Бақ пен журналистің жауапкершілік этикасы туралы қазақша

0

Бұқаралық ақпарат құралдары белгілі бір заңдылықтар аясында жұмыс істейді. Өйткені оның қай елде қызмет атқарса да, алдымен лицензиялық құжаттары болып, құқықтық тұрғыдан рұқсаты болуы тиіс. Ондайда мемлекеттік немесе заңдық тіркеуден өтіп, заңды куәлігі алынуы қажет.

Сол арқылы ұжым жасақтап, өздерінің ішкі жұмыс нормаларын анықтайды. Ұжым болған соң бірнеше мамандар бас қосып еңбек етуге тура келеді. Алайда «бес саусақ бірдей емес» деген секілді, әркімнің өз жұмыс стилі, мінезі, шығармашылық ахуалы бірдей болмайтыны тағы түсінікті. Басшы-қосшыдан бастап, барлық журналистер бірлесіп, тіл табысып жұмыс атқаруы керек. Әрбір ұжым мүшесінің өзінің жеке бас этикасымен бірге, бүкіл ұжымның этикасын сақтауына тура келеді. Мұның өзі олардың сыйластық, достық қарым-қатынасына негізделсе жұмыс та өнімді, табысты боларына сөз жоқ.

Себебі бұқаралық ақпарат құралдары бар болмысымен халықтың назарына ілігеді. Сондайда заңдарға, моральдық қағидаларға қайшы келетін мән-мазмұн, көзқарас пікірлер орын алып кетпей ме? Міне, осыған бірінші кезекте жауапкершілікпен қарау керек. Мұның өзі, айналып келгенде, редакция ұжымы журналистерінің кәсіби деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Олардың білім-білігінің терең болуын қажетсінеді. Өйткені газеттің кейбір нөмірінде кемшілік кетсе, оған тек бір ғана журналист емес, редакция да жауап беруіне тура келеді. Мұндай жағдай жиі болмағанмен, кей кездері орын алатыны рас.

Баспасөздің пікірі — жұртқа шындық болып көрінеді. Ал осындай сенімнен ешқашан айрылып қалуға болмайды. Газеттің беделіне нұқсан келтірмеуді алдыңғы кезекте ойлау керек. Бұл да басылым журналистерінің абыройына тікелей қатысты болып келеді. Жүздеген басылымның ішінде топ жарып, алға шығу да оңай емес. Ол үшін тынымсыз еңбек пен төккен тер керек. Оқырман сенімі эрқашан ақталуы тиіс. Демократия мен сөз бостандығы бүқаралық ақпарат құралдарына даңғыл жол ашады. Бұл әсіресе жаңадан тәуелсіздік алған елдерде де жақсы нышан танытып келеді. Біздің елімізде де солай.

БАҚ қана емес, журналистік этиканы әрбір журналист ескеріп отыруы тиіс. Әрине, журналистің заң аясында қарастырылған құқықтары жеткілікті. Журналист эрқашан еркін шығармашылықпен айналысуға ерікті. Оның өзі сол БАҚ заңдарында да көрсетіліп отыратыны мәлім. Алайда «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген сияқты, ішінара қателіктер журналистерден де кетіп жатады. Мысалы, толық анықталмаған фактілер, заңға қайшы пікірлер, мемлекеттік әскери немесе стратегиялық қүпия деректер, ар-ождан кодексіне қарсы, жеке адамның абырой-беделі мен құқығына зиянын тигізетін материалдар, Біріккен Ұлттар Ұйымының және халықаралық саяси актілер мен нормаларды бұзатын көзқарастар, ұлтараздық пен соғыс қаупін туғызатын пікірлер, терроризм мен мемлекеттің конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді насихаттайтын жарияланымдар баспасөзде берілмеуі тиіс.

Мэселен, 1980 жылдары халықаралық жэне аймақтық журналистік ұйымдар «Кәсіби журналистік этиканың халықаралық принциптері» деген мәселені айқындады. Соған орай әрбір аймақтық және ұлттық журналистік үйымдар өздерінің этикалық кодексін жасауы тиіс болатын. Онда жауапкершілік, шындық, объективтілік, ар мен адалдық, жалпыадамзаттық құндылықтарды қүрметтеу, мамандық бойынша кәсіби ынтымақтастық сияқты мазмүндар қамтылатыны айтылған.

Біздің республикамызда да БАҚ заңы бірнеше рет өзгертіліп қабылданды. Оның себебі дайындалған заңдардың әбден пісіп-жетілмей шығарылуында болып отыр. Осыдан келіп бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына да аумалы-төкпелі мәселелердің дұрыс анықталмай, тұрақсыздыққа айналуы кедергі келтіруде. Сондықтан алдағы уақытта жан-жақты байыпталған заң қажет екені белгілі. Мұны заң шығарушы органдарымыз тездетіп қабылдаса нұр үстіне нұр!

Этиканың өзі, жалпы алып қарағанда, моральдық-адамгершілік рухты арқау ететіні анық. Бұл шындығында бір елге немесе бір ғана халыққа тән емес, әлемдік деңгейде қарайтын жайт. Мұның журналистикада қоғамдық және адамдық парызға, жауапкершілік пен міндетті мүлтіксіз орындауға әкеліп тірейтінін байқау қиын емес.

Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында да кейде этиканың дұрыс сақталмайтынын жасыруға болмайды. Айталық, демократияны пайдаланып, баспасөзде этиканы сақтамау фактілері де кездеседі. Біреулермен немесе ұйымдармен теріс тенденциялы, есеп айырысу жайындағы материалдар жариялап жіберу орын алатынын кейде байқауға болады. Мұндай жағдай республика басылымдарында бар екені рас.

Ал кейбір баспасөз түрлерінде мәдениеті төмен материалдар жарияланады. Ондайда біреудің адамгершілік арын мансұқтайтындар да жоқ емес. Тіпті келеңсіз айтыс-тартыстар орын алып жүргенін жасыруға болмайды. Субъективті пікірлер қозғалып, баспасөз оқырмандарына кері әсер тигізетін мақалалардың теріс қылықтан басқа тигізер пайдасы жоқ деуге болады.

Ондай жарияланымдар журналистерден ғана емес, тіпті қарапайым халық ішінен шыққан жекелеген адамдардан да кездеседі. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдерінің де, қаламгерлердің де бет жыртысып, бір-біріне қарсы мақалалар жазғанын газет тігінділерін оқып отырып кездестіру қиын емес.

Осылардың бәрі, сайып келгенде, әлгіндей мақала жариялаған газеттің де позициясы болып шығады. Ендеше бұған сол басылымдар да жауапты. Кейде редакцияның өзі саналы түрде мүндай жағдайларға әдейі барып отырғанын бүркемелеу де мүмкін емес. Осылай мәселенің екінші жағынан келгенде баспасөздің тым шектен шығып, адамгершілік, журналистік этиканы аяққа басуы қалай болғанда да ақтауға болмайтын ақиқат. Полемика жасаймыз деп біреудің ар-ожданына тию мәселесі кездесіп қалады. Бұл құқық бұзушылық болмақ!

Бұл әрі қоғамдық пікірді таптау деген сөз. Керек десеңіз, ұлттың абыройына дақ түсіру мен жас ұрпақты жаман тәрбиеге бастайтын қылық. Жақсылықты насихаттайтын ата дәстүріміз бен ұлттық руханиятымызды аздыратын мәселе. Ұлттық журналистикаға түсер көлеңке!

Бір сәт жақсылықты да ұмытпаған жөн шығар. Ұлт болып қалыптасамыз, тәуелсіздігімізді баянды етеміз, болашаққа өркениетті ел болып барамыз десек, адамшылық парасатпен ойлануымыз керек.

Сонымен бірге жұрт назарын аударамыз деп, арзан сенсация қуатын газеттер де жоқ емес. Жерден жеті қоян тапқандай, бір нәрсені дабырайта жазу да етек алып барады. Баспасөз, қоғамның күшті құралы. Оны «ойыншыққа» айналдыру жараспайды. Әрқашан баспасөздің қадірін білу жөн.

Әрине, журналистер мен БАҚ-тың еркіндігі ылғи да сақталуы керек. Бірақ ол еркіндік «қара пиарға» айналмауы тиіс. Онсыз да еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында айтылатын сөз айтылып, жазылатын сөз жазылып жүр. Біз сынның тұрпайы ұрыс-керіске айналмай, салмақты, мәнді болуын ойлауымыз керек сияқты. Әйтпесе, сынаудың жөні осы екен деп, ауызға не келсе соны айту — БАҚ-қа да, журналиске де абырой әпермейді.

Мәдениетті дамыған елдер журналистік этиканы қадір тұтады. Қайта соның өзі қоғамның қозғаушы күшіне көбірек ықпал етеді. Айқай-ұйқайдың нәтижесіз аяқталатынын біледі.

Біздің елімізде журналист пен БАҚ еркін жұмыс істейтінін айттық. Олардың сондай-ақ тиісті міндеттері бар екенін де ұмытпау керек:

  1. Журналист ҚР заңдарын басшылыққа ала отырып, өзі шарттық қатынастарда тұрған БАҚ қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға міндетті.
  2. Журналист шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпауға міндетті.
  3. Журналист ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсетпеу туралы олар жасаған өтініштерді қанағаттандыруға міндетті.
  4. Журналист жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге міндетті.
  5. Журналист ҚР заңдарына сәйкес өзіне жүктелген өзге де міндеттерді орындауға тиіс.

Бүкіл әлемде болып жатқан қазіргі заманғы зор өзгерістерге байланысты журналистика да жаңа көзқарасты, жаңа ұғымды, жаңаша ойлауды қажет етеді. Уақыт өткен сайын ішкі-сыртқы саясат баспасөз, радио мен тележурналистиканың алдына тың міндеттер қояды. Ондай міндеттерді орындау үшін бүкіл ұжым болып ізденістер жасау арқылы жұмыс істеу қажет. Бұл орайда журналистердің интеллектуалдық тәжірибесін қолданбай болмайды. Әсіресе бұл салада халықаралық тәжірибелерге ерекше назар аударып отыру да қажет. Мәселен, дамыған шетелдерде бүгінгі ақпарат құралдары қалай жұмыс істейді, соған назар аударған жөн. Ол үшін олардың жұмысына, журналистік творчествосына талдау жасап, қорыта білу керек. Мұндай тәжірибе алмасу материалдар, хабарлар дайындауда тұр мен стильді жаңартуға, уақыт өзгерісіне сай хабарлар беруге мүмкіндік жасайды. Стандарттан қашып, тапқыр әрі қызықты материалдар беруге пайдасын тигізеді.

Газеттің, радио мен телехабардың мазмұны мен характерін, идеясын түрлендіруге, дамытуға әсер етеді. Қоғамның моральдық-саяси ахуалын жақсартуға, ескі ұғымда қалып қоймауға, жаңалықтарды дұрыс қабылдауға жағдай жасайды. Ой тереңдігіне, сөздің өткірлігіне, тележурналистердің барлық қабілеті мен шеберлігін дамытуға ықпалы тиеді.

Халықаралық тәжірибе мен жетістіктерге сүйену, сонымен бірге әрбір журнадистің немесе ұжымның жетістігін онан сайын толықтыруға, дамытуға игі эсер етеді. Демократиялық қоғам үшін бұқаралық ақпарат құралдары көп жұмыс істеуі тиіс. Бұл өмірге тереңдеп ену, шындықты айту, қажетті де, өзекті фактілерді таба білу, оны зерттеп халыққа ұсыну үлкен жауапкершілікті тілейді.

Әрине, шетел журналистикасына назар аударғанда бәрін бірдей ала беру, үйрене берудің негізі жоқ. Ең жаңашыл, бұрын айтылмаған нәрселерді таңдай білген жөн. Алдымен халыққа не қажет және нені айту керек, соны байқаған дұрыс. Бұл үшін өткен мен жаңаны, сондай-ақ өзімізде не бар, не жоқ, соны біліп барып ажырату керек. Қажеттісін ескеріп, қажетсізіне сын көзбен қараған орынды.

#Бақ #пен #журналистің #жауапкершілік #этикасы