Мемлекет басшысының ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуі

0

Құрметті отандастар!

Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады.

Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды.

Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады.

Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси  өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды.

Бірінші. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық  заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.

Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.

Екінші. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.

Үшінші. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады.

Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

 

***

 

Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған күрделі экономикалық дағдарыс көптеген елді қамтыды, сондай-ақ, бүкіл әлемдік экономикаға кері әсер етті.

Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азаматтарымыздың әлеуметтік игілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр.

Осы басымдықтар жөнінде менің Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда айтылды.

Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді.

Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады.

Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық.

Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.