Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірбаяны (Реферат) | туралы қазақша

0

Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірбаяны — XX ғасырдың арпалыс заманында қазақ әдебиетінің ашық аспанында жарк етіп көрініп, жалт етіп ұшып түскен жарық жұлдыздарының бірі. Жоқшылықта өсіп, қиыншылықты көп көрген, нәтижесінде тіршілік-өмірден көргенін ақынның соңында қалдырған ұлан-ғайыр әдеби мұрасы оны қазақ әдебиетінің классиктері катарына косты. Күрмеуі қиын қысталаң заманда небәрі жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен ақынның осыншама еңбек калдыруы, шығармаларындағы ұлтжандылық рухтың күштілігі, ұлтының бақытты болашағы жолындағы қайтпас күрескерлігі, азаматтық арының биіктігі, дарынының даркандығы таң қалдырады. Сұлтанмахмұттың өлеңдерін, поэмаларын, романдарын, публицистикалық мақалаларын оқып отырғанда кей-кейде тұтас бір қазақ деген халыктың бар тауқыметін қаршадай акынның бір өзі ғана қабырғасы қайыса көтеріп, бар ауыртпалык бір басына түскендей әсерде қаласыз. Иә, Сұлтанмахмұт Торайғыров — туған халқының көрікті келешегі үшін сырлы сөзімен де, баянды ісімен де барынша күрескен, «елім» деп еңіреп өткен ардагер ақын.


Портрет
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың портреті

Сұлтанмахмұттың өмірі ‘»тар жол тайғак кешулі» кезде өтсе, оның әдеби тағдыры да өзгеше. Бір жаксысы ақынның есімі кешегі компартия билеген әкімшіл-әміршіл заманда Мағжандар сияқты «жабык» болған жок. Халық Торайғыровтың жалпы шығармашылығымен таныс болды: ақынның өлеңдері бірнеше рет басылып шықты, мектеп окулықтарында орын алды; көптомдық қазақ әдебиетінің тарихында тарау берілді. Дегенмен, ақын тұлғасын бар болмысымен танып білуге кейбір кедергілер де болып келді. Қоғамдық өмірді ғылыми тұрғыдан танып білудің әмбебап өлшемі ретінде ұсынылған таптық (партиялық) принцип ақын шығармашылығындағы күрделі заман шындығын дәл көрсете білген тұстарына келгенде дәрменсіздік көрсетіп, негізсіз даурықпа пікірлерге бой алдырып алды. Тіпті, ақынның бүкіл ақындык болмысын анықтау ол «алашорда жағында болды ма?», «төңкерісті қолдады ма?» деген сауалдарға жауап іздеумен тікелей байланыстырылды. Сұлтанмахмұт ‘»байшыл-ұлтшыл», «алаш-ордашыл», «ұсак байшылдык толқудағы ақын», «ағартушы-демократ» деген сияқты бағалар беріліп жатты. Тоталитарлық тұстағы ақын алған ең жоғары баға — «бұкарашыл әдебиеттің көрнекті өкілі».

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бүкіл шығармашылығын дұрыс бағалауға «киындыктар» туғызған «Алаш ұраны» өлеңі, «Таныстыру», «Айтыс» поэмалары, «Жаңа кітап» рецензиясы, «Әлиханның Семейге келуі» мақаласы сиякты туындылар еді. Бұл туындылар күні кешеге дейін ақын жинақтарына кірмей, «актандақ» тұстарына айналып келді. Біздіңше, Сұлтанмахмұттың шығармашылығындағы азаматтық сарынды барынша ашып, айқын көрсететін туындылар — осылар. Бүгінгі ақынның жүз он жылдық мерей-тойына орай айтылар сөздің бастысы да осы — Торайғыровтың мұрасын тәуелсіз елдің көзқарасы тұрғысынан жаңаша пайымдап, ой тербету болмақ.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылдың 28 қазаны күні Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Бес-алты жасында Баянауылға коныс аударып, балалық шағы сонда өтеді. Бір жасында анасы өліп, қарт әжесінің колында тәрбиеленеді. Әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) қулық-сұмдықты білмейтін момын, жаны жомарт, бір сөзді, өжет, ескіше хат танитын кедей шаруа екен. Торайғыр — Сұлтанмахмұтқа төртінші ата. Торайғыр кезінде жаудан беті қайтпаған батыр, қара қылды қақ жарып билік айтқан би, елге жақсы жағынан көрініп, абырой-атағы алысқа кеткен белгілі адам болыпты. Есімі арқаға кеңінен танымал атакты Шоң би де акынның арғы аталары болып келеді. Жасынан зерек Сұлтанмахмұт Торайғырды фамилия етіп өзі әдейі таңдап алған. Қаршадай ақынның жас кезінен-ақ алдына таудай талаптар қойып, алыстарға кұлаш сермеуінің бір сыры, мүмкін, осы елге адал қызмет етіп, даңқы жайылған бабасын өзінің аты-жөніне айналдырғандығында жатқан шығар. Қасиетті баба рухы колдап, Сұлтанмахмұтта өзін биіктен көрсете алды.

Сауатын әкесінен хат танып ашқан Сұлтанмахмұт Торайғыров ауыл молдаларынан оқиды. 1908-1910 жылдары Баянауылдағы медреседе білімін жалғастырады. Оны бітірген соң, ауылда бір жыл Нұрғали деген молдадан дәріс алады. Бар талап-ынтасы қайтсе де білім алу болған Сұлтанмахмұт Троицк каласына келіп, медресеге окуға түседі. Бірақ оны бітіре алмайды; ауруға шалдығып, бір кыс окыған соң амалсыздан еліне қайтады. Жаздай елде бала оқытып, күзде Троицкіге кайта оралады. Қалада шығып тұрған «Айкап» журналында жауапты хатшы болып қызмет атқарады. Осында жұмыс жасап жүрген кездерінде көптеген өлеңдерін, проблемалық макалаларын журнал бетінде жариялайды. «Қамар сұлу» романын жазады.

Сұлтанмахмұт 1914 жылдың күзінде окуға түсу максатымен Семейге келеді. Бірак, төменгі дәрежелі мектепке түсуге жасы асып кетіп, жоғары дәрежелісіне білімі жетпей, түсе алмаған соң күнкөріс қамымен Қатонқарағай жағына кетеді. Қатонкарағай, Зайсан өңірінде бала оқытып, екінші жағынан өзі де ізденіп, білімін жетілдіреді. Біраз қаржы жиған соң, 1916 жылдың күзінде Томскіге барып, университеттің дайындық бөліміне оқуға түседі. Білімге сусап келген жас шәкірт оқуға зор ынтамен кіріседі. Тиісті сабақтармен қатар орыс әдебиетінің шығармаларымен де көбірек танысады. Көп ұзамай қаражаты таусылып, көп қиындық көреді.

1917 жылдың наурызында Сұлтанмахмұт Семейге келеді. Бұл кез патша өкіметінің кұлап, елде аласапыран окиғалар болып жатқан тұс болатын. Семей қаласына қазақтың ұлтжанды зиялылары жиналып, ұлт-азаттық қозғалыс барынша күшейіп тұр еді. Сұлтанмахмұт та алашордашылар козғалысына күмп беріп, койып кетті. Осы жылдары ақын күндіз-түні шабыттана еңбек етті. Ұлт-азаттық күрестің гимніне айналған «Алаш ұранын» жазды. Бостандықты жырлаған көптеген өлендер өмірге келіп, алашорданың көрнекті өкілдерін марапаттап жырға қосқан «Таныстыру» поэмасы басылды.

Ауру меңдеген Сұлтанмахмұт 1918 жылдың жазында емделмек болып еліне, Баянауылға оралады. Алашорда құлап, елде азамат соғысы жүріп, бірде Колчак, бірде ақтар, бірде қызылдар билікке келіп жатқанда Сұлтанмахмұт ауылда бір жағынан емделіп, бір жағынан бала оқытып жүреді. Ауырып жүрсе де қаламын қолынан тастамай, күндіз-түні жазумен айналысады. Ауру әбден меңдеген ол 1920 жылдың 21 мамыры күні ауыр науқастан соң кайтыс болды. Сөйтіп қазақтың аса бір дарынды ақыны Сүлтанмахмұт орда бұзар отызға да жетпей, 27 жасында қыршын кетті.


Асыл сөз
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Асыл сөз» кітабы

Ақынның «Сымбатты сұлуға», «Жан қалқам», «Альбомнан», «Қыз сүю», «Орамалға», «Қ-ға сәлем», т.б. өлеңдерінде сүйіспеншілікті жыр етсе, «Жазғы қайғы», «Жылы кеш», «Гүл», «Кеш» т.б. — табиғат, «Туған еліме», «Жүрегім тулап шабасың», «Жақсылық көрсем өзімнен», «Туған еліме», «Неге жасаймын», «Көңілім неге жасисың», т.б. — көңіл-күй лирикасына жатады. Жалпы ақынның поэзиясында саяси сарын басым. Сол себепті де ол қандай такырыпты жырламасын, өлеңдерінің әлеуметтік астары байкалып тұрады. Мысалы, «Жазғы кайғы» өлеңінде қазақ даласының жазғы тамаша көрінісін суреттей отырып, онда тұрып жаткан халықтың оқу, білім, өнер кенжелігінен дамуда кейін қалып койғандығын да айта кетеді.

Сұлтанмахмұттың «Кедей» (1919) поэмасы «Адасқан өмірмен» үндес, өзектес. Көтерген тақырыбы да, колданған шығармашылық әдісі де бірдей. Айырмасы — «Адасқан өмірде» бас кейіпкер лирикалық «мен» болса, «Кедейде» — кедей. Поэмада сол кедейдің өмірден көрген-білгені, сезген-түйгені бірінші жақтан баяндалады. Сорлы кедей ауылда жүрсе де, калаға барса да жоқшылықтан құтыла алмай, кор болады. Күндіз-түні жанын аямай тер төгеді; бәрі-бір жарымайды. Оның әкесі де, шешесі де, атасы да кедей болған. Енді бұл да кедей болып өмірден өте ме? Ол кедейліктен кұтылар жолды ойлап, шарқ ұрады. Өзін басқалармен салыстырады.

Қиын да күрделі заманда аз ғана өмір сүрген Сұлтанмахмұттың өз тұсындағы әдебиет жайлы кейбір ойлары осындай. Осы бір арнайы жазылған үш-төрт макаланың өзінен-ак ақынның әдеби ойларының дұрыс бағытта болғандығына көзіңіз жетеді. Оның макалаларында көрінген кейбір жүрекжарды пікірлері кешеге дейін идеялық кемшіліктерінен саналып келсе, бүгіндері ардагер ақынның азаматтық болмысын биіктете түсуде.

Сұлтанмахмұт Торайғыров әдеби сын макалалары арқылы жаңадан іргесі каланып келе жаткан профессиональды қазақ әдеби сынының дамуына да айтарлықтай үлес косты деп білеміз. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең һәм айтушылар» қазақ әдеби сынының тарихындағы алғашқы проблемалық мақалалардың бірі болса, «Жаңа кітап» та жанр талаптарына жауап бере алатын тұңғыш рецензиялардың катарында. Әдеби сында жетісіңкірей бермейтін жауынгерлік, күрескерлік, айтылар ойдың аныктығы, мәселенің нақтылы, тіке койылуы сияқты қасиеттер Сұлтанмахмұт мақалаларының басты сипаттары ретінде көрінеді. Өмірі қыршындай қиылмағанда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың каламынан талайталай сындарлы сындардың шығатыны да анық еді. Оған ақынның әдебиет жайлы айтып кеткен нәрлі ой-толғамдары куә.

Пайдаланылған әдебиет: Ысқакұлы Д. Әдебиет алыптары. — Астана: «Фолиант», 2004. — 304 бет.

#Сұлтанмахмұт #Торайғыров #өмірбаяны #Реферат