Қазақ диаспорасының қалыптасуы | туралы қазақша

0

Қазақ диаспорасының қалыптасуының алғашқы кезеңі (1941-1950). Бұдан кейін Еуропа топырағына аяқ басқан қазақтар олар Кеңес армиясы кұрамында соғысқа қатысып, немістер қолына түскен, екінші дүниежұзілік соғыстың тұтқындары еді. Сол тұтқындардың көбі концлагерлердегі адам айтқысыз ауыр жағдай салдарынан көз жұмды, ал қайсыбірі М.Шоқайдың көмегімен неміс тұтқынынан босанып, Вермахт тарапынан құрылған «Түркістан легионы» құрамында соғыс операцияларына қатысты. Соғыс біткен соң әскери тұтқын ретінде Германияға апарылған қазақтардың қайсыбірі елге қайтты, ал қайсы-бірі елдегі саяси жағдайға байланысты Германияда қалуды жөн көрді. Олар Германиядағы қазақтардың алғашқы толқынын түзеді. Олардың белгілі өкілдері: «Түркістан ұлт-азаттық» комитетін кұрған Қарыс Қанатбай, «Милли Түркістан» журналының редакциясында қызмет істеген ақын, жазушы әрі аудармашы Мәулікеш Қайбалды (Асан Қайғы), ақын, жазушы Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт), ақын Хамза Абдуллин, Мюнхен қаласынан хабар тарата бастаған «Азаттық» радиосының алғашқы қызметкерлері Дәулеткерей Тағыберлі, Абдулла Жүсіп, Жәке Бапыш тағы басқалары. «Алаш» қайраткері Мұстафа Шоқайдың Берлинде қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай 1952 жылы оны еске алу шарасын Мюнхендегі қазақтар өткізеді. Сол іс-шараға Парижден келіп қатысқан М.Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай өзінің естелігінде «М. Шоқайды еске алу рәсімін ұйымдастырушы Қарыс Қанатбай бастаған ұлтын сүйген қазақтар болды. Осы адамдар Мюнхен қаласының шетіндегі ескі бір барақта тұрады екен. Көбісінің әйелдері неміс екен. Балаларының тілі де қызық, немісше де емес, қазақша да емес, тіпті арасында орысша сөздерді де қосып сөйлейді екен» деп еске алады. Елге қайтпай Германияда біржола қалуды жөн санаған саны көп емес бұрынғы кеңес тұтқыны — қазақтардың Германияда қоныстана бастауы осы кезден басталады. Бұл қазақтардың Германия жеріне қоныстана бастауының алғашқы кезеңі болатын. Екінші дұниежүзілік соғыс аяқталар тұста Вермахт шешімімен Францияға апарылған «Түркістан легионы» кұрамындағы қазақ сарбаздары француз партизандарына қосылып, немістерге қарсы соғыс операцияларына қатысты, қайсыбірі соғыс аяқталған соң Франция, Италия жерінде қалып қойды. Олардың кейінгі тағдыры белгісіз болып қалды.

Қазақ диаспорасы қалыптасуының екінші кезеңі (1962-1980). Бұдан кейінгі Еуропаға келген қазақтар 1960 жылдардан бастап Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі негізінде келген қазақтар. Еуропадағы қазақ диаспорасы тақырыбына көшпес бұрын Еуропаға Түркиядан келген қазақтар тарихына да аз-кем тоқталар болсақ, Түркиялық қазақтардың атажұрты -Алтай. Нақтырақ айтқанда, бұлар 1936 жылы Қытайдың саяси қысымына бағынбай, қытайландыру саясатына көнбей Алтай, Баркөл өңірінен (Шыңжаңның шығыс бөлігі) көшіп, адам аяғы баспаған Гималай тауын асып, Үндістанға өткендер. Осы Баркөлден аттанған көштің басы-қасында болған маркұм Халифа Алтай атамыз өзінің естелігінде, «Құмыл аймағы Баркөл ауданынан 1936 жылы ауа көшіп Гансу, Шинхай жерін басып өтіп, 18 мың адамнан 5 мың адам ғана 1940 жылдың аяғында Тибет арқылы Үндістан шекарасына аман келдік. 1941 жылдың басында осылардан тірі қалған 3 мың адам Үнді еліне аман жетті. Үндістанға келген соң да ауа райы жақпай індетке шалдығып, қырыла-қырыла 1952 жылы тірі қалған 1500 адам Кашмирге қоныстандық. Бізге 1951 жылы Қытайдан ауа көшкен 350 адам келіп қосылып, барлығы 1850 адам 1954-60 жылдары Түркияға келіп тұрақтадық» дейді. («Естеліктерім» Астана-2000 ж. 5-бет). Қазақ көшінің тағдыр — тауқыметі жайлы оның басықасында болған екінші бір қазақ қайраткері Дәлелхан Жаналтай ақсақал өзінің естелігінде: «Тауға таяғанда алай-дүлей боран басталды. Аттар жүре алмай ыс тие бастады. Сол жерде бір әйел өліп кетті. Көмуге шама келмеді. Мүрдесін түйеге артып жүрдік. Әр күні кемінде үш жаназа шығарылып отырды. Ыс тиген атқа көк шүберекті тұтатып иіскетсе жазылады екен. Ашыққан түйе мен жылқыға қой сойып етін жегізіп алға қарай жылжып отырдық…» («Қилы заман — қиын күндер» Алматы-2000 ж. 104-бет), депті.

Түркия үкіметі қазақтарды жатсынбай бауырына басып, ата-бабасынан бері мал шаруашылығымен айналысқан оларды сауда саттыққа және тері киімдерін тігетін кәсіби өнерге баулып, үй салып алуға тегін жер беріп, материалдық көмек көрсетіпті. Ал «мал бағамын» дейтін қазақтарға Түркияның Кония қаласы маңынан жаңадан «Алтайкөй» ауылын құрып, қораларына ондыбесті мал салып беріпті. Көшпенді өмірдің ауыр бейнетін көріп өскен осы қазақтар аз ғана жылдың ішінде адам қатарына қосылып, тіптен қайсыбірі ақшалы, жақсы жұмыстар іздеп, Түркияның Стамбүл секілді үлкен қалаларына бара бастайды. 1960 жылы Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісіміжасалған еді. Осыған орай еңбек күшіне зәру Еуропалық елдер Түркиядан жүмысшылар ала бастады. Көптеген түрікпен бірге қазақтар да Еуропа елдеріне аттанды.

Қазақ диаспорасы қалыптасуының үшінші кезеңі (1991-2000). Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Еуропаға қоныс аударған қазақтардың саны көбейді. Қазақстаннан Германияға қоныс аударған этникалық немістермен бірге аралас некедегі қазақтар да Еуропаға кетті. Біреулер жұмыс іздесе, біреулері кәсіп іздеп барды, ал жастар көбінесе оку, білім іздеп бара бастады. ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы немесе халықаралық түрлі бағдарламалар бойынша Еуропаның жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастары көп. Бүрынғы социализм кезінде Шығыс Еуропаның жоғары оку орындарында Моңғолиядан келіп, жоғары және кәсіптік білім игерген қазақ жастары көп болатын және олар Еуропада біржолата қалуды әсте ойламайтын. Бәрі де елге қайтушы еді. Соңғы жылдары Еуропаның жоғарғы оқу орындарында Қазақстаннан және Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастарының саны көбейген.

Еуропадағы қазақ қоғамдары қауымдастығының мәліметі бойынша, бүгінгі күні басым көбі Түркиядан қоныс аударған бес мыңдай қазақ Германия, Франция, Швеция, Австрия, Голландия, Ұлыбритания, Норвегия және Дания секілді оншақты елдерде өмір сүруде. Біздің есебіміз бойынша, 1991 жылдан кейін Еуропаға Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркиядан қоныс аударған және кәсіп іздеп, білім іздеп келген қазақтарды қоссақ, онда Еуропада жүрген бар қазақтың саны он мындай деп айтуымызға болады.

2011 жылы мамыр айында сол қазақтардың бір бөлегі Германияның Кельн қаласында қазақтардың Еуропаға орналасуының 50 жылдығын атап өтті. Еуропадағы қазақ қоғамдары қауымдастығының мәліметі бойынша, бүгінгі күні қазақ ең көп тұратын ел Франция. Бүгінде Францияда шамамен 2 мыңға жуық қазақ бар. Олар Париж қаласы және оның маңындағы кішірек аудандарда шоғырланған. Тек Париж қаласында 230-дай қазақ отбасы тұрады. Германияда шамамен 260 үй қазақ отбасы яғни 1500-ге жуық қазақ бар. Олардың ең көбі Кельн қаласында 160 үй қазақ отбасы, Мюнхенде 75 үй қазақ отбасы, Берлинде 30 үй қазақ отбасы, Гамбургте 10 үй қазақ отбасы және бірлі-жарымдап Дюссельдорф, Майнс секілді басқа қалаларда тұрады. Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан бүл санға кірмегенін айту жөн. Бүдан кейін қазағы көп ел, ол -Швеция. Жалпы Швецияда 100-ге тарта қазақ отбасы бар яғни 600-ге жуық қазақтар тұрады. Ең көбі Вестерос қаласында 60 отбасы, Стокгольмде 25-30 отбасы, Гетеборг қаласында 10 отбасы тұрады. Олардың көбі Весторос қаласындағы ток генераторын жасайтын зауытқа жұмыс істеуге келіп, сонда қалып қойған қазақтар. Қазақтар 1970 жылдан бастап Лондонға қоныстана бастады. Бүгінде Түркиядан көшіп келген 45 қазақ отбасы, Қазақстанның өзінен келген 50-60-қа жуық қазақ үйі бар. Оның сыртында, Қытай, Моңғолиядан келген қазақтар да бар. Барлығы қазақы мейрамдарда, ұл-қыздарының той-томалағында бас қосып тұрады. Австрияда 30 шақты қазақ отбасы тұрады. Олардың көбі ел астанасы Вена қаласында тұрады. Жеке кәсіпкерлік, сауда-саттық, такси жүргізу секілді жұмыстармен айналысады.

#Қазақ #диаспорасының #қалыптасуы