Сүйектер туралы ілім (остеология) | туралы қазақша

0

Қаңқа

Қаңқа деп механикалық маңызы бар, сүйек тінінен жаралған, бір-бірімен белгілі заңдылықпен байланысқан қатты мүшелер- сүйектер мен шеміршектерді айтады. Сүйекті сыртынан тығыз дәнекер тінінен түзілген екі қабатты сүйекқап қоршап жатады. Сыртқы қабаты сүйек тінінің жасушалары – остеобласттарға бай келеді. Остеобласттардың көбеюі нәтижесінде сүйек тіні түзіледі, сүйекте жаңа қабаттар пайда болып, оның көлденеңнен өсуін қамтамасыз етеді.

Сүйектің химиялық құрамы екі түрден тұрады. Олар органикалық және бейорганикалық заттар. Органикалық заттардың негізін (1/3) осеин құраса, бейорганикалық заттарының негізін кальций (21-25%), фосфор (9-13%), магний () т.б. элементтер құрайды.

Сүйектің пішіні

Қаңқа сүйектері сырт пішініне байланысты бірнеше түрге бөлінеді:

  • Ұзын Сүйектер қатарына жіліктер мен қабырғалар жатады. Жіліктер ұзын, түтік тәріздес болып келеді. Олардың ортаңғы бөлігін денесі немесе диафизі десе, екі шетіндегі шоқпар бастарын проксимальді және дистальді эпифиздері деп аталады. Жілік денесінің құрылысы сары сүйек майына толы болады, ал екі басы көрші жіліктермен жалғасып буын құрайды;
  • Қысқа сүйектерде ұзындығы мен жуандығы және ені шамамен бірдей болады. Бұл сүйектер тығыз заттың жұқа қабатымен жабылған кемік заттан құрылған. Ұзын кемік сүйектер (бақай, төстік) және қысқа кемік сүйектер( омыртқа , білезік, тілерсек) болып екі түрге бөлінеді;
  • Жалпақ сүйектер қатарына бас қаңқасының сүйектері, жауырын және жамбас секілді жалпақ пішінді , тақта тәрізді сүйектер жатады;
  • Аралас сүйектерге бірнеше бөліктерден тұратын , қызметтері мен құрылысы және дамуы әр түрлі болып келетін сүйектер жатады(омыртқалар , бас қаңқасының негіздік сүйектері).

Жануарлар қаңқасын оқу барысында түрлі бағыттардың атаулары кездеседі. Олар: дорсальді – арқаға қарай( жоғары), вентральді – құрсаққа қарай (төмен), медиальді – ішке , латеральді – сыртқа, краниальді – басқа, каудальді – құйрыққа,  бас сүйегінде: оральді — ауызға қарай,  аборальді – ауыздан жоғары, проксимальді – тұлғаның білікті бөлігіне қарай , дистальді — тұлғаның біліктік бөлігінен төмен қарай , дорсальді (алдыңғы аяқта) — (алдыңғы) арқа беткейі , пальмарлы(волярлы) алдыңғы аяқтың беткейі, плантарлы ( артқы аяқта табан беткейі ).

Қаңқа бөлімдері

Жануарлар қаңқасы біліктік және шеткі болып екі бөлімге бөлінеді. Біліктік қаңқа бас сүйектерінің қаңқасы мен тұлғаның бағыналы бөлімінен (омыртқалар, қабырғалар, төс) тұрады. Шеткі қаңқа алдыңғы және артқы аяқтардың сүйектерінен тұрады және өз кезегінде белдеу және еркін қозғалатын бөлімдерге бөлінген.

Тұлғаның біліктік қаңқасы

Біліктік қаңқа сүйектеріне мойын , тұлға және құйрық сүйектері жатады. Біліктік қаңқа сүйек сегменттерінен тұрады және олардың алдыңғы – көкірек бөлігі толық дамып , әр сегмент бір омыртқадан, екі қабырғадан және төс сүйегінің  сегментінен құрылған.

Барлық омыртқалар бірігіп омыртқа бағанын құрайды. Омыртқалардың ортасында жұлын орналасатын омыртқа тесігі болады. Олар түрлеріне сәйкес мойын, көкірек, бел, құйымшақ және құйрық омыртқалары болып бөлінеді. Омыртқалар құрылыс жағынан аралас сүйектер қатарына жатады.

Көкіре керегесінің қаңқасы ірі қара малды 13-14, жылқыларда 17-19, шошқаларда 14-17, сонымен қатар көкірек омыртқасының санына сәйкес жұп қабырғалар мен төс сүйегінен тұрады.

Көкірек омыртқасы. Мүйізді ірі қара мал омыртқасының денесі мен түбірі және доғасы болады. Денесі мен доғасы бірігіп жұлын орналасатын омыртқа  аралық тесікті қалыптастырады . Денесінің краниальді жағында омыртқа басы,  ал оған қарама- қарсы омыртқа шұңқыры бар. Омыртқа денесінің төменгі бөлігінде вентральді қыры, ал доғасының дорсальді бағытында жоталық өсіндісі бар. Басы мен шұңқырының жан-жағында краниальді және каудальді қабырға шұңқырлары орналасқан.

Қабырға саны ірі қарада 13-14, жылқыларда 17-19, шошқада 14-16 жұп болады. Олар көкірек қуысының қабырғасын (керегесін) қалыптастырады. Ірі қара малдың қабырғасы қабырға сүйегі мен қабырға шеміршегінен тұрады. Қабырғаның омыртқаға және төске қараған екі ұшы, басы, буын беткейі, мойны мен төмпешігі болады. Қабырға денесі кең , жалпақтанып, латеральді беткейі сүйірленіп келген. Краниальді қырында бұлшық ет науасы, ал каудальді қырында тамырлы науасы бар.  Ірі қара малдың 8 жұп шын қабырғасы болады. Олар тікелей шеміршек арқылы төспен бірігіп кеткен, ал қалған қабырғалары жалған деп аталады, олар шеміршектері арқылы алдында орналасқан қабырғалардың шеміршектерімен өріле жалғасып біріккен.

Төс көкірек қуысының төменгі қабырғасын құрайды. Төстің сабы мен денесі және семсер тәрізді өсіндісі болады. Төсте шеміршек арқылы байланысқан 6 сегмент болады және стернальді  қабырғалармен байланысатын 6 жұп қабырға ойықтары бар. Семсер тәрізді өсіндісі каудальді бағытталған, оның семсерлі шеміршегі жұқа, жалпаұ пластинка тәрізді болып келген.  Жылқы төсінің сабында қосымша шеміршек болады.

Бел қаңқасы ірі қарада 6, жылқыда 5-6 және шошқада 5-7 бел омыртқасынан тұрады. Бел омыртқасы ірі қарада денесі ұзындау , басы мен шұңқыры жазықтау болып келген. Вентральді қыры жақсы дамыған, каудальді омыртқа ойысы болады, кейде олар латеральді омыртқа тесігін құрайды. Денесі мен доға аралығында омыртқа тесігі бар, доғасында аласа жоталық өсіндісі және екі бүйірінде ұзын көлденең қабырға өсіндісі орналасқан.

Сегізкөз сүйегі(құйымшақ) ірі қарада бірігіп кеткен 5 омыртқадан тұрады. Олар бірігіп құйымшақсүйегін құрайды. Оның денесі құйрыққа қарай жіңішкере түседі. Омыртқа аралық тесіктері бірігіп, құйымшақ өзегін түзеді.Краниальді және каудальді омыртқа ойысының орнында дорсальді және вентральді құйымшақ тесіктері түзілген. Доғалары мен жоталық өсінділері бірігіп, құйымшақ қырын қалыптастырған. Алдыңғы екі құйымшақ омыртқалары құйымшақтың қанат сүйегін түзеді. Олардың алдыңғы беткейі бұдырлы құлақ тәрізді болып келіп жамбас сүйегімен жалғасады.

Шошқада құйымшақ бірігіп өскен төрт омыртқадан тұрады. Жоталық өсінділері жетілмеген, қанаттары сагитальді бағытта бағытталған.

Құйрық омыртқалары ірі қарада 18-21 санды, денесі ұзын , тек алдыңғы 3-5 омыртқаларында доға рудименті байқалады, ал денесінің вентральді беткейінде құйрық артериясы өтетін гемальді доғасы болады. Көлденең өсінділері қысқа және кең, төмен қарай иіліп келген. Құйрықтың ұшына таман омыртқалар жетілмеген.

Мойын қаңқасы мойын омыртқаларынан тұрады. Алдыңғы бірінші және екінші мойын омыртқалары басқаларға қарағанда ерекше болады. Мойын омыртқаларының денесі қысқа болып келеді, басы жақсы дамыған, шұңқыры терең келген. Жоталық өсінділері үшінші мойын омыртқасынан жетінші мойын омыртқасына дейін биіктей келеді, краниальді және каудальді буын өсінділері жалпақ, жақсы жетілген, көлденең қабырға өсінділері екіге бөлінген. Вентральді қыры болмайды. Жетінші мойын омыртқасының жоталық өсіндісі өте жақсы дамыған.

Жылқы мойын омыртқасының денесі ұзындау, басы дөңес, шұңқыры ойыс келген, жоталық өсіндісі нашар дамыған, ал вентральді қыры жақсы жетілген. Көлденең қабырға өсінділері краниалбді каудальді бағытта екіге бөлінген.

Бірінші мойын омыртқа (атлант) – ауыз омыртқа – сақина тәрізді болып келген, дорсальді және вентральді төмпектері бар екі доғасы болады. Денесі жетілмеген. Екінші мойын қаңқасының шүйде сүйегімен жалғасатын буын шұңқыры болады. Көлденең – қабырғалы өсіндісі жалпақ жіңішке болып келген.  Оны атлант қанаты деп атайды. Қанатында қанат тесігі бар. Жылқыда атлант қанаты төмен қарай өскен , онда қосымша көлденең төмпешігі жақсы дамыған.

Екіншы мойын омыртқасы – білік(эпистрофей). Оның денесі мен доғасы және кең омыртқа тесігі болады. Басының орнында тіс тәрізді өсіндісі бар. Оның екі жағында буын беткейі болады. Омыртқа шұңқыры терең, жоталық өсіндісі тік бұрышты болып келген.

Бас қаңқасының құрылысы

Бас қаңқасы ми және бет бөлігі болып бөлінеді. Ми бөлігі – мидың және көру мен есту ағзаларының орналасатын жері.

Ми бөлігінің қабырғасы 4 тақ (шүйде, төбе аралық, сына тәрізді және торлы) және 3 жұп (самай, төбе және маңдай) сүйектерден қалыптасқан.

Бас қаңқасының бет бөлімінің сүйектері мұрын және ауыз қуысының сүйекті қабырғаларын қалыптастырады.

Мұрын сүйегі – жұп, жалпақ сүйек. Пішіні ұзын оральді, ұшы үшкірлеу болып келген. Мұрын сүйектері бір-бірімен медиальді шеттері апқыла жалғасады.

Шықшыт сүйегі – жұп, жалпақ, көз шарасының құрамына кіретін сүйек.  Оның екі өсіндісі болады: 1) самай сүйегінің шықшыт өсіндісімен бірге шықшыт доғасын түзетін самай өсіндісі; 2) маңдай өсіндісі, ол маңдай сүйегінің шықшыт өсіндісімен көз шарасын тұйықтайды. Шошқада көз шарасы тұйықталмаған.

Көз жасы сүйегі – жұп, көз шарасын қалыптастыратын жалпақ сүйектер. Көздің пластинкасында жас тесігі бар жас қалтасының шұңқыры болады.

Жоғарғы жақ сүйегі – жұп, денесі мен таңдай өсіндісі және мұрын пластинкасы бар жалпақ сүйек.

Денесінде тістерге арналған альвеолдар бар, оның тісті дәне тісті шеттері болады. Каудальді жағында жоғары жақ төмпегі болады. Денесінің дорсальді бағытында бет пластинкасы, ал сыртқы бетінде үлкен шайнау бұлшық еті бекитін бет төмпегі болады.

Кескіш сүйегі — жұп, оның денесі мен мұрнын және таңдай өсінділері болады.Ірі қара мен қойда кескіш сүйегінің денесінде күрек тістері болмайды. Шошқада кескіш сүйегінің денесінде тұмсық сүйегі жалғасатын беті болады.

Таңдай сүйегі – жұп, көлденең және перпендикулярлы пластинкалары бар жалпақ сүйектер.

Қанат тәрізді сүйек – жұп, ұзын, жіңішке пластина тәрізді сүйек.

Кеңсірік(өре сүйек) – тақ, мұрын қуысының табанында орналасқан жазық сүйек.

Мұрын қалқаны торлы сүйектің жалғасы, сүйекті түрден шеміршекке ауысып, мұрын қуысын екіге бөліп тұрады.

Төменгі жақ сүйегі – жұп, жылқы мен шошқада бірігіп кеткен, ірі қараныкі бір-бірімен шеміршек арқылы байланысқан. Төменгі жақ сүйегі денесі мен жақ бұтақтарынан тұрады. Денесінің кескіш және ұрт бөлімдері болады. Олардың альвеолярлы жиегінде тіс альвеолдары бар.

Тіл асты сүйегі – тақ, самай сүйегінің дабылды бөлігінің тіл асты өсіндісіне бекітілген сүйек. Ол төменгі жақ сүйектері бұтақтарының аралығында орналасқан. Оның денесі, мүйіздері және бұтағы болады.

Сүйек қуыстары. Бас қаңқасының бет сүйектерінің кейбіреулерінде қуыстары(синустары) болады. Көптеген қуыстар бір-бірімен және мұрын қуысымен жалғасқан.

Алдыңғы аяқ сүйектері

Алдыңғы аяқ сүйектері иық белдеуі мен еркін қозғалатын сүйектерден тұрады. Малдың иық белдеуі тек жауырыннан тұрады.

Жауырын – жұп, үшбұрышты жалпақ сүйек. Оның үстіңгі шетінде жауырын шеміршегі болады. Жауырынның үш бұрышы және екі беткейі болады.Жауырынның төменгі ұшында тоқпан жіліктің басымен буындасатын шұңқыры бар.

Буын шұңқырының краниальді жағында жауырын төмпегі, ал медиальді шетінде каракоид сүйегінің қалдығы – каракоид өсіндісі болады. Жауырынның  латеральді беткейіндегі жауырын қыры оны қыр алды және қыр асты ойыстарына бөліп тұр.

Жауырын қырының төменгі жағында құстұмсықты өсіндісі – акрамион болады. Жауырынның медиальді беткейінде жауырын асты ойысы орналасқан. Оның үстіңгі жағында тісті беткейі болады. Жылқыда жауырын қырының акрамионы болмайды.

Еркін қозғалатын сүйектер

Тоқпан жілік – ұзын, түтік тәрізді, денесі мен екі шоқпар басы бар сүйек.

Үстіңгі эпифизінде басы, оның астында мойны, кіші және үлкен төмпектері болады. Екі төмпешік аралығында науасы бар. Үлкен төмпектен төмен латеральді беткейінде тоқпан жіліктің қыры мен дельта тәрізді бұдыры болса, медиальді беткейінде дөңгелек бұдыры орналасқан. Төменгі басында қиғаш орналасқан үлкен және кіші блоктары (айдаршықтары) болады. Екі айдаршықтың аралығында шынтақ шұңқыры орналасқан.

Жылқы жілігінің үлкен және кіші төмпешіктері мен төмпек аралық науалары қосарланып келген. Дельта тәрізді бұдыры мен қыры жақсы дамыған.

Білек сүйектері кәрі жілік шыбығы және шынтақ сүйегінен тұрады.

Кәрі жілік – ұзын, түтікті сүйек. Оның денесі мен екі басы бар. Үстіңгі буын шұңқыры мен басы және екі бүйірінде байлам төмпешіктері болады.

Дистальді эпифизінде қиғаш орналасқан білезік сүйектері мен жалғасуға арналған буын беткейі мен айдаршығы болады.

Шынтақ сүйегі ірі қара малда толық дамыған. Проксимальды бөлігінде шынтақ төмпешігі мен құстұмсықты өсіндісі бар шынтақ өсіндісі болады. Шынтақ сүйегі мен кәрі жіліктің денелері қатар орналасқан және екеуінің арасында саңылауы болады.

Жылқыда кәрі жіліктің айдаршығы тік орналасқан. Шынтақ сүйегінің денесі мен басы дамымаған. Шошқаның кәрі жідігі мен шынтақ сүйегі жақсы жетілген, жеке дара орналасқан.

Алдыңғы аяқ басының қаңқасы білезік, жіліншік және саусақ сүйектерінен құрылған.

Білезік сүйектері – қысқа, екі қатарда орналасқан майда сүйектерден құрылған.Саусақты жануарлардың үстіңгі қатарында 4, ал төменгі қатарында 5 сүйек болады. Ірі қараның үстіңгі қатарында барлық 4 сүйек толық сақталған: медиальді жағынан шыбық білезік, аралық білезік, латеральді жағында шынтақ білезік және табан жағында қосымша білезік сүйектері орналасқан. Төменгі қатарында екі сүйек болады. Олар екінші мен үшінші (2+3) және төртінші мен бесінші білезік сүйектерінің бірігіп кеткендігінен түзілген сүйектер. Бірінші білезік сүйегі болмайды.

Жіліншік – ұзын, түтікті сұйек. Бес саусақты жануарларда саны беске тең. Ірі қарада үш жіліншік сүйегі болады: үшінші мен төртінші жіліншік сүйегі бірігіп кеткен. Төртінші жіліншіктің үстіңгі ұшында бесінші жіліншік сүйегінің рудименті орналасқан. Жылқыда тек үшінші жіліншік толық дамыған, оның екі жағында екінші және төртінші жіліншік сүйектері нашар дамып, грифельді сүйектер болып орналасқан.

Шошқаның екінші, үшінші, төртінші және бесінші жіліншік сүйектері жақсы дамыған. Бірінші жіліншігі болмайды. Олардың негізгілері үшінші мен төртінші жіліншігі болып саналады. Екінші мен бесінші жіңішке және қысқалау, сондықтан аяқты басқанда жерге жетпейді.

Саусақ сүйектері. Ірі қарада толық жетілген үшінші және төртінші саусақтары бар, ал екінші мен бесіншісі рудиментті болып келеді. Толық жетілген саусақ сүйектерінің үш фалангасы болады. Проксимальды немесе бірінші фаланга тұсамыс деп аталады, ол ұзын түтік тәрізді болып келген. Ортаңғы немесе екінші фаланга тура сүйек деп аталса, үшінші фаланга тұяқ немесе тұяқша деп аталады. Үстіңгі фаланганың алақан жағында екі сезам(тиек) сүйектері болады, ал төменгі  фаланганың алақан алақан беткейінде бір сезам (тиек) сүйегі орналасқан.

Артқы аяқ қаңқасы. Артқы аяқ қаңқасы жамбас белдеуі мен еркін қозғалатын аяқ сүйектерінен құралған(ортан жілік, тобық, сирақ сүйектері және артқы аяқ басының сүйектері).

Жамбас белдеуін жамбас жігі арқылы біріккен жартылай байланысқан қос жамбас сүйегі құрайды. Бұл сүйектер жамбас қуысын қалыптастырады.

Жамбас сүйегі мықын, шат және шонданай сүйектерінен тұрады. Осы үш сүйек бірігіп ортан жіліктің басы орналасатын буын шұңқырын түзеді.

Мықын сүйегі – үш бұрышты болып келген жалпақ сүйек. Оның қанаты(құйымшақпен байланысады) мен денесі болады. Қанатының латеральді төмпешігі(сербек), мықын және құйымшақты қырлары бар. Қанатының сыртқы беткейін бөксе бөлігі деп атайды.

Шонданай сүйегі – мықын сүйегіне жалғаса артқа қарай орналасқан. Оның жалпақтау болып келген денесі мен шонданай төмпешігі болады. Осы аталған шонданай сүйегі төмпешіктерінің аралығын шонданай доғасы байланыстырады.

Шат сүйегі. Оның денесі мен екі бұтағы болады. Екі жақтың шат сүйектерінің біріккен жерінде шат төмпешігі бар. Шат с.йегінің бұтақтары мен шонданай сүйегінің аралығында жабық тесігі болады.

Артқы аяқ қаңқасының еркін қозғалатын сүйектері

Ортан жілік – ұзын, түтік тәрізді екі ұшы бар сүйек. Үстіңгі ұшында дөңгелек байламға арналған шұңқыры бар басы мен мойны және үлкен, кіші ұршықтары, ұршық шұңқыры болады. Ал жылқыларды қосымша үшінші ұршығы тағы бар.

Төменгі ұшының екі бүйір беткейінде латеральді және медиальді айдаршықтары болады.

Тобық қысқа сүйектер қатарына датады. Ол ортан жіліктің төменгі эпифизінде орналасады.

Сирақ сүйектері асықты жілік пен шыбық сүйектен құрылған.

Асықты жілік – ұзын, түтікті, үстіңгі басында екі айдаршығы бар сүйек. Ал төменгі ұшында асықты жілік шығыршығы медиальді беткейінде медиальді қайықшасы болады.

Шыбық сүйек – ірі қара малда қалдық ретінде асықты жіліктің латеральді айдаршығымен тұтасып кеткен.

Шошқаларда жақсы жетілгенү Жылқыларда толық жетілмеген. Үстіңгі бөлігі дами келе төмен қарай үшкірленіп, байламға айналады.

Артқы аяқ басының қаңқасын тілерсек, артқы жіліншік мен бақай сүйектері құрайды.

Тілерсек қысқа сүйектер қатарына жатады, үш қатарда орналасқан сегіз сүйекиен тұрады. Бірақ жануарлардың түріне байланысты олардың саны әр түрлі. Үстіңгі қатарда екі дара сүйектен тұрады. Олар: асық және өкше сүйегі. Ортаңғы қатарда тек бір сүйек – орталық тілерсек сүйегі болады. Төменгі қатарда қалыпты жағдайда бес тілерсек сүйегі болуы керек. Олар: бірінші, екінші, үшінші, төртінші және бесінші тілерсек сүйектері.

Бірақ кейбір тілерсек сүйектері бірігіп кеткендіктен, жануарларды саны әр түрлі болады. Олар: асық, өкше және өте кішкентай бірінші тілерсек сүйектері жеке орналасқан , ал екінші мен үшінші, төртінші мен бесінші және орталық сүйектер қосылып кеткен. Шошқалар мен иттерде сегіз сүйектің жеетуі сақталған. Олардың төртінші мен бесінші тілерсек сүйектері қосылып кеткен. Жылқыларда бірінші мен екінші, төртінші мен бесінші қосылып, біп сүйек болып кеткен, ал үшінші тілерсек сүйегі жеке қалған. Артқы жіліншік алдыңғы аяқтың жіліншігіне ұқсас келеді, бірақ оларға қарағанда ұзынлау. Артқы аяқтың бақай сүйектері алдыңғы аяқтың бақай сүйектеріне ұқсас келеді.

#Сүйектер #туралы #ілім #остеология