Алматы облысында жалғызбасты кейуананы тонаған қылмыстық топ ұсталды

0

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері бұған дейін сотты болған үш азаматты ұрлық жасап, жалғызбасты зейнеткердің үйіне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен ұстады.

Қылмыстық топ қараша айында өздерінің жымысқы әрекеттерін Қаратал ауданында іске асырған. Дегенмен, жергілікті тәртіп сақшылары оларды құрықтады.

«Топ құрамында 46-55 жас аралығындағы үш азамат болған. Барлығы да –бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда олар Үштөбе қаласында тіркелген 10 ұрлыққа және аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың біріндегі қарақшылыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдіктілерді еліміздің әр өңірінен ұстағаны анықталды. Олардың бірі – Үштөбе қаласында ұсталса, қалғандары Алматы және Шымкент қалаларында қолға түскен.

«Ұсталған күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы әлі күнге тексерілуде. Дәлелденген деректер бойынша келтірілген материалдық шығын 2 миллионға жуықтады. Оның 1 миллион 300 мың теңгеден астамы – 26 қарашада жалғызбасты зейнеткердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылдың материалдық шығыны. Қарақшылар егде жастағы кейуананы пышақпен қорқытып, скотчпен байлап тастаған. Оның үйінен зейнетақы жинағын, киімдері мен зергерлік бұйымдарын алып кеткен», — дейді облыстық полиция өкілдері.

Тіркелген деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 192-баптары бойынша жалғасуда.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ