп, ата-бабам дəстүрі деп желпіну болған жоқ. Мұны кейінгі дəуір – соғыс кезінің шындығы ғана талап етті.
#Қазақ #кеңес #лирикасындағы #тəуелсіздік #рухы