Ежелгі қазақ тайпалары бірігуінің аяқталуы туралы қазақша

0

Ежелгі қазақ тайпаларының бір халыққа саяси бірігу үрдісі күрделі және ұзақ болды және ең алдымен, қазақ этносының қалыптасуымен байланысты. Этникалық туыстық тайпалардың бірігуіне тұрақты тенденциясына қарамастан осы үрдіс олардың экономикалық бірікпеушілігімен, күшті тайпалардың үстемдігімен және басқа факторлармен тежелді. Аяқталу кезеңінде көнеқазақ тайпаларының бірігу үрдісі Ақ Ордада жанданды. Ақ Орда — Оңтүстік Орал мен Алтайдан Алакөлге дейінгі, Сырдариядан Тоболға дейінгі ұлан-байтақ аймақты алған феодалдық мемлекет. Бұл ежелгі үйсіндердің, қаңлылардың, оғыздардың, қыпшақтардың, арғындардың, алшындардың және басқа тайпалардың жерлері болған еді. Ақ Орда атауының шығуы далада әдемі шашыраңқы орналасқан ақ киізден жасалған киіз үйлермен байланысты.

Қазақ халқының мемлекеттілігінің пайда болу үрдісі XIII ғасырда Шығыс Дешт-Қыпшақта, яғни Ақ Ордада басталды. «Алты арыс алаш елі» — «Алаш» одағының алты ірі бірлестігі Ақ Орданың негізгі халқы болды.

Шыңғыс ханның көзі тірісінде Дешті-Қыпшақ Сарайда орталығы болған оң қанатқа және Сығанақта орталығы болған сол қанатқа бөлінген. Оң қанат басшыларының бірі үйсін Майқы би болды. Дешті-Қыпшақ елі ұлыс деп аталды, ұлыс өз алдына ел, ел аймақтарға, аймақ бойға, бой руға бөлінді. XIII ғ. 20 ж. Қазақ жерлері Шыңғыс ханның ұлдары арасында ұлыстарға бөлінді. Дешті-Қыпшақ жерлері Жошы хан ұлысы деп аталды. Ұлыста нәтижесінде қазақ халқының өзегін құраған барлық тайпалар өмір сүрді, дулаттармен Оңтүстік Жетісу және Сырдария орта ағысы ауданы Ташкенттен солтүстікке қарай Ұлы жүздің сіргелі, шанышқалы (қатаған), қаңлы тайпалары Шағатай ұлысына кірді, Жоңғар Алатауы, Алакөл көлі, Тарбағатай таулары Үгедей ұлысына берілді. Жошы хан өлген соң оның ұлысының шығыс бөлігі — Ақ Орда үлкен ұлы Орда-Еженге (Алшынға). Бұған дейін оған Шыңғыс ханның үлкен немересі ретінде Шыңғыс хан алғаш рет жоғарғы хан болып сайланған (1206 ж.) Шыңғыс жотасы тауларында бірінші ордасы мұраға берілді. Шыңғыс ханның кезінде Алтын ордада Ақ Орда және Көк Орда бөлінді.

Ақ Орда жеке мемлекеттік құрылым ретінде Алтын Ордадан Жошы ханның қазасынан кейін бөлініп шықты. Оның негізін қалаушы және бірінші билеушісі Орда-Ежен болды.

1227 жылы Жошы ханның мұрагері оның екінші ұлы Бату (Батый) болды. Ол Дешті-Қыпшақ жерін үш еншіге бөлді: Алтын орда, мұнда ұлұстың жоғарғы билігі орналасты, астанасы — Сарай. Бату Жайықтан Қырымға дейінгі жерлерді өзіне және ағасы Тоқай Темірге қалдырды; Жайықтан Ырғызға дейінгі жерлер Көк Орда Шайбанидың үлесті иелігі болды; Ырғыз бен Оңтүстік Оралдан Ертіс пен Алтайға дейінгі ұлыстың шығыс бөлігі — Ақ Орда Жошы ханның үлкен ұлы Орда-Еженнің иелігі болды. Шыңғыс ханның көзі тірісінде Орда-Еженнің Ертістен Үгедейге тиесілі болған шығыс жағалауында Ала-Қимақ ордасы орналасқан Алакөлге дейінгі үлесті жері болған еді. Алтын Орда құлаған кезеңде Әбілқайыр хан Ақ Орданы Көк Ордамен 1430 ж. бастап 1468 ж. дейін өмір сүрген бір ордаға біріктірді. Дереккөздерде Батый Ор жэне Іле өзендері жағалаулары ағасы Шайбани ханға жайлау болсын деп, оған өз иеліктері мен үлкен ағасы Орда-Еженнің иеліктері арасындағы жерлерді сыйға тартқаны айтылған. Жайықтан және Орал тауларынан шығысқа қарай Ырғызға, Арал жағалауларына және Төменгі Сырдарияға дейін олардың қыстаулар болды. Көк Ордаға құсшы, қарлұқ, бұйрық, тортурук тайпалары, наймандардың бөлігі кірді.

Ескендір анонимі бойынша сол қанатты, яғни Тюмень шекарасынан, Жент және Баршынкент маңайынан бастап жерлерді Ақ Орда сұлтандары Орда-Еженнің шөбересі Баян әкенің ұрпақтарына берді. Ақ Орданың негізгі халқы «Алты алаш» одағын құрайтын тайпалар болды. Қазақ сұлтандары династиясының негізін салушы Жошы ханның үлкен ұлы Орда-Ежен еді. Орда-Ежен және қазақ ханы Тәуке (XVII ғ.) арасында Ақ Орда (ХІІІ-ХV ғғ.) және Қазақ хандығы (ХV-ХVІІ ғғ.) билеушілерінің 16 ұрпағы бар.

Ақ Орда алғашқыда Шыңғыс хан ордасы орналасқан Шыңғыс жотасы тауларында құрылды. XIII ғасырдың ортасына қарай Ақ Орда орталығы Сығанаққа ауысты. Сығанақтан алыс емес жерде Сауран, Отырар, Жент және т.б. сырдариялық қалалар орналасты. Қала мәдениеті бесігі Сырдарияда бірнеше ғасырдан соң көнеқазақ тайпаларының бір халыққа бірігуіне алғышарттар пайда болды. Бұл тайпалардың мәдени және экономикалық дамуы үшін қолайлы аймақ еді. Мұнда қыстаулар мен малға арналған жайлаулар болды, егіншілік дамыды. Орталық және Солтүстік Қазақстанда Сарысу, Тобыл, Ертіс өзендері жағалауларында жайлау болды, онда оңтүстіктен тайпалар көшіп келіп отырды. Қыстаулардың оңтүстікте және жайлаулардың солтүстікте болуы мал шаруашылығы дамуы үшін шешуші фактор болып табылды. XIII ғасырдың ортасында моңғол шапқыншылығынан соң Дешті-Қыпшақта мал шаруашылығы, егіншілік, тау-кен ісі және металлургия, көлөнер өнеркәсібі қалпына келе бастады, бұл үрдістер халықтың жалпы жаңаруына куәлік етеді.

Сырдария, Талас, Шу қалалары, Дешті-Қыпшақ арқылы Еуропадан Азияға керуен жолдары өтті. Керуен саудасы қалалардың қалпына келуіне және олардың ірі сауда орталықтарына айналуына жәрдемдесті. Ақ Орда басынан бастап Алтын Ордадан тәуелсіз. Саяси тәуелсіздік сыртқы байланыстарды дұрыстаған соң пайда болды. Шағатай мен Жошы хан ұлыстарының Хулагид мемлекетімен үнемі жауласуына қарамастан Ақ Орда билеушілері хулагидтік Иранмен оған әскери күшпен көмектесіп, дипломатиялық байланыстар орнатады. Сөйтіп, 1253 ж. Ақ Орда Орда-Еженнің екінші ұлы Күле басшылығымен үлкен әскерді Хулагудың Иран мен Бағдатқа жорығына қатысу үшін жібереді. Оның бағыты Шағатай жерлері арқылы емес, Хорезм арқылы өтті. Мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар Орда-Ежен немересі Қойшы және шөбересі Баян билеушілері тұсында күшее түседі. Қойшы Хулагид билеушісі Арғын ханмен достық қатынаста болды және Газан ханның тарихи аңыздарының білгірі еді. Өзбек ханның замандасы Ерден (Ерзен) Ақ Орданың көрнекті билеушісі болды. Оның билік еткен заманында Отырарда, Сайранда, Сығанақта, Жентте және Баршынкентте медресе, мешіттер, қоғамдық құрылыстар салынған. Ерден 25 жыл (1320-1345) билік етті, оның кесенесі Сығанақта.

Ақ Орданың ең қуатты билеушісі Шынтайдың ұлы Орыс хан еді. Ол 1377 жылға дейін билікте болды. Орыс хан билігі тұсында Ақ Орда оңтүстікте Шағатай ұлысына және Темір мемлекетіне, батыста — Алтын Ордаға төтеп бере алатын, күшті мемлекетке айналды. Орыс хан және Барақ тұсында Ақ Орда ұлысының негізгі әскери күшін көрнекті бастаушылары, олардың бірі Шор, болған арғындар қаракесектер құрады. Қаракесектер арасында «Қаракесек шормыз, құдайдан да зормыз» мәтелі тарады.

Шағатай және Жошы ұлыстарының құлауы Орыс хан мен Темірдің, Орыс хан үрпақтары Барақ пен тимуридтердің, Жәнібек пен Керей және шайбанидтердің арасында сырдария қалалары үшін қиян-кескі ұрысқа алып келді. Барақ Ұлықбекке жазған хатында өз құқықтарынан қайтпай: «Сығанақ жайылымдары заң және әдет құқықтары бойынша маған тиесілі, себебі менің атам Орыс хан Сығанақта құрылыстар тұрғызды», — деп жазды.

Бірлестіктің ерте кезеңдерінде тайпалардың этникалық жақындығы отанды қорғауға жауынгерлік дайын болу символы болған «үш оқ», «жүз», «мың», «алаш» формасындағы бірлестіктердің пайда болуына әкелді.

«Қазақ» түркі сөзі ежелден белгілі, сол уақыттарда ол жылқы өсруші, шабандоз деген мағына берді. X ғасырдың араб географтары өздерін «қасақ» деп атаған солтүстік Каспий жазықтығындағы халық туралы айтады. Моисей Хоренскийдің айтуынша, «қасақтар» б.э.д. 216-197 жж. Валарис иран патшасы уақытында Солтүстік Кавказда өмір сүрді. Бұған алғаш рет Маркварт және географ Вилушти назар аударды (Грузия географиясы, Тифлис, 1904, 52).

Уақыт өте келе «қазақ» сөзі «еркін адам» деп аударыла бастады. Бұл сөзде сол кездері этникалық емес, әлеуметтік, тіпті саяси мәні болды. Уәлиханов Шайбани-намеге сілтеме жасап, «қазақ атауының… сол уақытта құрметті мәні болды және рухтың көтеріңкілігін, ақылдылықты білдірді — еуропалық серілікке сәйкес келді» деп жазды (Жинақ. шығарм. А. 1961, т.І, 207). Қазақ деп биліктен жасырыну керек болғандарды атау: саяси қуғындалушылар, билікке таласта жолы болмаған ақсүйек өкілдері. Орда Базарда ақсүйек өкілдерінің көбісі тығылды. Мұнда Дешті-Қыпшаққа қашқан Самарқанд билеушісі, Темірдің шөбересі Әбусаид сұлтан уақытша пана тапты. «Қазақ» деп өздерін Орыс хан династиясынан шыққан Айса ұлы Амет, Тоқтамыспен соғысқан Әбдразақ Самарканди атады. Осыған байланысты Ш.Уәлиханов былай деп жазды: «Қырғыз даласы өткен жүзжылдықта ғана емес, бүгінгі күні де ортаазиялық рефюжьеге пана болып отыр; өткен ғасырда мұнда әлемнің төрт бұрышынан келген өкпесі барлар және ренжігендер жасырынды… қарапайым халықтан шыққан көптеген қашқындардан басқа мұнда аристократиялық шығу тегі бар адамдар да жиі жасырынған». «Көшпелі дала адамы өздерінің қала туысқан-көршілері, өзбектер мен ноғайлардан ерекшелену үшін қазақ — еркін дала адамы, көшпелі адамы атымен мақтанды», — деп жазды Уәлиханов (I, 207). В.В.Радлов қырғыз-қайсақтар [қазақтар] мінезінің мына ерекшеліктерін атап өтті: қиялдау шапшаңдығы, сөзшеңдік, әскери және батырлық рух.

Қазақтардың шығу тегі мәселелерімен айналысқан Қадырғали Жалаири қазақ халқының қосылу үрдісі Орыс хан және оның ұрпақтары Жәнібек пен Керейдің билеу уақыттары арасындағы кезенде болды деп жазды. Қазақ ағартушысы Урантай қазақ халқы қалыптасу кезінде бастылары Жайық және төменгі Еділ жағалауында өмір сүрген қыпшақтар болды деп жазған (Урантай, 9).

Г.Н.Потанин Томск мұрағатында сақталған өзінің «Қазақтың тегі» қолжазбаларында былай деп жазды: «Біздің қазақтардың түп тамыры ұшық тайпасының түркі-оғыздары. Олар бір жағынан көшпелі, басқа жағынан отырықшы халық еді» (Потаниннің Томск мұрағаты).

ХІII-ХІV ғғ. Дешті-Қыпшақта тайпаларды бір этносқа біріктіру және мемлекеттілікті қалыптастыру басталды. Ш.Уәлиханов та «қазақ халқы» түсінігі XIV ғасырда Айсаұлы Әмет тұсында болғанын байқаған. Бұл ноғай мырзасы Қошымның Иван Васильевич мәскеу патшасына берген хабарламасынан белгілі: ол «барақ хандығы алдымен, қазақ киіз үйінде жүрді» (Ежелгі-ресей Вивлиофика жалғасы, т.VІІІ, 46-47). Бабурнамада «қазақ» сөзіне этникалық талдау жасалады.

Феодалдық мемлекеттің қалыптасуы және Қазақ хандығының құрылуы барысында «қазақ» сөзі этникалық мазмұнмен толығады. Этногенез процесі ежелгі заманда тайпалардың аумақтық көршілес болуынан басталды және бұл этникалық негізді туындатты. Құлдырауға әкеліп соққан тайпааралық шиеленістер кезеңі болып өтті. Тарихи уақыт этникалық туыстықты қайрай түсті, ақыр соңында өздерін біртұтас халық деп сезіну орын алды. Біртұтас далалық этностың құрылу үрдісінің бастауы ежелгі малшыларға тиесілі, олар: сақтар, ғұндар, үйсіндер және қаңлылар. Тайпалар жақындасуының алғышарты Қытаймен көршілес болған және жер дауы бар шу және сырдария тайпаларының арасында пайда болды. Мұнда этникалық проблемалардың түйінінде саяси негіз қалыптасты. Көшпелі мал шаруашылығы көнеқазақ тайпалары өмірінің негізін құрады. Малшылықпен айналысу бір өмір салтын, салт-дәстүрлердің жақындығын, психофизикалық мінездемесін және оларға сәйкес дала тұрғыны тәртібін қалыптастыруға себепші болды.

Дешті-Қыпшақтың көшпенді тайпалары өзбек-қазақ деген жинақ атауға ие болған. Қазақ этносының қалыптасуы этникалық үрдістердің дамуы, көшпенді өзбек халқынан бөлек екенін сезінуі негізінде жүрді. Әбілхайыр Шығыс Дешті-Қыпшақтың бейбіт және жасампаз ханы болған жоқ, ол жергілікті халықты аяусыз қанаған тиран және тонаушы болды. Осының барлығы жай халықта оған деген жек көрушілікті туғызды.

XV ғ. ортасында Алтын Орда мен Шағатай ұлысының құлауы кезеңінде, Өтеміс қажы мен Әбілғазы жазғандай, осылайша барлығын төмендетіп, шейбанидтерді асқақтатуға ұмтылған. Көшпелі халықтар арасында Әбілхайыр ханға қарсы көтеріліс бұрқ етті. Көтеріліс салдарынан көшпелі өзбектер мен қазақтар арасына жік түседі. Осыдан кейін тарихи оқиғалардың қарқынды дамуы байқалады. Шейбанидтер көшпелі өзбектермен Дешті-Қыпшақтан Мәуереннахрға кетеді. Осы оқиғалардың барлығының нәтижесі бұрыннан пісіп жетілген жаңа этникалық бірлестік — қазақ халқының пайда болуына алып келді.

Сарысу өз. төменгі ағыс алқабында, оның сол жағалауында, ежелгі Белен ана және Алатеге (Аңыздар бойынша Алаша хан атымен байланысты) ежелгі қамалдарының үйінділері орналасқан ауданда қазақ халқы үшін тарихи жер бар. Мұнда 1467 жылы Тамғалы таста синклит болды, оған Әбілқайыр ханның зорлығына бағынғысы келмеген үш жүздің ірі тайпалары қатысты: Ұлы жүзден — үйсіндер, Орта жүзден -арғындар, қаракесектер, қыпшақтар мен наймандар, Кіші жүзден — алшындар мен табындар. Үш жүз өкілдері Тамғалы тас жартасына араб қарпімен қыпшақ тілінде бірыңғай қазақ халқына тайпалардың бірігуі туралы жазған. Тамғалы тас жартасын А.И.Шренк қарап шығып сипаттады (КСРО БА мұрағаты). XX ғ. Атбасар уезінің аудармашысы Х.Бекхожин, содан соң А.Кузнецов көшіріп алды. Ол туралы Қ.И.Сәтбаев, В.А.Селевин және осы жолдардың авторы жазған).

Бұл «қазақ» атты халықты ресми жариялау орны. Бірыңғай қазақ халқына тайпалардың бірігуі туралы жазбада: «Қыпшақтар, наймандар, алшындар, арғындар (қаракесектер), үйсіндер мен табындар, осы алтауына амандық бере гөр» делінген. Әрбір рудың таңбасы бар. Жазбада Ақ Орданың Орыс ханы, Құйыршық, Барақ хан аттарын көруге болады. Халықта осы орынды «Қазақтың ұран шақырып, қазақ біріккен жері» дейді.

Жаңа мемлекет қалыптасуы қарсаңында қазақ халқының этникалық қауымының аяқталу кезеңінде пайда болуы уақыт талабы еді. Тарихи үрдісті талдау Қазақ хадығының қалыптасуы бұл Ақ Орда билеушілерінің реттелген қызметінің нәтижесі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.

#Ежелгі #қазақ #тайпалары #бірігуінің #аяқталуы