20-жылдар басындағы экономикадағы саяси жағдай туралы қазақша
Кеңес елінің ішкі жағдайы өте ауыр еді. Бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстарының, шетел әскери интервенциясының салдарынан халық шаруашылығы құлдырады: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік терең күйзеліске ұшырады; халық күнделікті түтынатын тауарлар мен азық-түліктің тапшылығына душар болды.
Жалпы елді жайлаған жоқшылық Қазақстанға да тән еді, оның мардымсыз отарлық экономикасы соғыстан кейін аса ауыр жағдайға ұшырады, онсыз да нашар өнеркәсіп пен көлік соғыс қимылдарынан көп зардап шекті; 1920 жылы ірі өнеркәсіптің жалпы өнім көлемі соғыс алдындағы 1913 жылға қарағанда екі есе қысқарды, өндірістік жабдықтар, мұнай өндіру — 4 есе азайса, ал мыс және полиметалл рудаларын шығару тіпті тоқтап қалды. Көптеген шахталар мен рудниктерді су алып кеткеннен кейін бір жағы соғыс қимылдарының барысында электр стансалардың қиратылуына байланысты электр қуатының жоқтығынан жұмыс істемей тоқтап тұрды.
Көліктегі, әсіресе темір жолдағы жағдай өте-мөте қатерлі болды, паровоздардың жартысынан көбі, вагондардың 90 пайызы күрделі жөндеуді қажет етті.
Ауыл шаруашылығы да құлдырады, егіс көлемі 3 есеге жуық, мал басы 29,9 миллионнан 16,3 миллионға дейін кеміді. 1920-1921 жылдардың қысында елді жайлаған жұт шаруашылық күйзелісті тереңдете түсті.
Партия өзінің X съезінде (1921 жылғы наурыз) елде қалыптасқан өткір жағдайға жан-жақты терең талдау жасап, бірден-бір дұрыс шешім жасады. Ол азық-түлік салғыртын азық-түлік салықпен алмастыру, «әскери коммунизм» саясатынан адамдардың ынталылығын арттыратын шаруашылық есепке негізделген жаңа экономикалық саясатқа көшу еді.
Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшу 1921 жылғы наурыз-сәуір айларында жүргізіліп, оның барысында жерді жалға алуға және беруге, жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат етілді. Ауыл шаруашылық несие, тұтыну кооперативтерін дамыту шаралары қолдау тауып отырды. Азамат соғысы кезінде жүзеге асырылған еңбек түрінде атқарылатын міндет пен еңбекке мобилизациялау жойылды, ұсақ кәсіпорындар жалға берілді, жеке адамдар да, сондай-ақ ұжымдар да солардың иесі болып алды.
Қазақ АКСР ОАК қабылдаған қаулыда азық-түлік салығының көлемі салғыртқа қарағанда екі есеге жуық аз болды. Мәселен 1920 жылы Жетісу және Сырдария облыстарында астық салғыртының көлемі 10,4 млн. пұт болса, 1921 жылғы салық — 6 млн. пұтқа жуық. 1921 жылғы мамыр-маусымда болып өткен Кеңестердің ояздық съездері азық-түлік салығына көшуді мақұлдады.
Шаруалардың көңіл-күйінде терең өзгерістер орын алды, жер-жерде егіс комитеттері құрылып, олар тұқым және ауыл шаруашылық құрал-саймандарын бөлумен шұғылданды, әрі батырақтар мен кедейлерге, қызыл әскерлер мен соғыс мүгедектерінің отбасыларына көмектесіп отырды. 1921 жылғы көктемнің өзінде-ақ егіс көлемі ұлғайды. Мәселен Орал губерниясында егіс көлемі 1920 жылмен салыстырғанда үштен бір есе дерлік өсті.
Алайда Қазақстанды тұтас алғанда егіс көлемі ұлғаймады, шаруаларда тұқым, құрал-сайман, күш-көлік жетіспеді. Жығылғанға жұдырық дегендей, 1921 жылы жазда Поволжьедегі сияқты Қазақстан да қатерлі табиғат апатына -қуаңшылыққа душар болды, батыс облыстарда тұтастай дерлік егін күйіп кетті, жем-шөп болмай мал қырыла бастады. Ауыртпалық зор көлемде болды, әсіресе көшпелі аудандарға қуаңшылық салдары ерекше ауыр тиді, ел ішінде ашаршылық басталды. Бүкіл халық ашаршылықпен күреске көтерілді.
Қазақстанның астық шықпай қалған губернияларының халқы азық-түлік салығынан босатылды. Селолар мен ауылдарда арнаулы учаскелерге егін егіліп, олардан алынған өнім ашыққандарға көмек қорына арналды. Қазақтар бұл қорға мыңдаған ірі қара малын, көп астық өткізді. Семей және Ақмола губернияларында жиналған астық, ет және басқа да өнімдер республиканың егін шықпай қалған аудандарына ғана емес, сонымен бірге елдің жұмысшы орталықтарына да — Мәскеуге, Петроградқа, Самараға, Қазанға, Саратовқа жіберілді. Кеңес мемлекеті қуаңшылық пен жұт зардаптарын жеңіп шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жүзеге асырды.
1921 жылғы 2 ақпанда Қазақ АКСР ОАК кезінде Көшіқон басқармасы қазақтардан тартып алған, бірақ 1917 жылдың ақпанына қарай пайдаланылмаған учаскелерді, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және кулактардың еңбек нормасынан тыс заңсыз иеленген жерлерді қазақ еңбекшілеріне қайтарып беру туралы декрет қабылдады. Патша өкіметі казак әскерлері меншігіне деп алған (Орал өзенінің сол жақ жағалауы мен Ертіс бойындағы ені он шақырымдық алқап) егістік пен шабындықтарды қазақ еңбекшілеріне қайтарып беру туралы сол жылы 19 сәуірде жаңа декрет қабылданды. Декрет жарық көрген кезде мұндағы қазақтардың және орыс шаруаларының осы аудандар үшін әдеттегі нормалар шегінде далалық жер үлестеріне құқығы сақталды.
Осымен бір мезгілде Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда жер-су реформасы жүргізілді. Қазақ кедейлерінің көпшілігі байларға, кулактарға, ауқатты казактарға тәуелді болатын. Кедейлер мен батырақтардың шаруашылығын көтеру үшін ең алдымен оларды жермен қамтамасыз ету, жер-су жөніндегі құқықтарын орыс шаруаларымен теңестіру, казактар мен кулактардың артықшылықтарын жою қажет болды. 1921 жылы қазақ, қырғыз және ұйғыр еңбекшілеріне олардан 1916 жылы тартып алынған 460 мың десятинадан астам жер қайтарылып берілді.
1921 жылы 20-31 қаңтарда Әулиеатада өткен Түркістан қазақ және қырғыз кедейлерінің съезі еңбекшілерді жер-су реформасын жүргізуге белсене қатысуға шақырды және «Қосшы» одағын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. Кедей шаруалардың осы бір бұқаралық ұйымын ұйымдастыруда Т. Рысқұлов, С. Асфендияров және басқалар белсенділік көрсетті. Мұның өзі еңбекшілер өміріндегі маңызы зор оқиға болды.
Жерді қайтадан бөлу кедейлер мен батырақтардың белсене араласуымен өтті, оларға жер, мал және құрал-сайман берілді. Қазақ шаруалары бұрын өздерінен тартып алынған жайылымдықтарды, егістік учаскелерді, мал айдайтын жолдарды қайтарып алды. Қазақ еңбекшілеріне жерлерін қайтарып беру кулактардың, казак ұлықтарының қасырасқан жағдайында жүргізілді, олар өздері тонап алған мүліктерді, астықты, құрал-саймандарды жойды, жасырды, жер комиссияларының, Қосшы одағының белсенді қызметкерлерін өлтірді.
Сонымен 20-жылдардың басындағы аграрлық реформалар қазақ кедейлері мен батырақтарының ондаған мың шаруашылықтарын жермен қамтамасыз етті, кіріптарлық, тәуелділіктен, жалгерлік азаптан құтқарды, олардың орташа шаруаларға айналуына, отырықшылыққа көшуіне және егіншілікпен айналасуына жағдай жасады. Реформалар қазақ халқының іс жүзіндегі теңсіздігін жою жолындағы маңызды қадам болды. Осылардың бәрі ауыл шаруашылығындағы жағдайға оң әсерін тигізді, өлкенің көптеген дәстүрлі астықты аудандары 1913 жылғы деңгейіне көтерілді. Егер 1922 жылы бар болғаны 46 млн. пұт астық жиналса, бұл сан 1925 жылы 92 млн-ға жетті. Мал шаруашылығы да терең дағдарыстан шыға бастады. 1925 жылы мал басы 1922 жылға қарағанда екі есе өсті.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.
#20жылдар #басындағы #экономикадағы #саяси #жағдай