Алғашқы ортағасырлық экономикалық өмір | туралы қазақша
Орта Азияның егіншілік аймақтарында батыс түріктері үстемдігінің орнауы Қазақстан мен Орта Азия тұрғындарының экономикалық байланыстарының нығаюына жеткізген еді. Әуелгі феодализм дәуірінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі әлеуметтік және экономикалық өрлеу негізінде Сырдария, Талас, Іле жөне Шу өңірлерінде көптеген саяси орталықтар орнады. Олардың кейбіреулері неғұрлым ертерек пайда болған егіншілік пен қолөнершілік қоныстарымен байланысты. Солардың негізінде қолөнердің, сауда мен мәдениеттің шоғырланған орталықтары — қалалар қалыптасады. Әдетте олар феодалдық орда жанында бой түзген. Мұнда бай-шонжарлардың үйлері мен сарайлары, қолөнер-сауда құрылыстары шоғырланды. Кейіннен халық қоныстанған орын айнала дуалмен қоршалды. Қала сол аудандағы феодалдардың ордасы, ал солар арқылы егіншілік аймақтың қожасы іспетті саналды.
Феодалдану процесінің күшеюіне байланысты қаланың әлеуметгік құрылымы өзгереді, оның өмірінде қала шетіндегі қолөнер мен сауда орналасқан рабтардың рөлі барған сайын артып, шахристан өзінің маңызынан айырылады. Алайда қалалар өмірінің бастапқы кезеңдерінде-ақ шахристанда шонжарлармен жөне көпестермен қатар қолөнершілер мен ұсақ саудагерлер де тұрған. VІІ-VIIІ ғасырлардың өзінде-ақ қала қолөнер мен сауданың қалыптасқан орталығы саналды. Қолөнершілер ең алдымен қала шонжарларының қажетін өтеуге жұмыс істеген.
Батыс түрік қағандығының әуелгі ортағасырлық қалалық және егіншілік мәдениеті бүдан әлдеқашан ертеректе Ұлы жібік жолы бойында — Жетісуда, Жоңғарияда, Шығыс Түркістанда, Солтүсгік Қашғарияда өздерінің сауда-егіншілік колонияларын құра бастаған соғдылардың қатысуымен жасалынады. V-VІІ ғасырларда Талас (түріктердің материалында «Арғу» елі), Шу және Іле өзеңцерінің аңғарларын соғдылардың пәрменді жаулап алуы мүнда ондаған қала мен бекініс мекендерінің жасалынуына әкеліп соқты. Соғдылардың Жетісуға, әсіресе Шу аңғарына жаппай келуі VІІ-VІІ ғасырларда орын алады. Осы кезеңдегі мекендерді археологиялық қазу жүмыстары, әсіресе қазақстандық жетекші археолог К.М.Байпақовтың басшылығымен жемісті жүргізілді. Бұл экспедиция аумағы жағынан Орта Азиядағы әуелгі ортағасырлықтардан кем түспейтін ірі қалалардың орнын тапқан.
VI-VIII ғасырларда тек Шу аңғарының өзінде соғдылар, түріктер, сириялықтар, парсылар салып, солар тұрған кем дегенде 18 ірі қала мен көптеген ұсақ мекендер болған. Жетісудің қалалары мен олардың тұрғындары туралы бірінші рет 630 жылы осы өлкеге келген қытайлық жиһанкез Сюань Цзянның жазбаларында баяндалған. Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалар негізгі үш бөліктен: ішкі қамал, шахристан және рабадтан (қаланың қолөнер-сауда шеті) тұратын. Әдетте қаланың алғашқы орталығы замок болатын, ол біртіндеп билеушінің сарайы орналасқан ішкі қамалға айналған.
Жетісудың оңтүстік-батысындағы қалаларда ішкі қамал және шахристанға іргелес ұзын дуалдармен қоршалған алаң болған, оның көлемі кейде ондаған шаршы километрге жетеді екен Құлан, Ақтөбе (Ақыртөбе), Мирки (Мерке), Жуантөбе), қала маңындағы тұрғындардың егістігі дуалммен қоршалған. Бұл қалалар Қырғыз жотасынан аққан өзендер бойына салынып, өркендеді. Олардың бәрі маңызды сауда немесе стратегиялық жағдайға ие болған. Суяб пен Тараз ірі қала саналды.
Іле өңіріндегі қалалардың бұрыштары мен айнала шеті мұнаралы дуалмен қоршалған, сәл көтеріңкі тік бұрышты алаң бітімдес болып келеді. Оларды жергілікті халық «төрткүл», «төрт бұрыш» және «қора» деп атаған. Бұл Іле өңірінің табиғи-географиялық жағдайында мал өсіру үшін маңызды рөл атқарған кешенді егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына қолайлы болуына байланысты. Іле алқабы Орта Азияның ертедегі қала орталықтарынан жырақ жатты, олар феодал шонжарлардың ордалары негізінде және тұрақты қыстау орындарында қалыптасты. Егіншілікпен қатар қолөнер мен сауда дамыды.
Қалалар пайда болған кезінен бастап оларда тұратын халықтың этникалық құрамы алуан түрлі болды. Үйсіндер шаруашылығында тұрақты отырықшылық дәстүрі бар егіншілік маңызды рөл атқарған, әрі құрылыс жұмысы дамыған Отырар, Қаратау және Жетіасар мәдениетіне жататын тайпалар бар еді.
Мұндағы қалалар Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті түркі халықтарының шаруашылық-мәдени дәстүрлерінің синтезі негізінде саяси және экономикалық орталықтар ретінде қалыптасып, өсті.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. -368 б.
#Алғашқы #ортағасырлық #экономикалық #өмір