Ұлы жібек жолы (мәлімет) | туралы қазақша
Ұлы Жібек жолының тарихы, Қытай саяхатшысы Чжан Цяньның айтуынша, б.з.б. II ғасырынан басталады. Бұл жол Сиань қаласынан Ланьчжоу арқылы Дуньхуа қаласына келіп, екі тарапқа бөлінген: солтүстік және оңтүстік. Солтүстік жол -Тұрфан, Қашқар, Алматы, Қарақастек, Баласағүн, Аспара, Мерке, Құлан, Тараз, Саудакент, Құмкент, Манкент, Испиджаб (Сайрам), Жаңабазар, Шарапхана, Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалалары арқылы Мервке жетіп, ал оңтүстік жол — Хотан, Жаркент, Балх және Мервке жетіп, Ұлы Жібек жолының екі тармағы қосылған. Бұнан кейін Ұлы Жібек жолы Ниса, Гекотомпил, Акамез, Экбатан, Бағдад, Ктесифан арқылы Жерорта теңізінің шығыс жағасындағы порттарға — Антиохия, Дамаск, Тирге дейін созылып жатқан.
Б.з.б. I ғасырдың ортасында ғана Ұлы Жібек жолы тұрақты дипломатиялық және сауда жұмыстарын жүргізу дәрежесіне дейін көтерілген. Ол арқылы Шығыс пен Батыс елдері саяси, экономикалық және мәдени байланыстық орнатқан. Өз сағасын ертеден алатын Шығыс халықтарының мәдени табыстарын Батысқа, оның жетістігін Шығысқа таратқан. Б.з.б. 138 жылы Қытайдың сол кездегі императоры У-ди өзінің астанасынан бұрын белгісіз болған Батыс елдерге Чжан-Цзиян басқарған елші жіберген. Ол Батыс саяхатында 13 жыл жүріп, Орталық Азияның шығыс, оңтүстігін аралап, Ауғанстанға дейін барған. Елші барған жеріндегі елдермен байланыс келісім сөздер жүргізіп, Ұлы Жібек жолының күшейе түсуіне қолайлы әсерін тигізген. Бүнан кейін, Қытайдан жібек тиеген сауда керуендері Батысқа бірінен кейін бірі ағылып жатқан. Жібек саудасы Жерорта теңізіне дейін жеткен. Бұл Орталық Азиядағы көптеген қалаларды, тұрақты қоныстарды басып өткен.
Ұлы Жібек жолы Шығысты да, Батысты да қызықтырған. Екі жақтың көп салалы байланысын дамыту үшін, б.з. I-II ғасырларының арасында Қытайға, Қытайдан осы сауда жолымен, керуендермен бірге дипломаттар ерсілі-қарсылы жүріп жатқан. 97 жылы Қытай саяхатшысы Гань Ин Персия қолтығына дейін барған, ал 100 жылы македондық Май Тициан Ұлы Жібек жолы басталған Ланьчжоуға жеткен. Осы Ұлы жолмен Еуропа, Алдыңғы Азия, Оңтүстік Азия және Орталық Азия дипломаттары, саудагерлері, ғалымдары мен саяхатшылары жүріп жатқан. Ертедегі ортағасырдың VІІ-Х ғасырларында Ұлы Жібек жолының халықаралық мәнге жетуінің нәтижесінде Қытай, Византия, Иран және Араб елдері арасындағы байланыс дамыды және ол үздіксіз күшейіп отырды.
Ұлы Жібек жолының Византиядан Иран арқылы Орталық Азияның батысынан шығысына дейін созылып жатқан ең ұзақ бөлігі — ежелден түркі халықтарының кір жуып, кіндік кескен жері. Түркілер бұл Отанын ертеде — Тұран (Түркістан) деп атаған. Оның жалпы көлемі туралы Махмұд Қашқари: «Қазір бүкіл Түркі елінің шекарасы Абискун (Каспи) теңізінен айналып, Рұм елі мен Өзкенттен Шыңға дейін созылады. Ұзындығы сегіз мың персек (парсақ. — У.Ш.)» деп жазған.
Осы ұлан-байтақ Орталық Азияны мекендеген түркілер өз Отанының табиғи-жағырапиялық жағдайына икемделіп өмір сүрген. Жер бетіндегі басқа халықтар сияқты, түркілер отырықшылыққа қолайлы жерлерде қалалар мен тұрақты мекендер салып, отырықшы мәдениеттің іргетасын ертеден қалаған. Жартылай шөлейтті жерде жартылай отырықшы болып, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан. Гоби, Қызылқұм, Қарақұм, Бетпақдала, Үстірт сияқты жерлерде көшпелілік басымырақ болған. Сөйтіп, барлық түркілер, соның ішінде қазақтар шетінен көшпелілік өмір сүрмеген. Олар көп салалы шаруашылықты дамытып, өркениетті мәдениетке жеткен. Ол ІХ-ХІІ ғасырлардағы Афрасиабтың үрпақтары болған қарақанидтер дәуірі.
Отырықшы мәдениетінің орталықтары болған үлкенді-кішілі қалаларды түркілердің өздері ерте заманнан бастап Тұран өлкесінде салғандығы аты аңызға айналған, тегі түркі Афрасиабпен байланысты екендігі тарихи деректерде кең көлемде суреттелген. Афрасиаб туралы иран, араб, түркі тілдес әдебиеттерде кең жазылған. Шығыстың атақты ұлы ғұламаларының бірі Фирдоусидің «Шаһнамасында» Афрасиабтың аса жақсы суреттелгеніне жоғарыда тоқталғанбыз.
Енді Қазақ совет энциклопедиясындағы жібек құрты, жібек иіру, жібек көбелектері, жібек құртын өсіру, жібек мата және жібек ширатулар туралы мамандардың пікірлерін сол күйінде беруді жөн көрдік. Себебі көпшілік оқырмандар, әсіресе жастар жібек маталардың қалай дүниеге келетінін біле бермейді. Осы жібектердің негізі ертеде еалынғаны, оның дүниеге ен жайғаны туралы оқырмандардың білуі қажет. Сондықтан бұл мәселе бойынша мамандардың пікірлерімен таныссын.
Жібек
Жібек — жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Әдемі жалтырлығы, жіңішкелігі, беріктігі, оңай боялуы оның ерекшелігі болып табылады. Көп еңбек тілейтіндіктен, жібек ең қымбат талшық саналады. Өндірістік жібек негізінен асыранды тұт ағашы құртынан және жабайы емен құртынан алынады. Асыранды жібек құрты барлық жібектің 97-98%-ін береді.
Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Техникалық жібек жіп бірнеше пілләны қатар тарқату арқылы алынады да, өз бойындағы желіммен өзара берік жабысып қалады. Бұл шикі жібек деп аталады. Бүкіл шикі жібектің жартысынан көбі ширатылған жібек өндіруге жұмсалады. Жібек өнеркәсібінің өзге барлық қалдықтары қайта өңделіп, жібек жіп алынады. Жібек бұйымдар (өңделу, боялуға дейін), ширатылған жібектің кейбір түрлері (пайдалануға дейін) және өндіріс қалдықтары (иіруге дейін) сабынды яки басқа ерітіндіде қайнату арқылы желімінен ажыратылады. Қайнатылған жібек жұмсарып, жалтырап кетеді, оңай боялады. Шикі жібек қайнатылмайды, өйткені желімнен айрылған соң жеке талшықтарға ажырап, тарқату қиындап кетеді.
Жібектің механикалық қасиеттері жоғары. Тұт ағаш кұртынан алынған жібек жіп 8-10 г салмақ көтереді, 14-18%-ке созылған соң ғана үзіледі, ал дымқыл кезінде беріктігі 10-15%-ке дейін кемиді. Бұған қарағанда емен құртынан алынған жібек жіп 1,5 есе берік, созылғыштығы да 2 есе жоғары. Жібек әрі жақсы диэлектрик, 120-130° С ыстыққа төтеп береді, тек 160-170° С-та ғана ыдырай бастайды. Жібек құртын тек Шымкент облысының кейбір оңтүстік аудандары өсіреді, сондықтан республикамызда жасанды жібек өндірісі жақсы дамыған. 1970 ж. Қазақстанда 623 мың т жасанды талшық өндірілді. Жасанды жібек өндірісі 1975 ж. 1065 мың т-ға жетпек.
Жібек иіру — жібек өндіретін өнеркәсіптердегі жібек талшығы қалдыктарынан жіп дайындаудың технологиялық процесі. Оған шикізат ретінде піллә қалдықтары мен жібек жіптерінің қиымдары пайдаланылады. Жібек иіру шикізатты сұрыптау, кесу, желімсіздендіру, қопсыту, тарау, шүйкелеу және иіру процестерінен тұрады. Шикізат сапасына қарай сұрыпталады; кейбірі кесіледі; былғаныш қоспалардан, жабысқақ талшықтардан, майдан ажыратылады; қайнату арқылы желімсіздендіріледі. Қопсыту кезінде шатасқан талшықтардың арасы жазылып, талшық иіруге икемді, қысқа кесінділерге (орта есеппен 150-250 мм) бөлінеді. Тарағанда талшық жігі ашылып, ұзынынан сараланады. Тарау жұмысы тарағыш дөңгелек машинамен жүргізіледі. Бірінші машинада таралған неғұрлым қысқа талшықтар екінші машинаға жіберіледі, сөйтіп 3-4 рет, кейде одан да көп таралады. Таралудан шыққан талшықтар шайырдан арылту цехында сілкуден өтеді де, тарақтап тұту машинасына беріледі. Тарау процесі өңделіп отырған талшықтан 0,02-0,03 нөмірлі, ұзындығы 1,5-3 м лента алынғанға дейін жүргізіледі. Шүйкелеу және иіру белгілі жүйе бойынша және қысқа жүнді тарақтап иіру процесінде пайдаланылатын құралдарға ұқсас жабдықтармен жүзеге асырылады. Дайын жіп әбден тазаруы үшін екі ұшынан бірдей сыдырылады да, арнаулы білікке оралады. Жібек жіп өте жіңішке болып иіріледі. Ал тарау кезінде түскен талшықтар қайта өңделеді де, одан төмен нөмірлі жіп алынады.
Жібек көбелектері — қабыршақ қанаттылар отрядына біріктірілетін бірнеше көбелек тұқымдасының жалпы атауы. Бұған нағыз жібек көбелектері (Bombycidae), емен көбелектері (Attacidae), піллә түзгіштер (Lasiocampidae), волнянкалар (Orgyidae), т.б. жатады. Жібек көбелектерінің бір ерекшелігі, олар қуыршаққа айналар алдында арнаулы бездері бөлетін жібек жіпше — піллә түзеді. Тұт жібек көбелектері, қытай емен жібек көбелектері таза жібек алу үшін қолдан өсіріліп көбейтіледі. Жібек көбелектерінің кейбір түрлері бау-бақша және орман шаруашылыгына өте зиянды. Сақиналы жібек көбелектері (Malacosoma neustria) СССР-дің Еуропа бөлігінде, Қырымда, Кавказ-да, Сібірде, Қиыр Шығыста кең тараған. Олардың жұлдыз құрттары жеміс ағаштарының және жалпак жапырақты ағаштардың бүтақтарын, жапырақтарын, гүлдерін жеп зақымдайды. Тал жібек көбелектерінің (Leucoma salicis) жұлдыз қүртгары тал, терек, көк терек, қандыағаш, жеміс ағаштарының жапырақтарымен қоректенеді. Бұл СССР-де, оның ішінде Қазақстанда кең тараған. Қарағай жібек көбелектері (Dendrolimus pini) кылқан жапырақты ормандардың бәрінде де кездеседі. Қарағай, самырсын, шырша, бал қарағайдың зиянкесі. Сыңар жібек көбелектері (Portheteria dispar) СССР-дің Еуропа бөлігінің орталық және оңтүстік аудандарында, Кавказда, Қырымда, Орта Азияда, Қазақстанда, Сібірде таралған. Жеміс ағаштарының және жапырақты ормандардың аса қауіпті зиянкесі. Жібек көбелектерінің зиянды түрлеріне қарсы олардың биологиясы, экологиясы, т.б. ерекшеліктеріне байланысты түрлі агротехникалық, химиялық, биологиялық әдістер қолданылады.
Жібек құртын өсіру — ауыл шаруашылығының тұт және емен жібек көбелектерін өсіріп, жібек пілләларын алатын бір саласы. Тұт жібек көбелегін тұт шаруашылығында өсіреді; тұт ағашының жапырағы тұт жібек көбелегіне және оның жұлдыз құрттарына қорек болады. Түт жібек көбелегін көктемде тұт ағашында 3-5 жапырақ шыққан кезде азықтандырады. Олардың жұмыртқаларын құрғақ, таза, жарық, жылы және ауа алмасып тұратын 2-3 бөлмелі инкубаторда дамытып өсіреді. Инкубаторларды 150 жұмыртқа қорабына есептеп жасайды. Жібек құртын өсіру шаруашылығында жібек көбелегінің ұрығын және оның жұлдыз құрттарын азықтандырып, оларды іріктеп пілләларды өңдейді.
СССР-де тұт жібек көбелегін негізінен Орта Азия және Закавказьеде өсіреді. Қытайда жібек құртын өсіру өте ерте заманнан бері жүргізілуде. Дүние жүзінде жібек пілләсының 70%-і Қытай мен Жапонияда өндіріледі. СССР-де жібек құртын өсіретін совхоздар тікпе және екпе тұт шыбықтарын өсіреді, тұт жібек көбелектерін қоректендіретін колхоз питомниктері бар. Алдыңғы қатардағы колхоздарда орта есеппен 1 г жұмыртқадан 2,6-3 кг, озық звеноларда 4 кг-ға дейін піллә жиналады.
Жібек мата — табиғи, жасанды немесе синтетикалық жібек талшықтарынан тоқылған мата. Жібек матаға жібек жұтқызылған (арнаулы — табиғи яки жасанды жібек, өріс жібі — мақта) және штапель жібектер мен жасанды немесе синтетикалық талшықтардан тоқылған маталарды да жатқызады. Табиғи жібек мата тоқуда шикі жібек, жібек өріс, жібек арқау, муслин, креп, мооскреп, жібек жіптер пайдаланылады. Жасанды және синтетикалық талшықтардан мата өндіруде қолданылатын негізгі жіп түрлері мыналар: капрон талшық, вискоздан, мысаммиактан, ацетаттан, капроннан бос иірілген жіптер, муслин, креп, мооскреп, крепгранит, эпонж, түкті жіп, спираль, штапель, т.б.
Жібек матаның технологиялық көрсеткіштері жіптің жіңішкелігі мен құрылымына, тоқылым түрі мен жіптердің орналасу тығыздығына, салмағы мен қалыңдығына, мата еніне, т.б. қарай айқындалады. Жібек матаның қалыңдығы әр алуан: мыс, шикі жібектен тоқылған мата арқауының әр 10 см-інде 500×4 (4 жіп 1 есебінде) болса, өзге жібек матада 300-ден 1000 жіпке дейін бар. Жібек мата салмағы да әркалай: жеңіл 20-50 г/м2; орташа 60-150 г/м2; ауырлау 150-200 г/м2 және ауыр 200-300 г/м2, кейде 500 г/м2.
Жібек мата өндірудің технологиясы да басқа маталар өндірісі секілді, айырмашылығы әрлеу операцияларында. Жібек мата негізінен шикізатына, жасанды талшық түріне және тоқылым ерекшелігіне қарай топқа бөлінеді. Біздің елімізде өндірілетін жібек матаның 200-ден астам артикулы бар, мұның 60-ы табиғи жібектен тоқылады. Қазақстанда көбіне жасанды жібек мата өндіріледі. Қостанайда жасанды талшык заводы, жылына 19,7 млн м мата өндіретін жібек мата комбинаты бар. 9-бесжылдықта Өскемен жасанды жібек комбинаты, Семей мауыты иіру фабрикасы құрылыстары жүргізіліп жатыр. Бұлар да жасанды жібек мата шығаратын болады.
Жібек ширату — шикі жібектен яки бос ширатылған жасанды талшықтан жіп дайындаудағы технологиялық процестер жиынтығы. Алдымен шикі жібекті сабын езілген майлы суға малып, желімін жібітеді. Бұл оны жұмсартып, созылғыштығын арттыруға және электрлену мүмкіндігі мен үйкелісін кеміту үшін керек. Кейде осы жібіту үстінде жіптер сәл боялады, өйткені ол ширатылған жібек қүрамындағы жіптердің түрін және санын аныктауға мүмкіндік береді. Жібітілген жібек суы сығылып, түйіні жазылып, кептіріледі де, шөлмекке төгіледі. Шикі жібекті кейде сыдырып кедір-бүдырын тегістейді, жуандау жерлерін жіңішкертеді. Жуан жібек жіп алу үшін бірнеше шөлмекті катар қайта төгеді де, шатысып қалмас үшін шала ширатып отырады. Осыдан кейін ол ширату машинасына жіберіледі. Ширатылған жібек қайта тарқатылып кетпес үшін ыстық бумен буланады. Бұлар тоқыма және мата өндірісінде, сондай-ақ изоляциялық және хирургиялық жібек, тігін жіптері, т.б. жасауға пайдаланылады.
Әдебиеттер
1. Советская историческая энциклопедия (СИЭ). Т.ІІІ. М, 1963. С. 146.
2. Қазақ совет энциклопедиясы (ҚСЭ). II т. Алматы, 1977. 374-6.
3. Қазакстан тарихы. I т. Алматы, 1996. 492-6.
4. СИЭ. Т.ІІІ. С. 147-148.
5. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. Алматы, 1993. 17-6.
#Ұлы #жібек #жолы #мәлімет